Kyzylorda-news.kz Қызылорда қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №4 кітапханада қазақтың тұңғыш академик ғұламасы Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай «Рухы биік ұлы тұлға» атты танымдық сағат ұйымдастырылды. Шара барысында оқушыларға тұңғыш қазақ геологының өмірі және қызметі таныстырылды.
Сондай-ақ ғалымның өміріндегі ең қызықты деректер туралы айтылды. Қаныш Сәтбаевтың көп қырлы тұлғасына ерекше назар аударылды.
Сәтбаев Қаныш Имантайұлы 1899 жылы 12 сәуірде дүниеге келген. Оның есімі Қазақстанның өнеркәсібі мен ғылымының қалыптасу кезеңімен тығыз байланысты. Қ.И.Сәтбаев ̶ Қазақстан жер қойнауының пайдалы қазбаларын, Жезқазғандағы мыс қорларын ашқан алғашқы қазақ геологы, Қазақстан Ғылым Академиясының ұйымдастырушысы және тұңғыш президенті, Кеңес Одағының шығыс республикаларынан шыққан КСРО ғылым академиясының тұңғыш академигі, КСРО және Қазақ КСР жоғарғы кеңестерінің депутаты, Мемлекеттік және Ленин сыйлықтарының лауреаты, төрт мәрте Ленин орденімен, 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған.
Шараның мақсаты – қазақтың тұңғыш геологы, академик, қазақ металлогения мектебінің негізін қалаушы Қ.И. Сәтбаевтың ғылыми мұрасын насихаттау және сақтау, ел дамуына елеулі үлес қосқан ғалымның әйгілі тұлғасына оқырмандар назарын аудару.