Kyzylorda-news.kz «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, оны айтатын табиғаттың тілі жоқ» дегенді адамзат үзбей айтып келеді. Кейде адамдар табиғаттың ата жауы тәрізді, жойқын жауыздықпен әрекет етеді. Иыққа мылтықты іліп, аңды ысырапшылықпен атып, отын көрсек, тамырымен жұламыз. Әйтсе де, бір нәрсені түсіну керек. Өмір бүгінмен тоқтап қалмайды. Жол бойында өсіп тұрған Сыр талы, тораңғыл, терек пен жидені айтпағанда сексеуілдің өзі өздігінен шықпайды. Оны да Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме мамандары күннің аптап ыстығы мен өңменіңнен өткен қара суыққа қарамай егіп, өсіріп, қорғап жүр. Соның бірі – Бейбіт Ибадуллаев.

Бейбіт Дүйсенұлы еңбекке араласқалы бері осы салада тынбай тер төгіп жүр. Нөсер-жауынға, боран-дауылға қарамай дала кезіп, табиғатты қорғап келеді. Ағаштар қорын көбейтуде де атқарған еңбектері ерен. Мұны табиғат-ананың алдындағы борышы санайды.

– Ауылдың қарапайым баласымын. Адал еңбектің нанын жеу өмірлік ұстанымыма айналған. Табандылық танытып, айтқанымнан қайтпай осы салаға білек сыбана кірістім. Қазір әріптестерімнің арасында абырой-беделім бар. Тау қопарып, тас жардым деп айта алмаймын, бірақ әрбір жұмысты, мойынға алған міндетті жауапкершілікпен орындап келемін», – дейді ол.

Үнемі елдің сыртында, бекітілген аймақта еңбек етіп жүрген Бейбіт иен далада қонып қалатын кездері бар екенін айтады.

– Еліміздің табиғаты сондай көркем, сондай бай. Аң-құстың, ағаштар мен өсімдіктердің түр-түрін кезіктіресің. Көңілің көкте қалықтаған құс тәрізді көтеріліп, туған жердің төсінде, ата-бабамыздан аманат болған алып далада еңбектеніп жүргеніме қуанамын. Мамандығымды мақтан етемін. Әсіресе, маңдай терімді төгіп, еңбектеніп, соның жемісін жеп жүргендегі сезім тіпті ерекше. Еңбек адамын құрметтеп, төрге шығаратын осы кезеңде қызметімізді айтып, ерекше алғыс та көрсетіліп жатады. Ондайда ең бірінші, ата-анамның «Адам бол!» деген ақылы ойға оралады, – дейді инспектор.

«Орман – еліміздің баға жетпес байлығы, дәулеті, теңдесі жоқ экологиялық қорымыз» деп ұрандаған саланың ел ішінде атқарып жатқан осындай ұшан-теңіз еңбегі бар. Әрине, марапат та жақсы, бірақ ең әуелі халықтың алғысы басты орында тұрады. Бейбіттің ұстанымы да осы..

Жыл бойы тыным таппайтын еңбеккерлер сексеуіл егеді, оны қоршайды. Терек, жиде, қара тал тәрізді ағаштардың бұтақтарынан қаламша жасап, оны мұз қалашыққа көмеді де, көктемде апарып отырғызады. Кәдімгі бағбан. Кейде оларды орманшы демей, бағбан дегің келеді.

– Айналаңыз жап-жасыл талмен көмкеріліп, жүрген жолыңыздың екі бетінде сексеуіл жайқалып тұрса, керемет емес пе?! Жазда аптап ыстықтан қорғайды, қыста ық болады. Ал кейде тіпті қардың жолға жиналуына кедергі болып, суықты да ұстап тұрады. Сондықтан ағаштарға тек отын ретінде қарау дұрыс емес. Табиғатты аялайық, оның қадірін түсінейік, – дейді табиғат жанашыры.

Жұмысының жауапкершілігі жоғары. Табиғат-ананы алақанда аялап, оны күтіп-баптауды мойынға алып, өз міндетін мүлтіксіз орындап жүр.
 

Тағы да оқыңыз: