Kyzylorda-news.kz Сыр өңіріндегі қай салада болса да игі бастама мен оң өзгерістер жетерлік. Әлбетте, оның барлығын жіпке тізгендей айтып беруге болар, бірақ бір атанға жүк болардай осынау жетістіктер жолына қысқаша шолу жасағанды жөн көрдік.
Білім – бақтың жібермейтін қазығы
Елдің болашағына барар төте жол, сапалы ұрпақтың алтын кілті – білімде. Көзі ашық, көкірегі ояу тұлғаларды қалыптастыру – аға ұрпақтың мойнындағы жүк. Осы саладағы жетістік те аз емес. Әрине, ұстаздар мен оқушылардың ішінара жетіп жүрген белесі мен биіктері – өз алдына бір төбе. «Білім беруге жағдай жасамаған ел түрмені көптеп салуға мәжбүр болады» деген ойды оқыған едім. Ал өңірде ашылып жатқан мектеп пен жаңарып жатқан білім ошақтарын санауға саусақ жетпейді. Оның барлығы да қара орман халықтың көз алдында өтіп жатыр. Мәселен, қаланың шет бөліктерінің бірі – «Сабалақ» саяжайы тұрғындарының басты мұңы мектеп болатын. Білім алуға ынта-ықыласы мол әрбір шәкірттің санасына сәуле шашатын мықты ұстаздар шоғырланған білім ошағы – 150 орындық №285 мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты есігін айқара ашты.
«Бәйтерек» шағын ауданында да №287 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, жақын аудандағы №261, 280 мектептердің жүктемесі азайды. Оқушылар заман талабына сай, сапалы білім ошағында оқи бастады. Қызылорда қаласының өзінде 2 жаңа мектеп ашылса, 4 мектепке қосымша ғимарат пайдалануға беріліп, ұрпақтың сапалы білім нәрімен сусындауына барынша жағдай жасалды. Мектеп құрылысы туралы тақырып тіні ағытылса, «Жайлы мектеп» жобасы ойға оралады. Осы ұлттық жоба аясында да тындырымды тірлік бар.
Айтпақшы, білім ошағында балаларды тасымалдау үшін жаңа үлгідегі 30 автобус сатылып алынып, ең қажет деген білім ошақтарына үлестірілді. Мұның өзі сан жылдан бері қол жеткізіп отырған басты жетістіктер. Тіпті өткен жылы 102 оқушы республикалық, халықаралық деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы атанды. Ал ұстаздардың өзі сан алуан жетістікке қол жеткізіп келеді. Жерлесіміз, білікті ұстаз Әсел Пірмағанбетованың республикалық деңгейде «Үздік педагог» атануы Сыр ұстаздарының мерейін үстем, абыройын асқақ етті.
Халық денсаулығы басты назарда
Адамзат үшін қоғамдағы ең қажетті, ең маңызды екі сала болса, оның бірі – білім, екіншісі – медицина. Ұстаз ұлттың жанын емдесе, дәрігер тәнін емдейді. Сыр медицинасы да тың серпін алды.
Мемлекет адам капиталын басты байлық санайды. Денсаулық сақтау саласына қолдау аз болмады. Өткен жылы медицина саласына 138, 6 млрд теңге бөлінді. Қызылорда қаласында 36,4 млрд теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды.
Өңірде тапшы мамандарды даярлау ісі де жалғасуда. Өткен жылы жылға арнайы 24 грант бөлінген. 575 дәрігер, 738 орта буын қызметкерінің білімін жетілдіруге 88 млн теңге қаралды. Ал денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етуге 4,0 млрд теңге қаржы бөлінді. Оған МРТ, УЗИ, рентген, видеогастроскоп, фибробронхоскоп аппараттары алынды. «Қазақстан халқына» қоры республика бойынша 3 облыста бар, құны 1,1 млрд. теңге (1 091,0 млн. теңге) тұратын онкологиялық скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етті. Мұнда компьютерлі томограф, цифрлық рентген, ультрадыбыстық аппарат қаралған. Бұл өз кезегінде шалғай елдімекендердегі облыс тұрғындарының жоғары мамандандырылған медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға, орташа өмір сүру жасын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, бұған дейін облыстық онкология орталығы көпбейінді облыстық ауруханасының емханалық ғимаратында орналасып, көлемінің жеткіліксіздігінен, химиотерапия алатын онкологиялық науқастарға және отадан кейінгі кезеңдерде үлкен қиындық туғызған болатын. Осы орайда, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының модульдік бөлімшесінің ғимаратын материалдық-техникалық жабдықтарымен бірге облыстық онкология орталығына беріліп, қалыпты жұмысын жалғастыруда.
Бүгінгі күні жүкті әйелдерге, босанатын, босанған әйелдерге, жаңа туған нәрестелерге және гинекологиялық науқастарға перинаталдық көмек көрсететін жалғыз медициналық ұйым – облыстық перинаталдық орталық. Осыған орай, орталық жүктемесін азайту және тар буынды мамандардың консультациясын шұғыл және дер кезінде ұйымдастыру мақсатында да тиісті жұмыстар атқарылды.
Сондай-ақ балаларға арнайы мамандандырылған стационарлы соматикалық, нейрохирургиялық және хирургиялық медициналық көмек көрсететін жалғыз медициналық ұйым – 200 төсек орынға арналған көпбейінді облыстық балалар ауруханасы. Аурухана 200 төсек орынға арналғанымен, 360 төсек болып үстемемен жұмыс жасауда. Аталған аурухана базасында даму бұзылыстары бар 3 жасқа дейінгі балаларға арналған ерте араласу орталығын ашу үшін 124,6 млн теңгеге құрал-жабдықпен «Қазақстан халқына қоры» арқылы қамтамасыз етілді. Өткен жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 4 (Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған) көпбейінді аудандық орталық ауруханаға қосымша құрылыс салу арқылы қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. 2025 жылы аса қымбат медициналық техника алуға 5 млрд. теңге қаржы бөліну жоспарлануда. Ұлттық жоба аясында өңірде құны 11,0 млрд теңгені құрайтын 27 нысан тізімі енгізілді.
Спорт саңлақтары серпінді дамудағы жолын жалғады
Сырда спорт қарқынды дамуға бет алды. Әсіресе, жекпе-жек бағытындағы жетістіктер қоржыны толайым. Ал қазақ футболының көсегесін көгертемін деп шынашақтай сәтінен арман қуып өсіп келе жатқан өрендердің бар екені қуантады. Әйтсе де, спорт саласында елді бір серпілтіп тастаған ерекше оқиғаның бірі осы футболда болды. Бүгінде ел құрамасы аутсайдерден фаворитке айналды. Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, Германиядағы кәрі құрлықтың басты аламанының жолдамасын жеңіп алуға мүмкіндік алды. Бұл – басты сенсация. Сондай-ақ қызылордалық «Қайсар» да ел чемпионатында тәп-тәуір нәтиже көрсетті. Бірінші лигадан жаңа шыққан ұжым премьер-лигада көпшілік күтпеген сәттерге ие болды. 17 жылдан кейін Алматыда «Қайратты» 3:0 есебімен жеңіп, қызылордалық жанкүйерлерді қуантқаны ел есінде.
Сыр мәдениеті тұғырда
Мәдениет саласы қашанда ерекше мәнге ие. Бұл салада қыруар тірлік атқарылуда. Аймақ басшысының бастамасымен көпфункционалды 1000 орындық «Өнер» орталығының құрылысы қарқынды жүргізіліп, ашылу салтанаты өтті. Өңірде классикалық өнерді дамыту, көрермендерге концерттерді кәсіби әрі жанды дауыста ұсыну мақсатында облыстық филармонияда кәсіби музыканттардан құралған симфония оркестрі жұмысын бастады. Оркестр құрамына ішекті, үрмелі және ұрмалы аспаптар бойынша 50 кәсіби музыкант қабылданып, музыкалық аспаптармен қамтамасыз етілді. Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Мүсілім Әмзе.
Аймақ басшысының қолдауымен 13 маман шет елдерде біліктілігін арттырды. Өткен жылы облыстық филармонияның солистері Италия мемлекетінің Анкона қаласындағы Озимо опера академиясында біліктілігін арттырса, театр, филармония және халық шағармашылығы орталығының шығармашылық және техникалық мамандары шеберлік дәріске қатысу үшін Беларусь Республикасының Витебск қаласына іссапармен барды. Аймақ басшысының қолдауымен араға 17 жыл салып, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының Алматы қаласында гастрольдік сапары ұйымдастырылды. Шығармашылық сапар аясында театр репертуарындағы 4 үздік қойылым алматылық көрермендерге ұсынылды. Шыңғыс Айтматовтың повесі желісінде «Жәмилә» драмасы, С.Раевтың «Ақ ләйлек» психологиялық драмасының, О.Нұрмахановтың «Көрұғлы» рухнамасының, А.Елгезектің «Болмаған балалық шақ» және бірқатар балалар қойылымдарының премьералары өтті. Мүмкіндігі шектеулі өнерпаздардың шығармашылығын шыңдауға арналған «Арман» инклюзивті театры іске қосылды. Бұған дейін Қызылорда қаласы әкімдігі жанында үйірме ретінде жұмыс жасап келген «Жастар театры» өз алдына кәсіби ұжым ретінде қайта құрылды. Отбасылық құндылықтарды нығайту, жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беру және заманауи қазақ анасының бейнесін қалыптастыруға бағытталған «Анаға тағзым» және «Отбасы» орталықтары пайдалануға берілді.
Аймақ басшысының қолдауымен облыстың 85 жылдығына орай тарихи деректердің көшірмесін алу мақсатында облыстық архив қызметкерлері Ресей Федерациясы Орынбор біріккен мемлекеттік архивінде зерделеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы облыс тарихына қатысты құжаттардың 2000-нан аса парақ көшірмелері алынды. Бұл құжаттар толық зерделеніп, заңнама талаптарына сәйкестелгеннен кейін жалпы жұртшылықтың пайдалануы үшін қолжетімді болады. Ерекше атап өтер жаңалық, биыл Сыр өңірінде бірнеше жылдар бойы жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесінде «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы» реконструкциялары жасалды.
Фото: kzvesti.kz