Kyzylorda-news.kz. Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты. Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, мектептің жүрегі, оқушылардың бойына жақсы қасиеттерді дарытып, рухани адамгершілікке толы тәрбиеге бағыт-бағдар беруде ұстаздардың еңбегі ерен.
Осы орайда кемеңгер жазушы М.Әуезов «Ұстаздық – ұлы іс» деп айтқандай, бұған лайық болу үлкен абырой. Мұғалім – мамандық болса, ұстаздық қасиет, табиғат дарытқан құдірет. Сондықтан да ол әрдайым қадірлі тұлға ретінде ерекшеленеді. Бойыңа қуат, жүрегіңе жігер беріп өрге жетелейтін де, жаныңа азық, өміріңе өзек боп төрге сүйрейтін де осы кәсіп иелері. Бүкіл ұстаздар қауымын әр баланың жан-дүниесін танып білуші, әрі оны жеке тұлға етіп қалыптастырушы, ел болашағының мүсіншісі деуге болады. Осындай қызығы мен қиыншылығы мол мамандық иесі Қазалы ауданындағы Ж.Жабаев атындағы №234 орта мектептің педагог-зерттеуші санатындағы бастауыш сынып мұғалімі Фарида Қожахметованың еткен еңбегі зор.
«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген. Фарида Қожахметова ұлы істің игі жолында аянбай қызмет жасап келеді. Мерейлі кәсіпті көңіл қалауымен таңдап, бүгінде оқушыларды білім нәрімен сусындауда. Әріптестерінің айтуынша, абыройлы мұғалімнің жан дүниесі мейірімге толы, тұла бойы тұнып тұрған талант иесі. Бала болмысына өзгеріс енгізуші, бағыт-бағдар беруші, ата-ананың сенімді көмекшісі ретінде бағаланады.
Жалпы XXI ғасырдың нағыз ұстазы өз кәсібінің майталманы болуға ұмтылып, рухани күш-жігері мен парасат-қуатын аямай білімді шәкірт қалыптастыруға жұмсайды. Шынайы ұстаз өз шәкірттерінің жүрегінде білімге деген сарқылмас ынта-ықыласты оятады. Осы мақсаттағы жан-жақты іздену мен еселі еңбегінің арқасында Фарида Қожахметованың оқушылары да заманауи көштен қалмай түрлі аудандық, облыстық, республикалық сайыстардан жүлделі орындардан көрініп жүр. Арнайы марапаттарға ие болып, мектеп абыройын асқақтатып келеді.
«Мектеп атты қасиетті де, киелі шаңырақ құтты мекеннен адамзат баласының барлығы тәлім-тәрбие алып, өсіп өнеді. Балалардың күлімдеген көздерін, кіршіксіз пәк жүздерін көргенде кеудеме қуаныш сезімі ұялап, жүрегіме нұр құйылғандай болады. Әрбір ашық сабақ өткізген сайын күні бүгінге дейін өзімді жаңа ғана ұстаз болып келіп, жаңадан сабақ өткізіп тұрғандай сезінемін. Өйткені әрбір сабақ – үлкен жауапкершілік, үлкен абырой. Сол себепті де әрбір адам алған асуларын ұстаз еңбегінің жемісі, нәтижесі деп түсінулері керек деп ойлаймын. Қазіргідей шалттықты талап етер мобильді заманда соны технологияларды қолданып, жаңаша еңбек ету – менің ұстанымым. Еңбегімнің бағасын ата-ана, жұртшылық береді. Солардың алғаусыз алғысы мен баланың «Апай, әдемі болып кетіпсіз!» деген сөздері шаршамай алға ұмтылуға септеседі. Өскелең ұрпаққа білім бере отырып, ел ертеңін қолға алар ізбасарларды тәрбиелеу мақсатында барлық күш-мүмкіндікті қолданудамын», – дейді Фарида Қожахметова.
Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр. Ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің ғылымда нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше кәдеге асыра алмайтындығы қасиетті Құранда да жазылған. Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны мәлім. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын – Аристотельді, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды, Жамбыл – Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алатын болған екен.
Сонымен қатар, Әл-Фараби бабамыз «Бір әріп үйреткен ұстазға қырық жыл қызмет қылсаң да артық емес» деп оныншы ғасырда ақ бәрін айтып тастапты. Оған «Мектептің жүрегі - мұғалім» деген Ыбырай ұстаздың айтқанын қосыңыз. Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың баласы бас қосса, төр - мұғалімдікі. Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты» дейді. «Темір канцлер» атанған Отто фон Бисмарк «Мектеп салуға ақша аяған мемлекет - түрме салуға мәжбүр болады» депті. Білімнің нәрі мен ғылымның шыңына жетелейтін, адамгершілік пен патриотизмге баулитын, өнер мен тәрбиені санаға құятын мұғалімдердің еңбегін барлық халықтың мойындайтыны анық.
Италия мемлекеті кемінде 12 жыл мұғалім болған азаматтарын «мемлекет пен ұрпақ үшін еңбек етті, психикасына салмақ түсіруге болмайды» деген желеумен өте жауапты шаруалардан босатқан көрінеді. Пенсильвания университетінің ғалымдары 1972 жылы мектеп ұстаздарының еңбегін жоғары күйзеліске алып келетін өрт сөндіруші, ұшақты сынақтан өткізуші сынды манандықтар қатарына қосу керек екенін мәлімдеген. Жапонияның императоры Сёва өзінен кейінгі ең үлкен жалақыны ұстаздарға тағайындаған. Сондықтан да қай заманда да қоғам ұстаз мәртебесіне селқос қарамаған. Өйткені, ұстаз ұлды ғана емес, тұтастай ұлтты тәрбиелеуші.
Бүгінгі ұрпақ – бақытты ұрпақ. Себебі технологияның дамыған кезеңінде өмір сүріп жатқан жастарға алаңсыз білім алуға жан-жақты жағдай жасалған. Елдегі білім мекемелерін көбейту және олардың материалдық базасын заманауи қондырғылармен жабдықтау арқылы білім сапасын дамытуға барлық жағдай жасалуда. Осының барлығы кәсіби шеберлікті нығайтуға, мұғалімнің әлеуметтік мәртебесін жоғарылатуға ықпал етеді. Жақсы ұстазға екі ғана нәрсе керек, оның бірі – терең білім болса, екіншісі – үлкен жүрек. Балаға деген шексіз махаббаттың иесі болған ұстаз ғана өз еңбегінің жемісін көре алары сөзсіз. Осындайда Джек Лондонның: «Мұғалімдер қолынан өзге жұмыс келмегені үшін ұстаздық етуге келген жоқ. Керісінше қолынан кез келген жұмыс келетін адамдарды тәрбиелеп шығаруды мақсат еткен» деген сөз орамы көпті ұғындырады.
Болашағы баянды, келешегі кемел мемлекеттің осындай жүректеріне махаббат ұялаған, сүйіспеншілігімен баурап алатын рухани бай жандардың өмірі үлгі-өнегеге толы болашақ ұрпаққа тәлім беруші ұлағатты ұстаздар қатары көбейсе, нұр үстіне нұр.