Kyzylorda-news.kz  Қазалы ауданындағы Е.С.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей жанынан 2012 жылдың қаңтар айында ашылған «Айналайын» шағын орталық осы уақытқа дейін өз жұмысын жалғастырып келеді. Шағын орталықта екі топ бар. «Балапан» ортаңғы тобы үш жас, «Ақкөгершін» ересек тобында төрт жастағы бөбектер, яғни, 50 бала тәрбиеленіп жатыр. Оларды күнделікті ойын мен білімді ұштастырып, тәрбиелеп отырған төрт тәрбиеші, бір әдіскер, екі тәрбиеші көмекшілері және де, баланың күтімімен жайлылығын қамтамасыз етіп отырған кір жуушы, төсек ауыстырушы және тамақтарына жауапты қызметкерлер жұмыс істейді.

Ұлттың бүгіні де, болашағы да, тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Қазіргі қоғамда жан-жақты білімді, мәдени ой өрісі жетілген, ұлттық салт-сананы бойына сіңірген тұлға тәрбиелеу барша қауымның міндеті. Қай елдің болмасын өсіп өркендеуі, дүниеде өзіндік орын алуы, оның білім беру жүйесіне, даму бағытына тікелей байланысты екені белгілі. Осы тұрғыдан алып қарағанда, жеке тұлғаны дамытуда қызмет ететін тәрбие мен білім негізі барша білімнің іргетасы да осында қаланады. Бүгінгі жас ұрпақты тәрбиелеу үлкен жауапкершілік жүктейді. Қай елдің болмасын іргетасы, жарқын болашағы – ұрпағы екені белгілі. Олай болса, тілдің қадір-қасиетін, туған жерінің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын бала бойына жеткізе білу әр тәрбиешінің басты міндеті. Мектепке дейінгі балаларды жан-жақты қалыптастыратын алғашқы баспалдақ мектепке дейінгі мекеме. Дүниедегі пәк те, нәзік те, батыл да, батыр – ол бала. Өйткені, оның жаны таза, нанғыштығы да тез, ол өмірдегі барлық құбылысты білсем, ол неге олай, неге бұлай деп, дүние сырын ашсам деп талпынады, алға ұмтылады. Балалардың бойында оқу қызметін меңгерту, олардың танымдық белсенділігін дамытудың басты бағыты болып саналады. Баланы тәрбиелей отырып, ой-өрісін, тілін танымдық қабілетін арттыру үшін алдымен, олардың ерекшеліктерін талдаудан бастадым. Отбасында баланы мейірбандылыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеуге ерекше мән берген жөн. Ол үшін өзінен үлкенді сыйлауға, деп сөйлеуге, кішіге қамқор болуға баулу керек. Оның негізін ойыншықтармен ойнау кезінде қалаған жөн. Ойын үстінде көпшіл, қайырымды болуға, әрбір ойыншығын ұқыпты таза ұстауға дағдыландыру қажет. Ойыншықтарды көп сатып алып, жиі алмастыра берудің қажеті жоқ. Мұндай жағдайда балалар талғамсыздыққа, дүние құмарлыққа бой ұрып, не нәрсеге болсын, жауапкершіліксіз қарауға дағдылана бастайды. Бұның өзі кейін келе, өз қалағанына ғана қол жеткізу, сәнді киімге әуестенушілік, жеңілтек мінездерімен көріну секілді жағымсыз қасиеттерге бастауы әбден мүмкін. Мүмкіндігінше, ойыншықтарын өздеріне тазалатып, жинатқызып, жыртылғаны болса, тіпті, өздеріне тіктіріп, жудырып, қойдырудың да, мәні зор. Сонда ол, өзі пайдаланатын мүлкіне жауапкершілікпен қарайтын болады. Бала бір ойыншықпен ұзақ, үздіксіз ойнаса, жалықтыруы да мүмкін, ондай жағдайда көп пайдаланған ойыншықтарын біршама күндерге тығып қойып берген жөн. Тәрбиенің ең жемісті құралы – шындық. Күнделікті болатын үй іші әңгімесінде және өздерінің іс-әрекеттерінде әрбір үй мүшесі әділдіктің, шындықтың иесі екенін танытып отырулары керек. Балаларды тәрбиелеуде үгіт-өсиетпен емес, сендіру әдісін кең пайдаланған жөн. Сонда ғана, бала ненің дұрыс, ненің бұрыс екеніне көзі жетеді, жақсысын жетілдіре түсіріп, жаманнан тезірек арылуға ұмтылады. Алайда, әрбір баланың өзімен бірге ала келген табиғи ерекшеліктері де болады. Сондықтан, да халық “Бір биеден ала да туады, құла да туады” дейді. Бала тәрбиесінде үлгі-өнегенің үлкен мәні бар. “Ұстазы жақсының ұстамы жақсы” “Айтушы ақылды болса, тыңдаушы дана болады” деген сөз тегін айтылмаған. Баланы жастайынан бастап, әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді игеруге, ана-тілін дамытып, халық өнеріне баулу үйелмендегі тәрбиенің негізгі көзі болуы тиіс. Балабақшада тәлім-тәрбие негізгі жеке үлгі, талап өзара көмек, ақыл, шара қолдану, мадақтау тәрізді әртүрлі әдістерге бай. Балабақшада тәлім-тәрбиенің басты ерекшелігі, өмірмен тығыз байланыстығында. Өйткені, халқымыз оқуға, білім алуға мүмкіншілігі болмаған кездің өзінде өз ұрпағын еңбекке баулып, жоғары адамгершілікке, үлкенді сыйлауға, қонақжайлыққа тәрбиелеген.

Бүгінгі қоғам мүддесіне лайықты, жан-жақты жетіліп, дамыған, парасатты азамат тәрбиелеп өсіру - отбасының, мектепке дейінгі ұйымдардың, барша елдің міндеті. Осы міндетті орындауда мектепке дейінгі тәрбие мекемесінің атқарар орны шексіз болып табылады.

Балалармен оқу іс-әрекеті мен шараларын жүргізіп отырған тәрбиешілер санаттан өткен, яғни, бір тәрбиеші – сарапшы, екі тәрбиеші – модератор және бір тәрбиеші – жас маман. Балалармен жасалынып отырған шаралар мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасының мазмұнына сәйкес жүргізіліп отыр. Балалардың жан-жақты дамуына  олардың мектепке деген дайындылығын қарастырады. Адамгершілікке, еңбекке тәрбиелеу күнделікті ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінде, ашық іс-шараларда жүзеге асады. Балалардың өмірдегі іс-әрекетін нығайту – мектепке дейінгі тәрбие жұмысының басты қажеттілігі.

Әр оқу жылының басында жалпы, ата-аналар жиналысы және топ арасында жиналыстар өткізіліп тұрады. Балабақша тәрбиешілерден, ата-аналардан шығармашылықты талап етеді. Тәрбиешілер бала тәрбиесінде ата-аналармен тығыз байланыс орната отырып, нәтижелі жұмыстар жүргізіп отыр. Әр тоқсанда ата-аналар үшін ашық есік күні өткізіледі және мектеп жанынан ашылғандықтан мектеппен де, байланыс орната отырып, мектеп сахынасында да, бүлдіршіндер ертегі қойылымдарын және концерттік бағдарлама қояды. Атаулы мерекелік шараларда да, «Ертегілер еліне саяхат» тақырыбында өткен аудандық семинарда да, шағын орталық ұжымы жақсы көрсеткіш көрсете білді.

Соның бір дәлелі – Қазалы аудандық «Әнші болғым келеді»  атты ән байқауына қатысқан бүлдіршін Өмірбай Үмітпен жетекшісі Жұмахан Айсұлу дипломмен марапатталды. Тәрбиеші Теңізбаева Роза ханым «Суретші балақай» тақырыбында қашықтықтан өткен сурет салу сайысына он алты бала қатыстырып, барлығы да, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды

«Мұқағали мұрасы» атты ХІІ республикалық байқауға шағын орталық тәрбиеленушісін дайындап, оның бойындағы шығармашылық қасиеті мен танымдық дағдысын дамытуға қосқан үлесіңіз бен қажырлы еңбегі үшін тәрбиеші Теңізбаева Роза ханым мадақтама мен төсбелгімен марапатталды.

«Біз бақытты баламыз – бейбіт елдің болашағымыз» атты облыстық бейнеролик байқауында бақ сынасып, тәрбиеленуші – Өміртай Ислам жүлделі бірінші орынмен марапатталды.

Қазалы ауданымыздың дәстүлі жылда өткізетін ән айту байқауында жүлделі үшінші орынмен тәрбиеленуші Алмат Айша марапатталды. Бала тәрбиелеу – біздің өміріміздегі ең маңызды міндет. Біздің қызметіміз де, өміріміз де, бала өмірімен өте тығыз байланысты. Тәуелсіз еліміздің жас ұрпақтарын білімді, жан-жақты дамыған, дені сау, рухани бай, жерін, ата-анасын құметтейтін саналы азамат болып өсуіне бойымыздағы бар асыл қасиеттерімізді, білімімізді сарп етудеміз.

Мектепке дейінгі шақ адам өміріндегі  ең маңызды кезеңі болып келеді. Өйткені, осы кезде баланың бойындағы табиғи бар дарындылық жан-жақты дами бастайды. Сондықтан, осы шақта балалармен анағұрлым жан-жақты дамытушылық әрекеттер жүйелі жүргізілсе, жұмыс соншалықты нәтижелі болады. Тәрбиелі, білімді ұрпақ балабақшадан мектепке дайын шәкірт болып шығады.  

Ұрпағымызды бала кезінен ұлттық тәрбиеге баулып, салауатты өмір салтын құрып, бойына адамгершілікті, мәдениетті, инабатты, иманды, өз ана тілін құрметтейтін болашақ ұрпақ тәрбиелесек, әрбір тәрбиешінің өз міндетін мүлтіксіз орындағаны. Осы білім беру салаларына байланысты «Айналайын» шағын орталықта балалардың жас ерекшеліктеріне сай, оқу іс-әрекетін әрбір тәрбиеші шығармашылық пен ізденіс арқылы жүзеге асыруда.

3ab1a70e-f059-41d3-9ff8-d0635084495f.jpg7abc2739-1bd6-4e66-86b1-65102e280915.jpg

Тағы да оқыңыз: