Kyzylorda-news.kz   Педагог болу – жауапты іс, әсіресе педагог – дефектологтың еңбегі ауыр, себебі, ол өз дамуында қалыптан ауытқыған, кемтар балаларды оқытып, тәрбиелейді. Мұндай мамандықтың ауырлығына қарамастан С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектепте бес жылдан бері мол тәжірибе жинаған дефектолог маман Айым Төремұратқызы балалармен тығыз қарым-қатынас құрып келеді. 

Қазіргі таңда керемет білім ордасында балаларға жәрдем беріп қана қоймай, ол ерекше білім беруді қажет ететін оқушылармен, психикалық дамуы тежелген, оқу мен жазу  және сөйлеу тілінде бұзылыстары бар оқушылармен түзете-дамыту жұмыстарын жүргізеді. Оның айтуынша, С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектепте ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар саны – 21 оқушы, оның ішінде – 6 оқушы үйден оқиды.

        – Білімге ұмтылған жас баланың қолынан ұстап, қоршаған ортаға бейімдеу, қоғамның толыққанды мүшесі ету, өз мүмкіндігінің шексіз екендігіне сендіру, маған ерекше көңіл-күй сыйлайды. "Менің еңбегім – менің жемісім" деген ұстанымдамын. Өзімді дамыту үшін көптеген сайыстарға қатысуға тырысамын, – дейді Айым Қалмырза.

Жалпы, дефектолог дегеніміз не? Медицина мен педагогиканы біріктіретін мамандық бар. Бұл дефектология. Дефектология саласындағы маман ерекше балалар мен олардың ата-аналары үшін ең жақсы дос және кеңесшіге айналуы керек. Дефектолог – бұл физикалық немесе ақыл-ой дамуында артта қалған балаларды оқытуға мамандандырылған мұғалім.

Дефектолог қандай қасиеттерге ие болуы керек? Дефектолог мұғалім балалардағы бар ауытқуларды диагностикалап, олардың орнын толтыру жолдарын іздестіруге, сонымен қатар проблемалы баланың дамуына бағытталған белгілі бір сабақ курсын өткізуге қабілетті болуы керек. Бала мен маман арасында жас ерекшеліктері болмауы керек. Соңғысы, жас ұрпаққа деген сенімділікке ие болып, балаға дос бола білуі керек.

Бұл педагогикалық жұмыста кемтарлықтың бетін қайтарып, жеңуді, баланың жеке басының қалыптасуына көмектесуді, оның жалпы дамуын алға жылжытуды, оны белгілер білімдер жиынтығынан хабардар етуді, онда өмірлік маңызы бар білік, дағдыларды қалыптастыруды, сондай-ақ, оның сәтті әлеуметтік бейімделуін іске асыруды көздейтіндей етіп, ұйымдастыруды қажет етеді. Мұғалімнің педагогикалық шеберлігі, білімдарлығы, ойлампаздығы, іске адал көзқарасы баланың табысқа жетуіне белгілі дәрежеде көмектеседі.

Педагог – дефектологтар кемтар балалармен ғана жұмыс істеп қоймайды. Оның қызмет өрісіне басына түскен бақытсыздыққа қатты күйзелетін, қиын жағдайларда өздерін түрліше ұстайтын ата-аналар да кіреді. Ата-аналардың бір тобы балаларының болашағы үшін күресуге іштей дайын емес, өзін күресуге дәрменсіз, шарасыз сезінеді, күресудің пайдасы да жоқ деп есептейді. Енді, бірі белсене кірісіп, білместіктен баласына пайдадан гөрі зиянын тигізеді. Кейбір ата-аналар баласын тәрбиелеуге құлшына кірісіп, нәтиже тез байқала қоймаған соң әрекетсіздікке көшеді.

Осыншама жүктемені атқарып жүрген жас маманның еңбегі аз уақытта ескеріліп, түрлі алғысқа бөленген. Атап айтқанда, Қазалы аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен педагог-дефектологтардың бірлестік отырысында кәсіби іскерлігін танытып, іс-тәжірибесімен бөліскені үшін Қазалы аудандық білім бөлімінің Алғыс хатымен, Қызылорда облыстық оқу орталығы әдістемелік кабинеттің ұйымдастыруымен «Білім беру ұйымдарында ЕББҚ балаларды қолдау: Арнайы маманның қызметі» атты облыстық семинарда «Ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларды түзете-дамыту жұмысында заманауи технологияларды тиімді пайдалану» тақырыбындағы шарада Облыстық оқу орталығының  Сертификатымен, Қазалы ауданының әкімінің Алғыс хатымен, Қызылорда облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталған. Сонымен бірге, Қызылорда аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Инклюзивті білім беруді цифрландыру жағдайында заманауи әдістер арқылы дамыту» тақырыбында өткізілген аймақтық әдістемелік семинар-практикумда іс-тәжірибесімен бөліскендігіне Қазалы аудандық білім бөлімінің Алғыс хаты табысталған. Сондай-ақ, аудандық, облыстық «Үздік дефектолог – 2023» байқауында  жүлделі бірінші орынды жеңіп алған.

      – Оқушыларымның түрлі қабілеттерін шыңдау мақсатында балаларды сайыстарға қатыстырып келемін. Жеткен жетістіктеріміз – білім беру ұйымдарындағы ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалардың танымдық қызығушылықтарын, шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында «Менің қолымнан бәрі де келеді» атты олимпиадасында аудандық кезеңде А.Елубай екінші орын, ПМПК мекемесінің ұйымдастыруымен «Күз кереметі» қолөнер байқауында М.Ысқақ Алғыс хатпен, Ерекше білім беруге қажеттілігі бар  оқушылар арасында өткізілген «Шексіз шығармашылық» республикалық байқауында «Қазақстан – менің алтын бесігім» номинациясы бойынша А.Илияс II дәрежелі дипломмен марапатталды. Ерекше білім беруге  қажеттілігі бар  оқушылар арасында мақсатында «Менің қолымнан бәрі де келеді» облыстық олимпиадасында А.Елубай бірінші орын иеленді, – дейді С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектеп дефектолог маманы Айым Қалмырза.

Тағы да оқыңыз: