Kyzylorda-news.kz Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл бастама – жастарды еңбекке баулуға, техникалық және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған.
Аталған бастама аясында Қызылорда қаласының мектеп оқушылары өңірдегі жиһаз өндірісімен айналысатын «Панабек» серіктестігіне экскурсия жасап, кәсіпорынның жұмысымен танысты.
Айта кетейік, облыс аумағында жиһаз өндірісімен 20-ға жуық шағын кәсіпорын айналысады. Олар негізінен тұрғын үйлер мен жатын бөлмелерге арналған жиһаз өнімдерін шығаруға маманданған.
«Панабек» серіктестігі – осы салада 20 жылдан астам уақыт бойы табысты еңбек етіп келе жатқан кәсіпорын. Кәсіпорын өзінің сапалы өнімдері мен кәсіби шеберлігі арқылы өңір тұрғындарының сеніміне ие болып, облыс экономикасына елеулі үлес қосып келеді.

Өндіріс қуатын арттыру мақсатында өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 59 млн теңге көлемінде қаржы алынған. Нәтижесінде, қала аумағынан 1 гектар жер телімі сатып алынып, өндіріс толығымен автоматтандырылды. Қазіргі уақытта жылына 35 мың данаға дейін кеңсе, асхана, мектеп парталары мен басқа да жиһаз түрлері шығарылады.
Өнімдер облыс тұрғындары арасында жоғары сұранысқа ие. Биыл кәсіпорын «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауында «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясын жеңіп алды.
Сонымен қатар, компания Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 5 мектепті сапалы жиһазбен қамтамасыз етті.
Мұндай іс-шаралар оқушылардың кәсіби бағдарын анықтап, жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізеді.

