Kyzylorda-news.kz   1 қыркүйек – әр адам үшін өміріндегі ең ерекше мерекенің бірі. Бұл күн оқушылар үшін жаңа белес пен тағы бір жетістіктің бастауы. Міне, биылғы оқу жылында білім беру ұйымдарында облыс бойынша 184 924 оқушы білім алса, 17 383 оқушы алғашқы қоңыраудың үнін еститін болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов мәлімдеді.

– 1 қыркүйек күні «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбында мектептің барлық қауымдастығының қатысуымен және 1, 11 сынып оқушыларымен бірлескен салтанатты шара форматында өткізіледі. Ал, 2 қыркүйекте «Менің Отаным – Қазақстан!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары өтетін болады. Осы ретте айта кету керек, жексенбі, яғни 1 қыркүйек күні жұмыс жасаған педагогтарға Еңбек кодексіне сәйкес қосымша ақы төленеді немесе басқа күндерде демалыс қарастырылады. Бұл жөнінде мектеп әкімшілігі шешім қабылдайтын болады. Өздеріңізге белгілі, биылғы жылғы облыстық педагогика қызметкерлерінің тамыз кеңесі «Цифрлы Қазақстан: жаңа замандағы білім беру» тақырыбы аясында өткізілді. Себебі қазіргі ақпараттық қоғамда, үздіксіз дамып келе жатқан әлемдік өркениетте адамзатты кемел ойға тек білім ғана жетелейді. Цифрлық технологияларды, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, ең алдымен, сапалы контент жасау, дербестендірілген оқыту мен бағалау үшін жағдайлар жасауға, әрбір білім алушының, педагог маманның және білім беру ұйымының қажеттіліктерін ескере отырып, оқу процесін жетілдіруге бағытталады. Осы ретте, өңірімізде білім беру саласын цифрландыру және интерактивтік технологияларды оқу процесіне енгізу бағытында бірқатар шаралар атқарылуда. ҚР Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру Жол картасының 82-тармағы бойынша, балалар қауіпсіздігін, асхана мен кітапхана жұмысын цифрландыруға бағытына облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп,  87 мектепке аппараттық бағдарламалық кешен орнатылды. Қазіргі таңда мектептерде 865 жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқытатын кабинет болса, биыл 56 жаңа пәндік кабинет сатып алуға қаржы бөлінді. Қызылорда қаласындағы мектептері 484 интерактивті панель, 14 мектеп ЛЕД-экрандармен жабдықталды. Бастауыш сынып және ерекше қажеттілігі бар балалар үшін 17 интерактивті логопедтік құрылғылар орнатылуда. Сонымен қатар, 6 Айти-мектеп-лицейге жасанды интеллект элементтерін тереңірек меңгерту үшін адамтәрізді роботтар алынды. «Қазақстан Халқына» қоры арқылы ауылдық жерлердегі ресурстық орталықтар ретінде 2024 жылы 3 мектеп интерактивті және заманауи оқу кабинеттерімен қайта жабдықталуда. Жоғарыда баяндалған цифрлық ресурстарды білім беру процесінде тиімді қолданып, оқу сапасын арттыру білім беру ұйымдарының басты мақсаты,-деді Асқарбек Темірбекұлы.

Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Тағы да оқыңыз: