Kyzylorda-news.kz. «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасында жастардың сапалы білім алуына ерекше мән беріп, осы бағытта түрлі шараларды жүзеге асырып келеді. Соның бірі студент жастардың жатақханаменен қамтылуы, жатақханалар қауіпсіздігінің арнайы стандарттарға сәйкестігі, тұрмыстық техника және жиһаздармен жабдықталуы. Бұл жұмыстар студенттердің өмір сүру деңгейінің сапасын арттыру үшін партия филиалы және «Жастар Рухы» Жастар қанатымен жыл сайын ұйымдастырылып келеді.
Партияның облыстық филиалының Партиялық бақылау инспекторы Б.Танбаева, партияның қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Г.Мусаева, облыстық және қалалық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері Е.Ескендір, И.Басықараев, М.Есжанов, Р.Ысқақова, «Жастар Рухы» ЖҚ облыстық филиал төрағасы Ә.Баймұрза және БАҚ өкілдерінен жасақталған мониторингтік топ кеше Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің №5 жатақханасы, Қызылорда «Ашық» университеті, «Болашақ» университеті, Қызылорда көпсалалы және «Орда» колледждерінің жатақханаларын тексеріп шықты.
«Жатақхана тұрғындарымен кездесіп, тыныс-тіршілігімен таныстық. Ауылдың қаракөз студент жастары жатақхананы өз үйлеріндей күтіп ұстайды. Бір байқағанымыз өткен жылғы мониторингтің қорытындысы бойынша оқу орны басшыларына айтылған ұсыныстар ескеріліп, біршама кемшіліктер түзетілген. Атап айтқанда Қызылорда Ашық университеті жатақханасында матрастар жаңаланса, «Орда» колледжі жатақханасында душ бөлмелері күрделі жөндеуден өткен. «Болашақ» университетінің студенттер үйінде әрбір бөлмедегі ескірген су крандары алмастырылып, демалыс бөлмесіне теледидар орнатылған. Әрине, барлық жатақхананың жағдайы көңілден шығады деп айта алмаймыз. Кемшіліктер болса, басшылыққа ұсыныс береміз. Бір аптаның ішінде кемшіліктер жойылуы тиіс», – дейді мониторинг барысында сөз алған «Жастар Рухы» ЖҚ облыстық филиал төрағасы Ә.Баймұрза.