Kyzylorda-news.kz.  Жақында ҚР Оқу-ағарту министрлігі биылғы оқу жылы 25 мамыр күні аяқталатынын мәлімдеген болатын. Жалпы республика бойынша 11 сыныпты 186 мың оқушы аяқтайды деп күтілуде. 25 мамыр күні осынша түлек үшін Соңғы қоңырау соғылады. 2023-2024 оқу жылын сырдариялық 8193 оқушы аяқтайды. Сонымен қатар 806 шәкірт негізгі мектепті 9 сыныпты, 438 жас түлек 11 сыныпты бітіреді.

2023-2024 оқу жылының аяқталуына орай Сырдария аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков арнайы брифинг өткізді. Брифингте бөлім басшысы аудандағы мектептердің сапалы интернетке қосылу көрсеткішіне, оқу жылындағы жетістіктерге, ҰБТ-ның маңызды кезеңі мен соңғы қоңырау, аттестат тапсыру кешін өткізудегі бірқатар шектеулерге және өзгерістерге тоқталды.

Оқу жылының қорытындысы бойынша ауданда сапалы интернет көрсеткіші төрт есеге артты. Орта білім беру ұйымдарын жылдам және тұрақты интернетпен қамтамасыз ету үшін нақты жұмыстар атқарылды.

– Мектептерде жоғары жылдамдықтағы интернетті қамтамасыз етудің бірнеше маңызды артықшылықтары бар. Біріншіден, бұл оқушылар мен мұғалімдерге үлкен көлемдегі ақпарат пен білім беру ресурстарына қол жеткізуге мүмкіндік береді, оқу процесі мен ой-өрісті кеңейтуге ықпал етеді. Екіншіден, жоғары жылдамдықтағы интернет түрлі онлайн-платформалар арқылы басқа мектептермен және білім беру мекемелерімен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігін қамтамасыз етеді, коммуникацияны дамытуға және тәжірибе алмасуға ықпал етеді, – деп атап өтті білім бөлімінің басшысы Берік Съездұлы.

Білім бөлімі қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту, желілік қамтуды кеңейту, деректерді беру жылдамдығын арттыру және Аманкелді, Іңкәрдария секілді шалғай ауылдарды жоғары және тұрақты интернеттің қолжетімділігімен қамтамасыз ету үшін Starlink спутниктік интернет желісіне қосылуды жоспарлауда.

Бөлім басшысының айтуынша, 2023-2024 оқу жылы аудан үшін айтарлықтай жетістіктерге толы болды. Халықаралық ғылыми жобалар байқауында №139 орта мектептің оқушысы жүлделі І орын иеленді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша президенттік, республикалық олимпиада және ғылыми жоба байқауының қорытынды кезеңіне 6 оқушы қатысып, 4 оқушы жүлделі орын еншіледі. Олар – №35 мектеп-лицей, №36 мектеп-лицей оқушылары. Ал алғаш рет өткізілген ауыл мектептерінің оқушыларына арналған олимпиаданың республикалық кезеңіне 6 оқушы қатысып, №42 мектеп-лицей, №36 мектеп-лицей, №210 орта мектептің оқушылары жүлделі орындарға ие болды.

– Бұл жетістіктің барлығы – жүйелі әрі табанды жұмыстың нәтижесі. 2023-2024 оқу жылында жаратылыстану-математикалық бағыттағы 6 пән бойынша «Қамбаш» Олимпиадалар және қосымша білім беру орталықтары базасында жалпы білім беру ұйымдарының 7-10 сынып оқушылары 6 кезең бойынша 96 оқушы дайындық курсынан өтті. Сонымен қатар ауданымызда «Жарқын болашақ» олимпиадалық резерв мектебі жыл бойы үздіксіз жұмыс жасап, 150 оқушыға жыл бойы үздіксіз дайындық жүргізілді, – деді Б.Жәнібеков.

Бөлім басшысы педагогтердің мәртебесін арттыру бағытында тиісті жұмыстар жалғасып жатқанын тілге тиек етті. 2023 жылдан бастап аудандық кәсіподақпен бірлесіп 3 кезеңнен тұратын пән мұғалімдері арасында кәсіби байқаулар ұйымдастырылуда. Бас жүлде алған ұстазға Алматы қаласында орналасқан санаторийге жолдама беріледі. Байқау биылғы жылы қазақ тілі, география, биология пәні мұғалімдері арасында өткізілді. Сонымен бірге, мектептерді қолдау, ынталандыру бағытында негізгі көрсеткіштер бойынша рейтинг жұмыстары жүргізіледі. Жоғары нәтиже көрсеткен мектептерге 1 млн теңге көлемінде сыйақы беріледі. Атап өту қажет, былтыр №42, №131 мектептер үздіктер қатарынан көрінді.

– Ағымдағы жылдың 6-14 мамыр аралығында Ұлттық бірыңғай тестілеудің ең маңызды үшінші кезеңіне 371 талапкерден өтініштер app.testcenter.kz сайты арқылы қабылданды. Маңыздылығы сонда, бітірушілер осы тестілеудің қорытындысымен берілетін сертификат арқылы мемлекеттік грант конкурсына қатысатын мүмкіндікке ие болады, – деді білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков.

Өздеріңізге белгілі, ҰБТ-ны түлектер мемлекеттік грантқа оқуға түсу үшін 16 мамырдан бастап 5 шілдеге дейін тапсыратын болады. Сырдария ауданының түлектері Қызылорда қаласында орналасқан тестілеу пунктінде тапсырады.

– Көпті толғандырған мәселеге тоқталсам, 24 мамыр күні 1-10 сыныптарда «Білімім – Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары, 25 мамыр күні 11 сынып бітірушілері үшін «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шарасы мектеп қабырғасында өткізіледі. 14 маусым күні мектеп бітіруші түлектерге арналған «Жолың болсын, жас түлек!» аттестат тапсыру салтанатты іс-шарасы ұйымдастырылады. Іс-шараларды өткізу мектептің бірінші басшылығының бұйрығымен және ата-аналар комитетінің келісімімен жүзеге асырылады. Түлектердің міндетті түрде мектеп формасында болуы қатаң бақыланады. 25 мамыр, 14 маусым күндері тәулік бойы патрульдік полициямен, ата-аналармен, педагогтер бірлесіп, күшейтілген кезекшіліктер ұйымдастырылады. Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес мемлекеттік қорытынды бітіру емтихандары 9-сыныптар үшін 29 мамыр-10 маусым аралығында 4 пән бойынша, 11-сыныптар үшін 28 мамыр мен 11 маусым аралығында 5 пән бойынша өткізіледі. Мемлекеттік емтихандарға дайындық жұмыстары жүргізілуде, – деді брифингте Б.Жәнібеков.

Сондай-ақ барлық білім беру ұйымдарының басшыларына білім бөлімі тарапынан, мектеп бітіруші түлектердің ата-аналарымен сәнді киім-кешекке жұмсалатын шығындардың орынсыздығы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуге, мерекелік дастарқандарды ұйымдастыруға, жалға берілетін автокөліктерді пайдалана отырып, қалада, қала сыртында экскурсиялар өткізуге жол бермеу жөнінде қатаң түрде тапсырылғаны хабарланды.

Жалпы, оқу жылын сапалы аяқтау және балалардың қауіпсіздік іс-шараларын үйлестіру білім бөлімінің тұрақты бақылауына алынғанын еске салды брифингте бөлім басшысы.

Бибісара ЖАНӘЛІ

Тағы да оқыңыз: