Kyzylorda-news.kz  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Экономика және құқық» институтында «Аманат» партиясының Қызылорда қалалық филиалының Атқарушы хатшысы, облыстық мәслихат депутаты Гүлшат Мусаеваның қатысуымен «Әлеуметтік жұмыс» және «Мемлекеттік және жергілікті басқару» білім беру бағдарламасының студенттеріне арналған «Адал азамат – Әділетті Қазақстан» тақырыбында дәріс өткізілді.

Дәріс барысында әділетті қоғам құрудың маңызы, адал азаматтың қоғамдық дамуға ықпалы, ұлы тұлғалардың өнегелі пікірлері жайлы мәліметтер берілді. Сонымен қатар Президент Жолдауында атап көрсетілген негізгі бағыттар — әділетті Қазақстан қалыптастыру, тең мүмкіндіктер жасау, ашық қоғам құру, азаматтардың өмір сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Адал азаматты тәрбиелеуде отбасының, мектеп пен жоғары оқу орындарының, қоғамдық ортаның және жеке дамудың рөліне назар аударылды.

Шарада Әбу Насыр Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» еңбегіндегі адамзаттың өзара көмекке негізделген қоғам құру туралы тұжырымдары мысалға келтіріліп, оның әділетті мемлекет жайлы ойлары қазіргі реформалардың идеясымен үндес екені атап өтілді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан – әділетті Қазақстан» қағидатының маңызы да сөз болды.
Студенттер дәріс мазмұны бойынша белсенді пікір алмасып, өз көзқарастарын ортаға салды.

Тағы да оқыңыз: