Kyzylorda-news.kz  Түркия Республикасы, Жастар және спорт министрлігі Анталья бөлімшесіне қарасты «Озгеджан Аслан» жастар орталығы,Akdeniz университеті және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университінің бірлесуімен «Мәдени мұра» атты халықаралық жобасы қолға алынды. Жоба аясында Түркия делегациясы 25-29 сәуір аралығында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне келіп, жастар саясатымен танысты. Сонымен қатар, ынтымақтастық жөнінде келіссөздер жүргізілді.

Кездесу барысында Түркия Республикасының делегациясы кәсіпкерлік орталықтың жұмысымен танысты. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі кәсіпкерлік орталығының жетекшісі Жанарыс Алтынбекұлы бизнес-инкубатордың жұмысы, мақсаты мен жетістіктері туралы баяндады. Сонымен қатар, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне ресми сапармен АҚШ-тың Бас консулы Мишель Еркин ханым келді.

Делегация Студенттер сарайында сирек кездесетін ғылыми кітапхана қорымен танысып, музейді көрді.Қонақтар университеттің халықаралық деңгейдегі жетістіктері мен мүмкіндіктерімен танысты. АҚШ пен Қазақстан университеттерінің, АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің және американдық кеңестің әріптестік бағдарламасының қолдауымен біздің университет АҚШ-тың Мичиган мемлекеттік университетімен бірлесіп ұйымдастырған "Қазақстандағы өңірлік университеттер үшін экология және қоршаған орта туралы ғылымдар бойынша негізгі оқу бағдарламаларын ілгерілету" атты жоба іске асырылды. Бұл жобаға Джордж Вашингтон университеті, Оңтүстік Дакота университеті, Нью-Йорктегі Пейс Университеті және Мейн университеті қатысты. 2020-2022 жылдары АҚШ Елшілігі қаржыландыратын педагогикалық университетті дамыту бағдарламасы (pudp) аясында біздің 30 оқытушымыз 72 сағаттық оқудан өтті. Қазіргі олар Сырдария ауданы мен Қызылорда қаласы Ағылшын тілі мектептерінің оқытушыларын заманауи оқыту әдісіне үйретуде.Сонымен қатар, екінші жыл Фулбрайт бағдарламасының стипендиаттары ағылшын тілін оқыту үшін үкіметаралық келісімдер негізінде АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігімен біздің университетке келеді.Кездесуде тараптар ынтымақтастық мүмкіндігін кеңейту және білім және ғылым саласындағы байланыстарды нығайту аспектілерін талқылады.Жиын соңында Бейбіткүл Сәрсемханқызы мұндай  іс-шаралар өзара тәжірибені байытуға және мәдени өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етеріне сенім білдірді. Олардың қолдауы мен университетке деген қызығушылығы үшін алғысын білдіріп, естелік сыйлық табыс етті.

Кездесулер легі Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісімен толығуда. Қорқыт ата атындағы Қызылорда универсиетінің Басқарма Төрағасы-Ректор Бейбіткүл Каримова Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Джейн Лич Кэтринмен кездесті.Кездесу аясында университетті дамыту стратегиялары және халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.Бейбіткүл Сәрсемханқызы аймақ үшін білікті мамандар даярлаудағы университеттің жетекші рөлін атап өтті. Елші Лич Кэтрин бизнес-білім беру және экологиялық қауіпсіздік салаларында серіктестікті дамытуға, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге деген ықыласын білдірді.Сонымен қатар, ағылшын тілі мұғалімдерін даярлаудағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Бұл біздің мамандарды Ұлыбританияда оқыту арқылы халықаралық байланыстарды тереңдетуге және білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.Екі тарап та өзара ықпалдастықтың және талқыланған бастамаларды іске асыру туралы ойларын білдірді.

Өткен жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Жасанды интеллект институты ашылды. Бұл білім ордасы Корей елімен бірге жүзеге асқан жоба. Қараша айындаҚорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебінің ресми ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, LUPIC халықаралық ынтымақтастық бойынша жетекші университет жобасының өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы және IT саласы бойынша жұмыс берушілер қатысты.Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үш ЖОО базасында жасанды интеллект саласындағы кадрлар даярлау және осы салада зерттеу жүргізетін орталықтар ашу жөніндегі тапсырмасы шеңберінде іске асырылды.Жоғары мектеп жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және информатика саласында кадрлар даярлайтын болады. Студенттер Сеултехпен бірлескен бағдарламалар бойынша білім алады, бұл әлемдік IT технологияларға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Жоба аясында оқу орны Кореяның заманауи зертханалық құрылғыларымен жабдықталады, ал студенттер бірнеше тілді меңгеріп, орыс және қазақ тілдерінен бөлек, ағылшын, корей тілдерінде білім алады.Жиында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жобаның маңыздылығына тоқталды.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект технологияларының дамуы ел болашағы үшін стратегиялық маңызды бағыт екенін атап өтті. Жасанды интеллект технологияларын қолданысқа енгізу ерекше назар аударуды қажет етеді. Сондықтан Ғылым және жоғары білім министрлігі осы бағыт бойынша білім беру бағдарламаларын іске асыруға  жылдам кірісті. Қорқыт ата университетінде Сеултехтің жоғары жасанды интеллект мектебінің ашылуы IT технологиялар саласында адами капиталды қалыптастыруға, ғылыми зерттеу нәтижелері және өзара тәжірибе алмасуға, сондай-ақ Корея мен Қазақстан арасындағы жоғары білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетуге серпін береді. Сондай - ақ, алдағы уақытта шетелдік университеттің филиалы мен қос дипломды бағдарлама ашу жоспарланып отырғанын хабарлағым келеді, соның нәтижесінде түлектер Сеултехтің және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің дипломын ала алады", - деді министр.

Сондай-ақ, министр Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстанда соңғы екі жылда М. Қозыбаев атындағы СҚУ базасында Аризона университеті, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында Хериот-Уотт университеті (Шотландия), Есенов университетінің базасында Неміс жоғары оқу орындарының консорциумы және басқа да жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының 8 филиалы ашылғанын атап өтті. Министрдің айтуынша, шетелдік университеттердің филиалдарын ашу Қазақстанда білім беру саласын дамытуға және халықаралық аренада жоғары білім саласы бойынша көшбасшы атануға маңызды қадам болмақ.

LUPIC жобасының Қазақстандағы орталығының директоры, Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университетінің (СеулТех) кванттық жасанды интеллект қауіпсіздігі жаһандық орталығының директоры Джесу Кимжоба аясында Жоғары мектеп ашу ғана емес, Қорқыт ата университетінің базасында бизнес-инкубатор құру көзделіп отырғанын атап өтті.

"Бизнес-инкубатор аясында қазақстандық студенттер өз таланттарын шыңдап, стартаптар әзірлеп, алған білімдерін бүкіл әлем бойынша жасанды интеллектті дамыту үшін пайдаланатынына сенімдімін", - деді Джесу Ким.

Айта кету керек, 2023 жылдың қыркүйегінен бастап Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде IT мамандыққа түскен және Сеултехтің бағдарламасы бойынша оқуға іріктелген 1-курс студенттері үшін тілдік даярлау жұмыстары басталды. Қазір олар жалпы білім беретін пәндерді оқып, жеделдетілген тілдік курстардан өтуде. Болашақта студенттер мен профессор-оқытушылар құрамы академиялық ұтқырлық және бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша Сеулде оқуға және ғылыми тағылымдамадан өтуге бара алады, ал Сеулден келген оқытушылар өз тәжірибесімен бөлісу үшін Қызылордаға шақырылады.Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университеті – Кореяда 1910 жылы негізі қаланған ұлттық университет. Оқу орнында 23 факультет, 15 мыңға жуық студент бар. СеулТех Жоғары мектебінің ашылуына Қызылордада өмір сүрген Кореяның ұлттық батыры, генерал Хон Бом До сүйегінің тарихи отанына қайтарылуы ықпал етті. Қайта жерлеу рәсіміне Хон Бом Доны еске алу қоғамы белсенді қатысты.

Академиялық білімді дамыту және ғылымды қолдау, жасанды интеллект саласы бойынша мамандар даярлау мақсатында Оңтүстік Кореяның Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетімен (СеулТех) Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті келісімге келді. Сол келісім аясында ашылған жасанды интеллект институты (“Institute of аrtificial іntelligence) IT бағытындағы үздік мамандарды оқытады.Оқуға түсетін талапкерлерге 4 мамандық ұсынылады. Атап айтсақ, Information systems (Ақпараттық жүйелер), Cybersecurity system (Киберқауіпсіздік жүйесі), Computer science (Компьютер ғылымы), Computer software and programming (Компьютерлік бағдарлама және бағдарламалау). Білім алушылар бағдарламалау негіздерін, үлкен деректерді талдау және жасанды интеллект, сондай-ақ машиналық оқыту сынды сұранысқа сай кәсіби дағдыларды да үйренеді.Жалпы, шетелдік оқу орны жоба бойынша заманауи құрылғылармен де қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта Сеултех университетінен Қорқыт ата университетіне 190 компьютер, 8 сервер, Дрон зертханасы, AR/VR құрылғылар және видеоконференция байланысқа арналған құрал-жабдықтар келуде. Сондай-ақ, Жасанды интеллект инстиутында оқыған студенттеріміздің Оңтүстік Корея мен Қазақстандағы оқу орнының дипломын бірдей алуына мүмкіндік беретін “қос дипломдық жүйе” туралы келіссөздер жүргізілуде.Бұл уақытқа дейін Оңтүстік Кореядан бірнеше профессор келіп, білім алушыларға дәріс өткізіп, тәжірибесімен бөлісіп үлгерді. Болашақта да Сеултех университетінің ең үздік профессорлары білім беруге келмекші.Жасанды интеллект институтына оқуға түсу үшін биылғы түлектер «информатика + математика» пәндері бойынша ҰБТ тапсыруы керек. Кейін міндетті түрде біздің ағылшын тілінің деңгейін анықтайтын сынағымыздан өтуі қажет немесе IELTS 5+ сертификаты жарайды. Себебі бізде білім алу толық ағылшын тілінде жүргізіледі.

Қызылорда аймағында дамушы орта мықтап құрылуда. Мәселен, Astana Hub халықаралық стартаптар технопаркінің облыс бойынша өңірлік хабы ретінде өткен жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің бизнес-инкубаторы және Қызылорда облысының ақпараттық технологиялар орталығының базасында стартаптар мен инноваторларды қолдау және дамытуға арналған Kyzylorda Hub стартаптар технопаркі ашылды. иімді стартаптарды құруда, инвестиция тартуда көмек беретін бизнес-инкубатордың ашылғанына 1 жыл болды. 

-Бренд ауысып, жұмыс географиясының кеңейгеніне 1 жыл өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық өңірдегі жоғары оқу орындарында өңірлік хабтар ашылғаннан бастап жұмыс істеу мүмкіндіктері айтарлықтай үлкейді. бір жыл төңірегінде Kyzylorda Hub 150-ге жуық іс- шара ұйымдастырды. 4 бағдарлама өткізіп, 5000-нан астам аудиторияны қамтыды. 2 локацияда орналасқан коворкингте жұмыс істеп, жуырда 3-ші жаңа коворкинг ашылу туралы жоспарлап отырмыз. Орталықтың резиденттері іс-шаралар мен байқауларда жүлделі орын иеленіп, республикалық және әлемдік нарыққа шығуды бастады.Бизнес-инкубатор резиденттеріне алдымен білім мен тәжірибе алмасу алаңын жасаймыз. Орталықта түрлі бағыт бойынша оқыту курстары бар. Қатысушылар өзіне ұнаған сала бойынша кез келген бағыттағы курстарға қатыса алады. Сонымен қатар бағдарламаға қатысып, жобаларын дамытады. Әрі қарай инвестиция тартуға және демеушілік алу мүмкіндігіне ие болады. Себебі біздің алаңда жақсы жоба жасау арқылы республикалық деңгейге жол ашылады. Ең бастысы жастарға жұмыс жасауға арналған тегін 2 коворкинг бар. Алдағы уақытта біз арнайы зертханалар салуды жоспарлап отырмыз.Алдағы жоспар өте тығыз әрі қызықты. Сәуір айынан бастап ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Өңірдегі мектеп, колледж, университет білім алушыларымен митап өткізудеміз. Ал семинарлар жыл бойы үздіксіз, тіпті күніне бірнеше семинар өтеді. Осы айда әйелдер қауымына ІТ және цифрлы дағдыларды дамыту бойынша Tech girls бағдарламасын ұйымдастырамыз. Өткен аптада Kyzylorda Idea Battle облыстық стартап жобалар байқауы аяқталды. Келесі байқау – Kyzylorda Hub Hackathon облыстық ІТ жобалар хакатоны. Инкубациялық кезең өз кезегімен өтеді. Бастысы, бағдарламалар сұранысқа ие. Облыстық мектеп және колледж түлектері арасында Startup Talapker стартап жобалар байқауы дәстүрлі түрде жыл сайын өтуде. Бұл байқауда үздік түлектерге ЖОО білім гранты табысталады. Интеллектуалды кештер, бизнес таңғы астар, чемпионаттар, воркшоптар жыл соңына дейін жалғасады. Ал жылдың қорытынды байқауы, Innofest Kyzylorda инновациялық жобалар фестивалі биыл да өз ретімен ұйымдастырылады, -деді орталық жетекшісі.

 

Қорлан САРЫ

Тағы да оқыңыз: