Kyzylorda-news.kz. Арғынбек ата әулетінен шыққан Қызылбай Оңғарбаев жас кезінен қойшы болып, адал еңбек еткен. Ауыл құрметтісі атанған азамат еңбектің ащы тері мен тәтті жемісінің қадірін біліп өсті.

      Келешек ұстаз 1961 жылы қазіргі Қоғалыкөл ауылында дүниеге келген. Білімге құштар азамат ауылдағы орта мектепті бітіріп, Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа физика-математика факультетіне оқуға түсті. Институтты ойдағыдай бітірген соң алғашқы еңбек жолын 1984 жылы №147 мектепке физика-математика пәнінің мұғалімі болып бастайды. Ұзақ жылғы ұстаздық қызметінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары да болды. Ардақты ұстаз 2003 жылдан бері қазіргі кезге дейін директордың бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары болып абыройлы еңбек етіп келеді.

      Мектеп оқушыларына білім мен тәрбие берудегі үздіксіз еңбегінің арқасында біршама марапат иесі атанып, абыройы үстем болды. Ауыл тарихы мен дамуында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ұстаз әркез қоғамдық жұмыстың басы қасында жүреді. Қай уақытта да белсенді, жанашыр азаматтың еңбегі еленіп, Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикасының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін ауданның 90 жылдық мерекелік медалімен марапатталды. Тәжірибелі  әрі білікті педагог Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінен Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Алғыс хатпен марапатталып, ауылдың, мектептің абыройын асырған болатын.

      – Мұғалім – мамандық болса, ұстаздық қасиет табиғат дарытқан дарын екен. Бойыңа қуат, жүрегіңе жарық жігер беріп өрге сүйрейтін де, жаныңа азық, өміріңе өзек боп төрге сүйрейтін де осы ұстаздық қасиет. Ұстаздар қауымын әр баланың жан дүниесін танып білуші әрі жеке тұлға етіп қалыптастырушы, ел болашағының қалаушысы десе де  болады. Ұстаз еңбегінің шуағы тек балаға ғана емес, ата-анаға, қоршаған ортаға және ұжымдас әріптестеріне де молынан құйылып, оларды қанаттандырады, биікке жетелейді, баршаны жақсылыққа шақырады. Мұны мен ұстаздық мамандықтың иесі болғанымда түсіндім. Бала күнгі арманымның орындалып, абыройлы қызмет атқаруыма, кәсібімнің қыр-сырын толық меңгеруіме әріптестерімнің ықпалы зор болды. Күнбе-күнгі көп қырлы қызметімде өз ісінің майталманы, отыз жылдан астам уақыт бала тәрбиесі саласында қызмет етіп келе жатқан мектеп директорының бастауыш сыныптар жөніндегі меңгерушісі Қызылбай Оңғарбаевтың бағыт-бағдары, талапшылдығы, білім мен білігі таңдаған мамандығымның лайықты иесі бола білуіме септігін тигізді деп санаймын, – дейді жас ұстаз әрі әріптесі Самал Қосжанова.

      Білікті де білімді маман иесі Қызылбай ағай – ұстаздар әулетінің басшысы. Отанасы – Оразкүл Ахметова математика пәнінің мұғалімі, бес бала мен немерелер тәрбиелеп отырған бақытты, өнегелі отбасы. Ұлағатты ұстаздардың отбасында береке-бірлік берік орнаған. Ата-ана жолымен ұрпақтары саналы да, тәрбиелі болып өсіп келеді.

      Ұстаз – тереңде жатқан кенді ашып, армансызға арман ұялатып, қанатсызға дарын қанатын бітіретін ғажайып күш иесі. Осы ұстаздық жолында Қызылбай ағай мен әріптестері әлі талай табыстар мен жетістіктерге жетері анық деп ауыз толтыра айта аламыз.

 

Тағы да оқыңыз: