Kyzylorda-news.kz. Ел экономикасының дамуына айрықша үлес қосатын – білім саласы. Осы саланың қарыштап дамуы арқылы өзге салалардың алдыға ілгерілеуге мүмкіндігі болады.
Жалпы, аймақтың білім саласы «Білімді ұлт. Сапалы білім беру» ұлттық жобасы және ҚР мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрсетілген индикаторларға қол жеткізу бағытында жүзеге асуда.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің қолдауы арқылы Сыр өңірінде тың жобалар жүзеге асуда. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндады.
Биыл жалпы білім саласының бюджеті - 278 млрд теңгені құрады. Оның 245 млрд теңгесі білім басқармасына, 33 млрд 100 млн теңге - білім нысандарының құрылысына бөлінген қаржы. Бұл өткен жылмен салыстырғанда орташа есеппен 19%-ға артық. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларды тегін тамақпен қамтамасыз ету жоспарлануда. Осы ретте 8 мыңнан астам тәрбиеленушінің тегін тамағына қажетті 1,6 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды.
Балабақшаларға жолдамаларды есепке алудың, ата-аналарға 4 балабақшаға дейін таңдау құқығын бере отырып, кезекке тұру мен оны берудің республикалық бірыңғай цифрлық базасы жасақталуда, - деді Асқарбек Темірбекұлы.
Бүгінгі күні мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 6 160 педагог жұмыс істейді. Оның жоғары білімдісі – 4 424, арнаулы орта білімі бар – 1 736.