Kyzylorda-news.kz. А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің 90 жылдығы аясында “Заманауи медиа кеңістіктегі аймақтық баспасөздің маңызы мен рөлі” атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде. Салтанатты шарада қос басылымның 90 жылдық мерейтойына орай серіктестік қызметкерлері марапатталды.

Облыстың Құрмет грамотасы:

1. Ақсақалов Жолдасбек Әленұлы –облыстық «Сыр бойы» газетінде 36 жылдан бері табан аудармастан еңбек етіп келеді. Еңбек жолын корректорлықтан бастаған ол газет жұмысының барлық сатыларынан өткен. 2010-2012 жылдары «Сыр бойы» газетінің бас редакторы болған. Қазіргі таңда газеттің экономика бөлімінің меңгерушісі. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Бірнеше публицистикалық кітаптардың авторы.

  1. Жакибаева Гүлмира Ақтілекқызы – облыстық «Кызылординские вести» газетінде 2000 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Еңбек жолын облыстық газеттің кіші тілшілігінен бастаған ол бүгінде «Экономика» бөлімінің аға тілшісі. 2017 жылы «Ауыл шаруашылығы саласындағы жылдың үздік журналисі» атанған.

  2. Шегенбаева Айгүл Жолайқызы –еңбек жолын 2009 жылы «Сыр бойы» газетінің есепші-кассирі қызметінен бастаған. Кейін, 2010 жылы «Сыр медиа» серіктестігі құрылғанда медиахолдингтің есепшісі қызметіне ауысқан. Қазіргі таңда «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аға есепшісі.

Облыс әкімінің Алғыс хаты:

  1. Өтешова Гүлмира Төлебайқызы – облыстық «Сыр бойы» газетінде 30 жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы жылдар аралығында басылымның көркемдік жағынан сапалы шығуына зор еңбек сіңіріп келе жатқан ол бүгінде аталған облыстық басылымның компьютер орталығының дизайнері.

  2. Алдамжарова София Үрістембекқызы – «Кызылординские вести» газетіндегі еңбек жолын 2000 жылы дизайнерліктен бастаған. Кейін осы басылымда жауапты хатшы, түрлі бөлімдерде тілші қызметін атқарған. Бүгінде аталған облыстық газеттің аға тілшісі. 2010, 2012 жылдары «Қанатты қалам» фестивалінің жеңімпазы атанған.

3. Көшербаев Сәбит Сәйпенұлы – «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 2011 жылдан бастап еңбек етіп келеді. «Сыр медиа» ЖШС-да Ақпараттық талдау орталығының, Жарнама бөлімдерінің басшысы қызметтерін атқарған ол бүгінде медиахолдингтің Әкімшілік бөлімінің шаруашылық жөніндегі бас маманы болып жұмыс жасайды. Сондай-ақ, ол әр жылдары мемлекеттік қызмет саласында түрлі лауазымдарды атқарған.

  1. Қарапаева Айсауле Сағатбекқызы – «Сыр бойы» газетінде 2010 жылдан бері тілшілік қызмет атқарады. Осынау 10 жылдың ішінде оның есімі оқырмандарына экономика тақырыбына төселген журналист ретінде танылды. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

  2. Скорняков Виталий Владимирович – облыстық «Кызылординские вести» газетінде 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. Еңбек жолын дизайнерліктен бастаған ол 2018 жылдан бастап аталған облыстық газеттің компьютер орталығының меңгерушісі.

Қазақстан Республикасының Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Бейсенғазыұлы Матаевтың марапаты:

«Қазақстанның құрметті журналисі» атағы:

1. Мырзахметұлы Қайырбек – ардагер-журналист. Облыстың бас басылымы «Сыр бойы» газетінде 50 жылға жуық қызмет еткен. Еңбек жолын қарапайым хат тіркеушіден бастап, бөлім меңгерушісі қызметіне дейін көтерілген. 85 жастағы ардагер ағамыз бүгінгі таңда өзінің сүйікті басылымынан қол үзбей, оқырмандарын ескірмейтін естелік, ойлы очетерімен қуантып келеді.

2. Қасымов Тимур Равильұлы – облыстық «Кызылординские вести» газетінде 40 жыл бойы еңбек етіп, биылғы жылы зейнеткерлікке шыққан. Еңбек жолын тілшіліктен бастаған ол соңғы 11 жылда облыстық «Кызылординские вести» басылымының бас редакторы қызметін атқарған. Қазақстан Республикасы Құрмет Грамотасымен марапатталған.

Тағы да оқыңыз: