Kyzylorda-news.kz. «Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» деген екен ұстаз жайында әлемге әйгілі ойшыл Әл-Фараби.
Жас ұрпаққа тәрбие мен білім беруде қазіргі заманның жаңарған білімінің мұғалімге қояр талабы да артар жүгі де зор. Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылының №44 орта мектебінің математика пәні мұғалімі Гүлнар Әмзеева – ең қымбат саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнап келе жатқан ардақты ұстаздың бірі.
40 жылға жуық ұстаздық қызметін үлкен абыроймен атқарып жүрген ұлағатты ұстаз 1963 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Бала күнінен мұғалім болуды армандаған Гүлнар Қадырқызы қазіргі Жақыпбек Маханбетов ауылының №143 орта мектебінде білім алған. Білімге жаны құштар кейіпкеріміз мектепті аяқтап, 1980 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтының математика бөліміне оқуға түсіп, бала кездегі арманына жақындай түседі. Жоғарғы оқу орнын бітіріп, институттың жолдамасымен алғашқы еңбек жолын Қоғалыкөл ауылындағы №44 орта мектепте математика пәні мұғалімі болып бастады.
Гүлнар Әмзеева – тәжірибелі де білімді, мектеп тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған кәсіби ұстаздардың бірі. Адамгершілік қасиетті бәрінен жоғары қоятын педагог өз ісіне үлкен жауапкершілікпен, тиянақтылықпен қарайды.
Абырой биігіндегі ұстаз бүгінде қызметімен қатар отбасын қатар алып жүрген сүйікті жар, аяулы ана, қамқор әже. Жұбайы Зияд Мотишовпен 1988 жылы шаңырақ көтеріп, 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсіріп, оқытып, құтты орындарына қондырып, ата-аналық парызын өтеп, сыйластығы жарасқан отбасының ұйытқысы болып отыр. 6 немеренің қызығын көріп отырған ерлі-зайыпты өмірі мен қызметін бір арнаға тоғыстырып, осы салада бірге қажырлы еңбек етіп келеді.
Ардақты ұстаздың білім мен тәрбие берудегі тынымсыз еңбегі бағаланып, құрмет төрінен көрініп келеді. Атап айтқанда, 2018 жылы Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикасының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін ауданның 90 жылдық мерекелік медалімен марапатталды. 2021 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің төсбелгісі, одан бөлек облыстық кәсіподақ комитетінің Құрмет Грамотасы, 2022 жылы ҚР Оқу-ағарту министрінің құттықтау хатымен марапатталған. Бұл Гүлнар Әмзееваның ұстаздық жолында жеткен жетістіктерінің тек бір бөлігі ғана десек болады. Білікті педагогтың шәкірттері де ұстаздың елеулі еңбегін ақтап, «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегері атанып, түрлі байқауларда бақ сынап, жетістіктерге жетіп жүр. 2022-2023 оқу жылында шәкірттері Ақбота Тоқтарбай, Мерей Жалғас «Алтын белгі», ал Нұрай Бауыржанқызы, Ақниет Ғабитқызы, Айым Сансызбайқызы, Айша Тоқтарбай «Үздік аттестат» иеленді. 2023-2024 оқу жылында 9-сынып оқушысы Еңлік Абайқызы халықаралық «Кенгуру – математика» конкурсында І орын иеленіп, мектептің мәртебесін көтерген болатын. 2023-2024 оқу жылында 11 сынып оқушысы Айым Исламбек «Алтын түлек» олимпиадасында облыстық кезеңінде І орын, республикалық кезеңінде ІІІ орын иеленді. 10 сынып оқушысы Гүлім Аймағанбетова «Ауыл олимпиадасының» аудандық кезеңінде І орын, облыстық кезеңінде ІІІ орын иеленді. Тәжірибелі ұстаздың шәкірттері қазіргі таңда Қазақстанның түкпір-түкпірінде түрлі салада қызмет етіп, еліміздің дамуы мен өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүр.
Ұстаздың қызметі сырттай қарапайым көрінгенімен, тарихтағы ең ұлы істердің бірі. Шәкірттеріне тәлім-тәрбие мен білім нәрін сусындатып, игілікті істің жаршысы болып жүрген ұстаздарымыздың еңбегі өлшеусіз. Қарапайым ауыл мектебінде қажырлы еңбек етіп жүрген Гүлнардай ұлағатты ұстаздарымыздан үйренеріміз көп. Шәкірт жүрегіне жол тапқан аяулы ұстаздар қай кезде де құрметке лайық.