Kyzylorda-news.kz. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің facebook парақшасында айтты.

Министрдің айтуынша, су апатынан зардап шеккен азаматтар алдымен өз өңірінің әкімдігіне өтініш беруі қажет.

Су апатының Республикамыздың 10 өңіріне тигізген салдары ерекше ауыр болды. Үкімет қаулысына сай, апаттан бүлінген мүлік пен қираған үй, қырылған мал жеңілдетілген тәріппен қысқа уақытта өтеледі. Ол үшін біріншіден зардап шегушілер мүлікке қатысты әкімдікке - жеке немесе сенімхат арқылы материалдық өтемақы туралы өтініш жазып, жеке куәлік көшірмесімен бүлінген немесе жойылған мүліктің тізбесін қоса тапсырады. Өтініш 30 күн ішінде берілуі тиіс. Берілген өтініш 15 жұмыс күнінде қаралып, тиісті мамандар 10 күн ішінде мекенжайға барып, шығындарды есептейді. Бағалаушылардың қортындысынан кейін 3 жұмыс күн ішінде қаражат беру туралы шешім қабылданып, 30 жұмыс күн аралығында өтемақы төленеді. Екіншіден, қырылған малға қатысты өңірлерде жергілікті атқарушы органдардың жанынан шығындарды есептеуші комиссия құрылды, - деді Аида Балаева.

Сондай-ақ министр су апаты салдарынан қырылған малға қалай өтемақы төленетінін түсіндірді.

Су тасқыны салдарынан өлген төрт түліктің иелері малдары туралы мәліметтерді көрсетіп жергілікті комиссияға өтініш беру керек. Малға меншік құқығы комиссиялардың актілерімен расталады. Мал иелеріне өтемақы мөлшері Ұлттық статистика бюросы жариялаған жануарлардың түрлері бойынша нарықтық құны негізінде айқындалады, - деді ведомство басшысы.

Тағы да оқыңыз: