Kyzylorda-news.kz. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-те Қазақстандағы жоғары оқу орындарын әрі қарай дамытуға қатысты жазба жариялады.  

Министр президент Қасым-Жомарт Тоқаев министрлікке жоғары оқу орындарының академиялық дербестігін одан әрі кеңейтуді тапсырғанын айтып өтті. 2018 жылы жоғары оқу орындарына академиялық және басқарушылық еркіндік беретін заң қабылданды.

“Осы заңды қабылдау қаншалықты маңызды қадам болғанын жақсы білемін. Қазір осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыру қажеттігін байқап отырмыз. Министрліктің қандай ұсыныстары бар? Жоғары білім беру жүйесін одан әрі жаңғыртуға және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болатын “Жоғары білім беруді дамытудың дағдарысқа қарсы жоспары” әзірленді”, – деді министр.

Сонымен қатар Аймағамбетов білім беруге бизнес пен өндіріс өкілдерін, шетелдік оқытушыларды тарту, өңіраралық деңгейде маман алмасуын жүйелеудің маңызды екенін айтып өтті.

“Осыған байланысты дәрежелілікке, штатқа, біліктілікті арттыруға және базалық білім беруге қатысты талаптарды қайта қарау қажет деп санаймын. Бұл өлшемдерді жою міндеті тұрған жоқ, дегенмен олар жоғары оқу орындарының еркіндігін шектемеуі керек”, – деп жазды Аймағамбетов Facebook парақшасында.

Сонымен қатар дәстүрлі күндізгі оқумен үйлесетін қашықтан және аралас оқыту түрлерін енгізу мәселесін көтерді. Нақты қай форматта оқитынын студенттің өзі таңдайтын болады.

Сондай-ақ, министр ОЖСБ-ны жоюды ұсынды.

“Бақылаудың бұл түрі ешқашан аса тиімді болған емес. Академиялық дербестігі кеңейген әрбір ЖОО өз білім беру бағдарламасын дайындағанда ОЖСБ-ның іс жүзінде қажеттілігі жоқ”, – деді ол.

Министрдің ұсыныстары қатарында докторанттардың оқудың бірінші семестрінде диссертацияларының тақырыбын бекітуі ғылыми зерттеудің бағытын анықтауда қолайсыздық тудыратынын, докторант пен оның жетекшісі диссертация тақырыбын бекіту мерзімін жұмыстың пысықталуына қарай өздері анықтауы тиіс екенін айтты.

“Қазір БҒМ мен жоғары оқу орындарының міндеті – білім беру сапасының жоғары деңгейін қамтамасыз етіп қана қоймай, білім алушылардың қаржылық жүктемесін де азайту”, – деп атап өтті министр.

Тағы да оқыңыз: