Kyzylorda-news.kz Партия Хатшысы алдымен жақында ел игілігіне пайдалануға берілген «Сыр жұлдыздары» шығармашылық академиясына барды. Ғылым, спорт, өнер, цифрлық және басқа да заманауи бағыттар бойынша қарқынды жұмыс жасайтын академия бір уақытта 500, тәулігіне 3000-ға жуық оқушыны үйірмелермен қамти алады.
Аталмыш нысанда соңғы үлгідегі спорт, фитнес залы, жүзу бассейні, ауладағы футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, рототехника, ораторлық өнер және өзге бағыттағы сыныптар оқушыларға қызмет етуде.
Бұдан кейін партия Хатшысы сол жағалауда орналасқан физика-математика бағытындағы лицей-интернатына табан тіреді. Жоба қуаттылығы 400 орын, қосымша 300 орындық жатақхана қарастырылған. Ең бастысы, аталмыш білім ордасы шетелге кеткен заңсыз активтерді қайтару есебінен салынған.
Білім ошағының жұмысын бағамдаған Шолпан Таңатқызы әрі қарай облыстық тарихи өлкетану мұражайының жұмысымен танысты. Қаладағы алғаш мұражайдың іргесі 1939 жылы қаланып, мұражайдың 85 жылдығы және Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуы аясында мұражай жаңадан салынған соңғы үлгідегі ғимаратқа орналасты. Мұражайдың экспонат қоры 250 мыңнан асады. Нысанда негізгі экспозициялар орналасқан 11 зал жұмыс істейді.
Партия Хатшысы сондай-ақ сол жағалаудағы «Қазанғап» атындағы музыкалық колледжінің жұмысымен танысты. Білім ғимараты «Саутс Ойл» ЖШС-нің демеушілігі есебінен 4,8 млрд. теңгеге бой көтерген. Оқу корпусы жанынан қосымша жатақхана да пайдалануға берілді. Биылғы оқу жылы қарсаңында білім алушыларға есігін айқара ашпақ. Ғимарат іші камералық залмен, көрермендер залымен, оқу аудиторияларымен түгел қамтылған.
Жұмыс барысында Шолпан Таңатқызы: мұндай колледж елімізде бұған дейін салынбаған. Өнер саласының өкілдеріне, білім алушыларға расында жақсы жағдай жасалғаны көрініп тұр. Сол жағалаудағы мұражай, білім лицейі Сыр өңірінің мәдени мұраны дамытуға, тарихты жандандыруға нақты бет бұрғанын көрсетеді. Сапар барысында аралаған әрбір ғимарат толықтай заманауи, ауқымды және ыңғайлы салынған деді.