Kyzylorda-news.kz  Шығармашылық талғам мен тұлғалық қасиетті қалыптастыратын, терең поэзия мен ұлттың рухани байлығы болған ұлы «Абай оқулары» республикалық шығармашылық конкурсының облыстық кезеңі өтті. Шығармашылық конкурсқа облыстағы бірқатар мектептің оқушылары қатысып, бақтарын сынады.

Солардың бірі – Е.Әуелбеков атындағы №4 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының дарынды оқушылары Дамир Қашақбаев, Ақерке Тәуекел, Аяна Байниязова.

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының жауһар жырларын жатқа мәнерлеп айтқан дарынды мектеп оқушылары оқ бойы озып алға шықты.

Айта кетейік, «Көңілім әнді ұғады» номинациясы бойынша жүлделі 1-орынды иленген Дамир Қашақбаев қанша күндік еңбегінің ақталғанына қуанышты.

– Бұл байқауға қатысу үшін қанша күн дайындалдым. Жетекшім Гүлнар Қожағұлова маған үміт артып, жүлдемен оралатыныма сенді. Ең алдымен жетекшімнің сенімін ақтағаныма қуаныштымын. Алда талай жеңісті күндер күтіп тұрғанына сенімім мол. Әлі де еңбектеніп, үлкен жетістіктерге қол жеткіземін, – деді ол.

Ал, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясы бойынша 3-орын иеленген Ақерке Тәуекел сан оқушының арасынан жүлделі орын алғанына қатты қуанды.

– «Абай оқулары» мен үшін маңызы зор байқау. Жетістікке жетіп, жүлдеге ие болғаныма жетекшім Гүлзада Мырзахметқызының еңбегі мол. Апайыма үлкен алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта басқа да байқауларға қатысып, бақ сынағым келеді, – деді ол.

Сондай-ақ, «Абайдың қара сөздері» номинациясы бойынша Аяна Байниязова Алғыс хат иеленіп, жетістіктер қоржынына тағы бір марапатын салды. Олда сенім артқан ұстазына алғыс білдіріп, басқа да сайыстарда жүлделі орын алатынына сенім білдірді.

Қазақ халқының әдеби мұраларын дәріптеп, мектеп оқушыларының классикалық әдебиеттерді оқуға деген қызығушылығын оятқан жетекшілері де қуаныштарымен бөлісіп, дарынды да талантты оқушылардың көбеюіне күш салатындарын жеткізді.

Мектеп атынан республикалық кезеңге жолдама алған Дамир Қашақбаев, ақтық сында бақ сынамақ.

Тағы да оқыңыз: