Kyzylorda-news.kz Президент тапсырмасына сәйкес және Жұмысшы мамандықтары жылы аясында еліміздің орта білім беру ұйымдарында педагог-кәсіптік бағдар беруші лауазымы ресми түрде бекітілді.
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, бұл бастама оқушыларға мамандық таңдауда ерте бағыт-бағдар беруге, сондай-ақ оқушылар, ата-аналар, педагогтер, колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы өзара байланыс пен ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Педагог-кәсіптік бағдар берушінің негізгі міндеттері:
- Оқушыларға мамандық пен білім бағытын таңдауда қолдау көрсету;
- Жеке және топтық кәсіби кеңес беру жұмыстарын жүргізу;
- Кәсіптік бағдар беруге арналған іс-шараларды ұйымдастыру;
- Жұмыспен қамту орталықтарымен, колледждермен және кәсіпорындармен байланыс орнату;
- Оқушыларға еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар мен заманауи үрдістер туралы ақпарат беру.
— Жаңа лауазымның енгізілуі оқушылардың саналы әрі дұрыс кәсіптік таңдау жасауына көмектеседі, жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, еңбекке бейім, білікті және бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге ықпал етеді, — делінген хабарламада.
Фото: Нұрболат Нұржаубай