Kyzylorda-news.kz. Ғылымдағы әйелдерге қолдау көрсетуге бағытталған бұл мереке 2015 жылдан бастап атап өтіледі. Мереке қарсаңында Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің нәзік жанды ғалымдары өз жетістіктері туралы сөз қозғады.
Қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 27 ғылыми жоба орындалуда. Оның ішінде 17-сі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан қаржыландырылған гранттық жобаға жатады. Ал, су тапшылығы және су мәселесі бойынша 1 жоба жүзеге асса, әртараптық ұйымдардың тапсырысымен келісім шарт негізінде 4 жоба жүріп жатыр. Сонымен қатар, университеттің екі ғалымы халықаралық жобаларға қатысуда. Осы ғылыми жобалардың жалпы жетекшілерінің саны 24 болса, оның 7-еуі, яғни, 30 пайызы нәзік жанды ғалымдарды құрайды. Айта кету керек, бұл ғылыми жобаларды орындау үшін университеттің 170 ғалымы тартылды. Ал, ол жобалардағы әйелдердің саны - 88. Жалпы, біз ғылым-білім саласында жүрген азаматтарды ер, әйел деп бөлмейміз. Десе де, статистикалық мәліметке көз жүгірткенде ғылымда әйелдердің үлесінің мол екенін байқадық, - дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма мүшесі - Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Майнұр Бөрібаева.
Ғылыми жобаларға міндетті түрде білім алушылар да қатысады. Мұндағы мақсат - университет студенттерін ғылымға баулу, жас шәкірттерді тәрбиелеу. Олар сол жобалар арқылы өз зерттеулерін бастап, әрі қарай үлкен ғылым жолына бет бұрады. Ал, бұл білім алушылардың 62 пайызы әйел адамдардан тұрады.
Менің ғылым саласына бет бұрғаныма 26 жыл болды. Бұл жолды бастауыма себепкер болған ең басты адам - менің ұстазым еді. Мен 2006 жылы Қызылорда облысы бойынша алғаш рет толық селектор әдісін ұйымдастырдым. Сол жылдардан бастап бүгінгі күнге дейін “Сыр аруы”, “Қымбат”, “Сымбат”, “Құралай”, “Қайсар” атты жаздық арпа сорттарын және “Зарина” деп аталатын бидайдың сортын шығардым. Жалпы, әр ғалым бір сортты шығару үшін кемі 15 жылға жуық уақытын жұмсайды. Ол біздің туған перзентіміз іспеттес болғандықтан, олардың атын қойған кезде де ерекше мән береміз.
Қазіргі таңда бізде су тапшылығы мәселесі көп талқылануда. Ал, біздің аймақ суды көп қажет ететін күріш өнімін өте көп өсіреді. Бүгінде күріш егуді азайту керектігі жөнінде де сөз қозғалып жатыр. Сондықтан мен суды аз талап ететін арпа, бидай өнімдерін көп егуді ұсынар едім. Олар наурыз айында егіледі де шілдеде басталмай тұрып толық пісіп болады. Мұндай дақылдардан жылына екі рет өнім алуға болады, - деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аграрлық технологиялар кафедрасының профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Лаура Тохетова.
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі