Kyzylorda-news.kz. «Батырдың аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деп тәмсілдеткен дана халқымыздың кей түсінігіне қарап қайран қаласың. Сондай-ақ, сол даналық ойдың астарын шын өмірде аңғарып, бір кісінің бойынан көргенде екінші мәрте таң-тамаша боласын. Сөз басында айтқанымдай бүгінгі жазбамда хатымен ғалым атанып, білім майданында батыр бола білген ерекше ұлағат иесі туралы сөз еткім келеді. Жазба кейіпкері – Ұлжан Алибаевна.
Саналы ғұмырының біраз жылын білім беру ісіне арнап, ұрпақ тәрбиесі жолында өнегелі өмір кешіп келе жатырған Ұлжан ханымның адымдық болмысын, ұстаздық ұлағатын, кәсіби біліктілігін сөз еткенде бір ауыз ойға тоқталуға болатындай. Ол – шәкіртімен мың жасайтын ұлағат иесі.
Ұлжан Алибаевна шәкірттері бізден тұрақта іс-тәжірибелік алаңдардан өтіп тұрады. Колледж қабырғасында алған теориялық білімін тәжірибе ретінде үздік көрсете алады. Бұл Ұлжан ханымның білім алушылар көкейіне ғылым сәулесін жағып, білігін ұғындыра алғандығы деп білемін. Оның шәкірттері тек кәсіби білікті маман ретінде ғана емес, адамдық тұрғысында да сыннан сүрінбей келеді. Бұл кейіпкеріміздің білік пен білімді, адамдық пен ожданды қатар үйрете алатын ұстаз екенінің бір көрінісі.
Балабақша ісін жүргізу, мектепке дейінгі білім беру процестері адам жанының нәзік әрі мейірімге толы болуын талап етеді. Ал осыны ұғына отырып, сол істі жүргізетін педагогтердің өзін даярлайтын ұстаздардың қандай қасиетке ие болу керектігін айтпай түсінуге болады. Ұлжан ханымның мейірімділігі осы үдеден мүдірмей, не болмаса кемшіл шықпауына көмек ететіндей. Алдына келген ізденушіге өң бойынан өткізіп, жүрек түкпіріндегі адами сипаттарды сана төрінде жаңғырған сан жылдық тәжірибемен ұштастырып бере алған ұстаз есіміне қалайша бас имейсің?!
Қарлығаш Қарақұлова
Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімі
«Алпамыс» бөбекжай бақшасының меңгерушісі
