Бала қауіпсіздігі - басты назарда. Жаңа оқу жылының басталуымен полиция қызметкерлерімен бұл мәселеге ерекше назар аударылып, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, балалардың қауіпсіздігі үшін тиісті  шаралар қабылдануда.    

Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлерімен облыс аумағында орналасқан барлық мектептердің айналасында жол қозғалысын реттейтін техникалық құралдарына тексеру жұмыстары толығымен аяқталды.
Көше-жол тораптарының бойында орналасқан 248 мектепте анықталған кемшіліктерді жою бағытында қалалық және аудандық әкімдіктерге 118 нұсқама қағаздары мен 18 ұсыныс-хабарламалар жолданды.

Жолданған нұсқамалар негізінде 54 дана жасанды тегіс еместік қондырғылары және жаңадан 62 дана жол белгілері орнатылып, 800 дана жол белгілері қайта қалпына келтіріліп, 308 жерге жаяу жүргіншілер өтпесінің таңбалары жаңартылды.

Бүгін Білім күні полиция  қызметкерлері қауіпсіздік мәселелерін ерекше бақылауға алып, күшейтілген режимде қызмет атқарды. 
Жалпы, алғашқы қоңырау мектеп табалдырығын жаңа аттағалы отырған балақайлар үшін өмірдегі ең ерекше сәттердің бірі.  
Жазғы демалыстан  соң оқушылар алтын ұя мектептеріне қайта оралып, жаңа оқу жылына қадам басты. Міне бүгін алғашқы қоңырау салтанаты облыс көлемінде де ерекше аталып өтілді.    

Облыстық білім басқармасының мәліметіне сәйкес, жаңа оқу жылында облыстағы мемлекеттік 297 мектепте 184 856 оқушы білім алса, мектеп табалдырығын 17 383 оқушы аттады.  

Жалпы білім беретін оқу орындарында, сондай-ақ, оған іргелес аймақтарда балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге Қызылорда облысының Полиция департаментінің жеке құрамы жұмылдырылды. Бұдан бөлек, ювеналды және патрульдік полиция қызметкерлері күнделікті қызмет атқаруда. 

Департамент бастығының бұйрығына сәйкес, оқушылардың қауіпсіздігін қамтмасыз ету үшін барлық білім беру ұйымдарына ювеналды полиция бөліністері, криминалдық полиция, учаскелік полиция инспекторлары бекітілді. Бұл мақсатта Департамент бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Е.Абдраманов нұсқама жиын өткізді. 

Бұдан бөлек, 1 қыркүйек Білім күні Департамент басшылығы мен сала бастықтары облыс орталығындағы білім ошақтарына арнайылап барып, салтанатты жиынға қатысты. Қуанышты сәтке ортақтасып, құттықтау лебізін білдірді. 

Жалпы, ішкі істер органдары жұмысының негізгі бағыттарының бірі – бала қауіпсіздігі, оқушылар арасында болатын және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу. Бұл мақсатта қызылордалық полицейлер тиісті жұмыстарын атқаруда.  
 IMG-20240901-WA0024.jpgIMG-20240901-WA0026.jpg

Тағы да оқыңыз: