Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласында 3 жылдан бері қазақтың ұлттық аспаптарын жасайтын шеберхана жұмыс жасайды.

Қызылорда қаласында мемлекеттік бағдарламалар аясында несие алып жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлік нысандарға баспасөз туры ұйымдастырылды. Алғашқы бағыт «Жетіген Саз аспаптары» ЖШС болды. Серіктестік директоры Біржан Ділманов 2019 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 6 пайызбен 14 млн теңге несие алған.

Кәсіпкердің айтуынша, ол алғашқыда Алматы қаласындағы ұлттық аспаптар шығару шеберханаларында жұмыс жасаған. Біраз уақыттан кейін Қызылорда облысына оралып, Шиелі ауданындағы әкесінің шеберханасында өз ісін жалғастырған.

«Бұл кәсіпті ең алғаш әкемнің ағасы бастаған. Сонан соң бауырлары бірінен соң бірі кәсіпті дөңгелетіп әкетті. Мен де әке жолын қуып, қазақтың ұлттық аспаптарын шығаруды қолға алдым. Шиелі ауданында өткен көрмеде облыстың бұрынғы әкімі Қырымбек Көшербаев «мұндай кәсіптің облыс орталығында орналасқаны жөн» деген соң, кәсібіміздің көкжиегін кеңейту мақсатында қалаға көшіп келдік. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу арқылы түрлі мекемелерден тапсырыс қабылдаймыз. Сонымен қатар өзге өңірлерден де сұраныс түседі. Домбыраның ең арзаны 45 мың теңгеден басталып, ең қымбаты 450 мың теңгеге дейін барады», – дейді кәсіпкер.

Ұстаның айтуынша, бір домбыраны жасауға бір апта уақыт кетеді. Ал қымбат домбыраларға жарты жылға жуық уақыт жұмсалады. Бүгінде шеберханада 30-дан астам ұлттық аспап жасалады.

Кәсіпкер мемлекет тарапынан алған несиеге сурет, ою-өрнек оятын лазерлік құрылғы, ағашты кесіп-өңдейтін құрал-жабдықтар сатып алған. Қазіргі таңда шеберханада 5 адам жұмыспен қамтылған. Баспасөз-турының келесі бағыты қаладағы «Брусчатка KZO» нысаны болды. Тас төсеніштерді өндіретін цех 2019 жылы жұмысын бастаған. Бұл кәсіпкерлік нысан да аталған мемлекеттік бағдарламасы аясында 10 млн теңге несие алған. мемлекет тарапынан алынған қаражатқа кәсіпкер Назым Анарбекқызы «Камаз» жүк көлігін, өнім шығаруға арналған құрылғылар алып, цех құрылысын жүргізген.

Кәсіпкердің әкесі Анарбек Күнтуаров 7 жыл бұрын қалада брусчатка өнімін шығарумен айналысқан. Алайда кәсіпкер қаражаттың жоқтығынан өз ісін жабады. Қазіргі таңда Анарбек Күнтуаров қызының кәсібін дөңгелетуге атсалысып келеді.

«Цехта күніне 60-100 шаршы метр брусчатка шығарылады. Өнімге қажетті шикізаттар Шиелі, Жаңақорған аудандарынан әкелінеді. Ал өнімнің бағасы түріне қарай шаршы метріне 2500-3000 теңгеден сатылады. Қазіргі таңда өнімге сұраныс көп. Бұған дейін қаладағы мектептерге өз өнімімізді сатып үлгердік», – дейді Анарбек Күнтуаров.

Кәсіпкердің айтуынша, түрлі-түсті тас төсеніштер шаршы метріне 3000 теңгеден сатылса, түссізі 2500 теңгеден сатылуда.

Қаладағы ірі кәсіпкерлік нысандардың бірі «Қыстаубаев» ЖК. Мұнда жиһаз жасалып, сатылымға шығарылады. Бұл кәсіпкерлік нысан да жоғарыда аталған бағдарлама негізінде 15 млн теңге несие алған. Қазіргі таңда мұндағы өнімдерге алыс-жақын шетелдерден де сұраныс бар. Кәсіпкерлік нысанда 6 адам жұмыспен қамтылған.

«Нәтижелі жұмыспен қамту жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының игілігін көрген «Орда Инвест» кәсіпкерлік нысаны да 2019 жылы 8,3 млн теңге несие алып, қала орталығында өз кәсіпкерін жөңгелетіп келеді. Бұл кәсіпкерлік нысан құрылысқа қажетті әк және пескоблок өнімдерін шығаруда.

«Орда Инвест» ЖК басшысының орынбасары Азамат Жанақұловтың айтуынша, цехта күніне 4 тонна әк, 1000-1100 дана пескоблок өндіріледі. Кәсіпкерлік нысан бүгінде 13 адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Пескоблок өніміне шикізат Шиелі ауданында әкелінеді. Алдағы уақытта әк өнімін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар пескоблок өнімін шығаратын тағы 2 құрылғы сатып алу жоспарда бар», – дейді Азамат Жанақұлов.

Баспасөз туры барысында көрген кәсіпкерлік нысандардың барлығы мемлекет тарапынан қолдауға ие болған. Олар алдағы уақытта да мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіптерін кеңейтуді көздейді.

Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты кент және ауылдық округтер бойынша биыл жоба құны 207 млн 540 мың теңгені құрайтын 23 жоба қолдау алды. Бөлім тарапынан мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырлатын жобаларды сүйемелдеу, қолдау көрсету, түсіндіру, насихаттау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде», – дейді Қызылорда қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бағлан Амангелдиев.

Айта кетейік, биылғы жылдың мамыр айына дейін облыс орталығында 26 358 шағын кәсіпкерлік нысан тіркелген. Оның ішінде нақты жұмыс жасап тұрғаны 22 518 нысанды құрайды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,6% пайызға өсті. Аймақта жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 45,5%-ы Қызылорда қаласының үлесінде.

Тағы да оқыңыз: