Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданының мектептерінде «Мектеп театры» жобасы өткен жылы «Балалар жылына» орай басталғаны белгілі. 

Талантты оқушылардың басын біріктіретін бұл жобаның да мақсаты ауқымды. Мектеп оқушыларының шығармашылығын дамыту, өнерге баулу, балаларды елжандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу мақсатында іске асқан жоба балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасайды. Үйірме мүшелері сахнада өздерін еркін ұстауға, кейіпкер бейнесін ашуға, қойылым мазмұнын түсініп, сахналауға үйренеді.

Жақында аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен осы жоба аясында "Театр –  рухани тәрбие құралы" тақырыбында Айдарлы ауылындағы №139 орта мектепте облыстық семинар өтті.

Адамды эстетикалық ізгілікке тәрбиелейтін құралдың бірі – театр. Мектептегі тәрбие бағытын толықтыру мақсатында қолға алынған "Мектеп татры" жобасымен әрбір білім шаңырағында үйірмел жұмыс жасайды. Семинарға  Қызылорда қаласындағы Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық академиялық драма театрының әртістері С.Төлепов, А.Артықбаева,  Н.Сыздықбаев, М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжінің «Ассорти» студенттер театры актрисасы Ж.Тулегенова, А.Мамзада, облыстық оқу орталығының бөлім меңгерушісі Г.Ақмырзаева, аудандық білім бөлімінің әдіскерлері Қ.Қалжанова, С.Сақтағанова, Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандарынан келген өкілдер және  аудандағы 17 мектептің жоба жетекшілері қатысты. 

Семинарда Б.Мұқайдың «Раушан гүлі» драмасынан қойылым, қуыршақ театры В.Сутееваның «Саңырауқұлақ саясында» ертегісі,   «Бейбіт күн жасасын әлемде!» тақырыбында көлеңке театры, «Ғажайып мекен» ертегісінен қойылымдар көрсетті.
Семинарға қатысушылармен мотивациялық кездесу ұйымдастырылды. Облыстық оқу орталығының бөлім меңгерушісі  Гүлайым Ермекбайқызы, аудандық білім бөлімінің әдіскерлері Қаракөз Қаршығақызы семинарды қорытындылап, мектеп басшылығына, мектеп ұжымына алғыстарын білдіріп, семинардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. 

 Айдарлы ауылында бұрыннан театрдың негізі қаланған. Мұнда халық театры өзінің көрермендерінің көзайымына айналған. Ал, ауыл мектебіндегі шағын театр ұжымы да жыл бойына мектеп сахнасына көптеген қойылымдар әзірлеп келеді. Жалпы баланың сөйлеу мәнерін жақсарту, көпшілік алдында өзін ұстай білу, жан-жақты дамуына ықпал жасауға мектеп тетарының берері көп. Бүгінгі семинарда облыстан келген меймандар театр жұмысына жоғары баға берді. Балалар кәнігі әртістер секілді өз образдарын ашып, көрерменнің жүрегіне жол тапты, – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Қаракөз Қалжанова. 

Семинар соңында үйірме мүшелеріне марапаттар табысталып, көрермендер жақсы әсер, керемет көңіл-күймен тарқасты.
 

Тағы да оқыңыз: