Kyzylorda-news.kz Халықаралық көлік-гуманитарлық университетінің Ақтөбедегі филиалы басшысының әйелі абитуриенттерден оқуға түсу үшін ақша алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.

Университет студенті болғысы келгендер әйелге 100 мыңнан бір жарым миллион теңгеге дейін ақша берген. Ол өзі университетте жетекші маман болып жұмыс істепті. Әйел алаяқтық жасағаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды, бірақ кейін облыстық сот сотталушының бала тәрбиелеп отырғанына байланысты үкімді бас бостандығын шектеуге өзгертті.

47 жастағы Гүлмира осы схемамен 25 рет ақша алған. Айыпталушы Instagram желісінде университет қызметін жарнамалап салады, талапкерлер хабарласып, оған оқу ақысын төлеген. Бұл ақшаны ол өзіне алып қалған.

Алғашқы сот отырысында айыпталушы күйеуінің бұдан хабардар екенін және бұл ақшаға отбасын асырап отырғанын айтты. Сондай-ақ Гүлмираның енесі өз анасы мен ағасын ЖОО-ға техникалық қызметкер, электрик ретінде тіркеген, ал екі адамның жалақысын Астанадағы жеңгесі алып отырған.

Сотта сотталушының енесі куәгер болды. Ол өз ақшасы бар екенін алға тартты. Сонымен қатар келінінің талапкерлерден ақша алатынын білмегенін айтты. Сөзінше, қылмыстық іс қозғалған кезде ол келініне 5 миллион теңге берген. Қайын атасы да келінінің ақша алатынын білмегенін растады. Ол да зейнетке шыққанға дейін университеттің сол филиалын басқарған, содан кейін ұлы директор болып тағайындалған.

Сот ЖОО-ның бұрынғы жетекші маманын екінші рет алаяқтық үшін кінәлі деп тауып, 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасын берді. Сондай-ақ қосымша жаза ретінде жыл сайын ол 100 сағат мәжбүрлі жұмысқа тартылады.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе гуманитарлық-техникалық колледж директоры студенттерден пара алды деген күдікпен ұсталған еді.

Фото: Pixabay.com

Тағы да оқыңыз: