Kyzylorda-news.kz Әлеуметтік желіде мұғалімнің оқушыларға жөнсіз қылық көрсетіп, балағат сөздер айтқаны түсірілген видео тарады. Кадрлардан мектеп ұстазының балалармен сөзге келгенін көруге болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, оқиға Алматы облысы Шонжы ауылындағы мектептердің бірінде болған. Интернетте тараған видеода мұғалімнің оқушыны итеріп, ұялы телефонға түсіріп тұрғанын байқауға болады.
Сондай-ақ мұғалім балаларды "ақымақ" және "мисыз" деп атайды.
Ата-аналар мұндай шабуылдар одан да ауыр әрекеттерге ұласып, балаларының өміріне қауіп төне ме, деп алаңдап отыр. Олар облыстық білім басқармасынан жан-жақты тексеру жүргізуді талап етті.
№1 Шонжы мектеп-лицейінің басшылығы мен Алматы облысы Білім басқармасының Ұйғыр ауданы бойынша білім бөлімінен ұстаздың әрекетіне түсініктеме беруін сұраймыз.
Бұл оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Желі қолданушылардың пікірі екіге бөлінді.
“Мұндай әрекет мұғалімге жараспайды”, “Балалармен жұмыс істеу кезінде этикалық нормаларды қатаң сақтау қажет”, “Керісінше қазіргі заман балалары өзін-өзі ұстай алмайды. Тіпті мұғалімдерге оқушылармен жұмыс істеу қиынға соғып барады”, – деп жазды желі қолданушылары. Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы облысы білім басқармасынан мән-жайды сұрап білді.
Басқарма мәліметінше, жанжалдың ортасында қалған мұғалім 36 жыл бойы ұстаздық еткен.
"Ұйғыр аудандық білім бөлімі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Искандерова Эльмираның №1 Шонжы мектеп-лицейінде жұмыс істейтінін мәлімдейді. Жалпы педагогикалық өтілі 36 жыл. Мұғалім-модератор санатына ие. Желіде тараған видеоға қатысты қызметтік тексеріс жүргізілді. Видео үзіліс кезінде түсірілген. Онда мұғалім балаларды итеріп, қорлайды. Бұл оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізілді. Мұғалімге педагогикалық әдепті бұзғаны үшін қатаң сөгіс жарияланды", – делінген хабарламада.
Басқарманың хабарлауынша, видеода көрсетілген оқушыларға енді басқа мұғалім сабақ береді.
"Видеодағы 7 "Е" сыныбының сағаттары басқа дене шынықтыру пәні мұғаліміне берілді. Мектеп әкімшілігі жағдайды бақылауда ұстайды. Аудандық білім бөлімі бұл деректі тексеру үшін арнайы комиссия құрды. Мектеп әкімшілігі аудандық білім бөлімімен бірлесіп 2024-2025 оқу жылында Искандеровамен профилактикалық жұмыстар жүргізді. Осы оқиғаға байланысты аудандық білім бөлімі бұл мәселені Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңесте қарау үшін Алматы облысының білім басқармасына хабарласты", – делінген хабарламада.
Фото: Видеодан скрин