Депутат – халық қалаулысы болған соң тұрғындар мәселесін үкіметке жеткізетін бірден бір тұлға. Ел ішінде «халық қалаулысы елмен бірге болуы керек» деген де сөз бар. Шыны керек, депутаттар халық пен биліктің арасындағы алтын көпірді де атқарады. Үкімет басшысына, министрлерге, басқа да жоғары лауазымды азаматтарға мемлекеттің, халықтың мәселесін айтып, кейде қордаланған проблеманың шешу жолдарын да ұсынып жатады. Парламентте отырған қызылордалық депутаттардың да белсенді екенін жұртшылық жақсы біледі. Бүгін Қызылордалық депутаттардың Парламентте қандай мәселе көтеріп жүргенін сөз етеміз.

Сөз етіп Сырдағы судың жайын...


Әңгімені қызылордалық сенаторлардан бастайық. Сенаторлар арасында Сыр елінің атынан сайланған депутаттардың қатарында бүгінде Руслан Рүстемов қана бар екенін айта кетейік. Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау министрі қызметіне тағайындалған соң Сырдағы ағайынның базынасын үкімет мүшелеріне Рүстемов жеткізіп отыр. Әрине, Сенатта Руслан Рүстемұлынан бөлек белгілі журналист Нұртөре Жүсіп пен ассамблея атынан халық қалаулысы болып отырған Генадий Шиповских те бар. Бұл кісілер де Қызылорда жайлы мәселе көтерілсе, қолдап отырады. Соның бір дәлелі ретінде Руслан Рүстемұлының бастамасымен Республика премьер-министрі Олжас Бектеновке арналған Сырдағы су мәселесін арқау еткен депутаттық сауалға Нұртөре Жүсіп пен Генадий Шиповских те қол қойған. 


Үш бірдей сенатор қол қойып, Үкімет басшысына жолдайтындай депутаттық сауалда не айтылған? Сөзден қате кетпес үшін Парламент Сенатының сайтынан депутаттық сауалдың бір нұсқасын алып отырмыз. 

«Құрметті Олжас Абайұлы! Өзіңізге белгілі, жалпы еліміздің су ресурстары бойынша мүмкіндігі көптеген көрші мемлекеттермен салыстырғанда өте шектеулі. Соның ішінде, елімізге шектес аумақтардан келетін су ағынына неғұрлым тәуелді саналатын өңірлердің қатарында Арал-Сырдария су шаруашылығы бассейні де бар. Жылдар бойғы табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы салдарынан пайда болған Арал теңізінің трагедиясы «әлемдік деңгейдегі жараға» айналды. Сырдағы су тапшылығы мәселелерін кешенді шешпесе таяу келешекте аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатер төнуі мүмкін» , – деп басталатын сауалда су нысандарын республикалық меншікке алу қажеттігі туындап отырғаны баяндалады.


Депутаттық сауалда осындай күрделі кезеңде Сырдағы су ресурстарын тиімді пайдалану, егістікті, көлдер жүйесін, шабындықтар мен жайылымдарды суландыруды тиімді ұйымдастыру және суды реттеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыру мақсатында барлық су нысандарын республикалық меншікке алу қажеттігі туындап отырғанын жеткізген. Сенаторлардың сөзінше, су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бірыңғай мамандандырылған вертикалы ретінде дербес қызметін атқаруы тиіс Су ресурстары және ирригация министрлігі бұл мәселені созбалаңға салып отырғанға ұқсайды. 


«Мемлекет Басшысы Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысында құзырлы мекемелердің бірлесіп жұмыс жасамайтынын, жауапкершілік алудан қашатынын, жұмысты бір-біріне сілтеп отыратынын және өзара нақты әрі тұрақты байланыс алгоритмі жоқ екендігін сынға алып, салалық министрліктер гидротехникалық және басқа да маңызды нысандардың жағдайын тексеріп, шынайы мәлімет беріп отыруға тиіс екендігін баса атап көрсеткен болатын. Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің осы жылдың ақпан айында Қызылорда облысында өткен көшпелі отырысында да Сырдағы су нысандарын республикалық меншікке өткізу қажеттігі ұсынылды», – деп жазылған депутаттық сауалда.


Мұндай мәселе неден туған? Оның бірден бір себебі ретінде Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайы Сырдария өзені бассейнінің кепілді сумен қамтамасыз етілуіне және суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайына тікелей байланысты екенін атап өтуге болады. Бүгінгі таңда, суармалы жерлердің жалпы көлемі 268 мың гектар құрайды, оның 178,6 мың гектары (159,3 мың гектары күріш ауыспалы егістер, 19,3 мың гектары-мал азықтық, бақшалық дақылдар) инженерлік жүйеге келтірілген жерлер. Қолда бар дерекке сүйенсек, суармалы жерлерде ұзындығы 15,5 мың шақырымды құрайтын суару жүйелері бар. Соның ішінде, 2,3 мың шақырым магистралды және шаруашылық аралық су арналары республикалық меншікте («Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы), 1,3 мың шақырым су арналары әкімдікке қарасты шаруашылық жүргізу құқығындағы «Табиғат» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының, 11,9 мың шақырым ішкі шаруашылық арналар аудандар мен Қызылорда қаласы әкімдіктерінің теңгерімінде екен.  Мәселенің түйіні де осында жатса керек. Себебі ұзындығы 11,9 мың шақырымды құрайтын ішкі шаруашылық арналарға іс жүзінде ұстап тұру, пайдалану жүргізілмейді екен. Сенаторлар жолдаған сауалда инженерлік жүйеге келтірілген жерлердің 1963-1978 жылдар аралығында пайдалануға берілгені жазылған.


«Суармалы арналардың, қашыртқылардың және гидротехникалық құрылыстардың тозуына байланысты, суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайы нашарлаған, бұл суармалы судың жоғалуына әкеледі. Суару жүйесінің пайдалы әсер коэффициенті өте төмен (0,60 пайыздан аспайды). Ирригациялық жүйелер әртүрлі органдарға бекітілгендіктен басқару жүйесі бұзылған. Суару жүйелерінің қанағаттанарлықсыз жағдайына байланысты, өңірде жыл сайын шамамен 2 млрд м3 метр су жоғалады, бұл еліміздегі жыл сайынғы су шығынының тең жартысы. Осыған қарамастан оңтүстік аймақтағы 5 облыста республика бойынша суару жүйелерін қалпына келтіру және қайта жаңғырту шараларымен қамтылған 319 мың гектар аумақтың тек 15 мың гектары ғана, нақтырақ айтқанда 4,7 проценті ғана судың ең көп шығынына батып отырған Қызылорда облысының үлесіне тиген. Атап өту керек, облыс аумағындағы ішкі шаруашылық каналдар  «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру» жобасының 3-ші кезеңіне енгізілген (жобалық аумағы 143 мың гектар). Өз кезегінде, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2016 жылғы 7 шілдедегі Қызылорда облысына жұмыс сапарының қорытынды хаттамасының 4.2 тармағына сәйкес облыстардың әкімдіктеріне 2016 жылдың соңына дейін кейіннен республикалық меншікке беру мәселесін пысықтаумен аталған жобаның 3-ші кезеңінің жобаға арналған аумақтардың ирригациялық жүйелерін түгендеу және құжаттандыру жөніндегі іс-шараларды белгіленген тәртіппен өткізу тапсырылған болатын. Тапсырманы орындау мақсатында 2018-2020 жылдары Қызылорда облысының бюджетінен жобаға енген су нысандарын құжаттандыруға 796 млн теңге қаржы бөлініп, құжаттандыру жұмыстары аяқталды. Алайда бүгінгі күнге дейін су нысандары республикалық меншікке қабылданбай келеді. Бұл ретте, ИДЖЖ-2 (жобалық алаңы 15 мың га), «Суармалы жерлер үшін ирригациялық жүйелерді жаңғырту (модернизация)» (жобалық алаңы 29 мың га), жобаларына енгізілген су нысандары республикалық меншікке қабылданған», – делінген сауалда.


Осындай нақты деректерді алға тартқан депутаттық сауалда  Үкімет басшысынан Қызылорда облысында орын алған су тапшылығы жағдайында ирригациялық жүйелерде қалыптасқан техникалық-мелиоративтік жағдайды жақсарту және суды реттеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыру үшін жоғарыда аталған су нысандарының республикалық меншікке қабылдануына және кезең-кезеңімен қайта жаңғыртудан өткізілуіне ықпал етуі сұралған. 


Жастар мәселесі һәм синтетикалық есірткі


Синтетикалық есірткінің зардабын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жастарды, әсіресе мектеп оқушыларын есірткінің осы бір түрінен сақ ету үшін мемлекет түрлі шараны қолға алды. Сенаттағы депутат Генадий Шиповских премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдап, осы мәселені көтеріпті.


«Балалар мен жасөспірімдер ең осал орта болып табылғандықтан қаскөйлер жастардың миын улап, синтетикалық есірткіні қол жетімді бағада етіп, интернет мессенджерлерде еш кедергісіз сатуда. Бұл мәселе кеше-бүгін шыққан дүние емес, осы күнге дейін Парламент мінберінде, оның ішінде Сенаторлар бірнеше рет нақты мәселелермен көтерген болатын, сондай-ақ БАҚ-та және қоғамдық ұйымдар тарапынан да тынымсыз көтеріліп келеді. Одан бөлек, Мемлекет басшысы да 2022 жылғы Жолдауында синтетикалық есірткімен күресті мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде атап, бұл бағытта жұмысты күшейтуді әрдайым талап етіп келеді», – деп жазылған депутаттық сауал ары қарай ресми статистикамен толыққан. 

Біз де сол статистиканы негізге алдық. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ақпаратына сәйкес, 2021-2023 жылдар аралығында синтетикалық есірткі заттарын таратқаны үшін 1021 азаматқа қылмыстық іс қозғалып, оның 246-сы 2021 жылы 314-і, 2022 жылы, 461-і 2023 жылы жауапқа тартылған екен.  Соңғы 3 жылда синтетикалық есірткіні тәркілеу көлемі 100 келіден 1 тоннаға дейін өскен. Нақтырақ айтсақ, 2021 жылы тәркілеу көлемі 100 келі болса, 2023 жылы 1 тонна 100 келіні құраған. Бұл аз десеңіз, арнайы және құқық қорғау органдары 2021 жылы 17,  2022 жылы 68, 2023 жылы 81 есірткі зертханасының қызметін анықтады. Тағы бір айта кетерлігі, 2023 жылдың қорытындысы бойынша елімізде синтетикалық есірткілерді заңсыз өндіру мен таратуды жолға қойған 2 трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық есірткі тобының қызметі тоқтатылған. Оның ішінде 10 шетел азаматы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ресми статистикалық деректерді негіз еткен депутаттық сауалда қаскөйлердің бұл кәсібін тоқтату үшін бірнеше ұсыныс та айтылған.  


«1. Елдегі есірткі саудасының өршуіне байланысты тікелей Қазақстан Республикасының Президентіне бағынышты арнайы есірткіге қарсы қызмет жүргізетін жеке-дара мекеме құру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Осы секілді мекемелер халықаралық тәжірибеде Ресей Федерациясы мен Аргентина мемлекетінде қолданыста бар. 2. Синтетикалық есірткіні сатуға қатысатын сайттардың жарнамалау фактілерінің жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейтіп, жарнамалаушыларды қатаң жазалау қажет. 3. Мектеп, колледждер мен жоғарғы оқу орындарында білімгерлерге есірткіні таратудың және алаяқтар уәде еткен жеңіл ақшаға ұмтылудың салдары туралы түсіндіру шараларын жандандыру қажет. 4. Жастар, әсіресе студенттер арасындағы синтетикалық есірткіні тасымалдаушылардың (закладчик) санының өсуіне байланысты нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді орынды деп санаймыз», – деп жазылған депутаттық сауалға Г.Шиповскихтен бөлек Е.Больгерт, З.Кузиев, Д. Қыдырәлі, А.Лукин, Н.Ниязова, Ғ.Сарыбаев, А.Сатвалдиев сынды сенаторлардың есімдері қоса жазылыпты.


Салық және бюджет саясаты


Мәжілісте Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Ергешбаевтай депутаттар отыр. Бұл азаматтардың саяси аренада өзіндік салмағы барын да көпшілік жақсы біледі. Мархабат Жайымбетовтің бастамасымен Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолданған екен. Енді соған тоқталайық.


«Құрметті Олжас Абайұлы! Биыл еліміз бойынша бюджет тапшылығы болу қауіп-қатері жоғары. Бүгіннің өзінде, бюджетті толтыру бойынша көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Еліміздің биылғы шығыны – 24 трлн теңге. Оның 16,5 трлн теңгесі табысымыз, 3,6 трлн теңгені Ұлттық қордан аламыз, 4 трлн теңге құнды қағаздарды шығарудан түсіп отыр. Яғни тапшылық 7,5 трлн теңгені құрап отыр. Өз кезегінде, уәкілетті органдар «асықпай арбамен қоян аламыз» деп жүргенде, арбамыздың дөңгелегі сына ма деп қатты алаңдаймыз.
Сөздің ашығын айтқанда, «бас жарылса бөрік ішінде» деп жүре беретін заман келмеске кеткен», – деп басталады депутаттық сауал.


Мәжілесмен өз кезегінде квазимемлекеттік сектордың таза пайдасын бюджетке беретін уақыт келгенін баса айтқан. Оның ойынша осы секторға жақсы аналитикалық талдау жасап, дұрыс жолға қойса, қазынамызға ең кемі 3 трлн теңге түсіруге болады екен. Екіншіден, квазимемлекеттік сектордың сатып алу жүйесі мен механизмдерінде әлі де ашықтық жоқ. Осы мәселені алға тартқан депутат салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру және олардың санын оңтайландыру да кезек күттірмейтін мәселе екенін мәлім еткен.


«Мемлекет басшысы 2023 жылғы Жолдауында «Салық жеңілдіктерін беру тәртібін реттеу қажет. Жиналмаған салық – салынбай қалған ауруханалар, мектептер мен жолдар деген сөз. Салық жеңілдігін сын көзбен зерделеп, оның көлемін кем дегенде 20 пайызға қысқарту қажет», – деген болатын. Мемлекеттік кірістер Комитетінің деректері бойынша қолданылған салық жеңілдіктер сомасы 2022 жылы 9,5 трлн теңге болған. Бұл – бюджетке түспеген қаржы. Басты кемшілік жеңілдіктердің саны мен құрылымы пысықталмаған және жеңілдіктер белгісіз мерзімге, ешқандай мақсатты индикаторларсыз енгізілгенін. Салық кодексіндегі жеңілдіктердің саны - 485. Бұл дегеніміз едәуір көп. Біз алдымен 30% қысқартсак, шамамен бюджетке 1,3 трлн теңгеге дейін қаражат түсіруге болады. Мұны тереңірек зерделесек болашақта 50% жеткізуге болады. Расымен, кейбір салықтық жеңілдіктер тиімділіктерін көрсетпей жатыр. Кәсіпкерлер жеңілдік алса да, өнімнің бағасын түсірмей отыр. Мысалы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сату және импорттау айналымы қосымша құн салықтан (бұдан әрі - ҚҚС) (НДС) босатылған. Бірақ, осы салықтан босату – дәрілер мен медициналық бұйымдардың бағасының түсуіне әсер етпеген. Осы ретте, мемлекет беретін жеңілдік іс жүзінде импорттаушылар мен сатушылардың коммерциялық мүдделеріне ықпал етеді, ал бюджетке кіріс келтірмей отыр.
Сонымен қатар кейбір құрылыс компаниялары ҚҚС бойынша босатылған, айналым сомасы болса милиардтаған қаражаттарды құраған. Бір қызығы осы жеңілдетуге қарамастан, ірі компаниялар тұрғын үйдің бір шаршы метрінің бағасы орташа республикалық деңгейден жоғары деңгейде сатылып жатқаны баршаға аян. Өз кезегінде, тұрғын үйдің бағасы нарықтың тартымдылығы жеңілдіктердің болуына немесе болмауына байланысты емес, тек сұранысқа байланысты болып тұр. Осыған байланысты, салықтық жеңілдікті әлеуметтік немесе мемлекеттік бағдарламалар бойынша көп пәтерлі тұрғын үй кешенін іске асыру кезінде ғана пайдалануымыз қажет, – деп жазылған депутаттық сауалда одан ары қарай көбіне, жеңілдіктердің негізгі алушылары ірі компаниялар екені көрсетілген.


Шынтуайтына келгенде, әлемдік экономика сарапшылары Қазақстандағы салық жеңілдіктері тым жомарт деген баға берген. Дамыған елдерде, салықтық жеңілдіктер инвесторларды тартатын, қызықтыратын аса бір қажетті тармақ болып саналмайды. Осы сынды деректерді алға тартқан мәжілісмен ұсыныс та енгізеді. 


«Сондықтан, осы айтылғандарды негізге алып, келесі мәселелерді қарастыруды ұсынамыз. 1. Салықтық жеңілдіктерге толық ревизия жасап, шетелдік тәжірбиені қарап, алдымен 30%-дан астамын қасқарту қажет. Яғни 150-ге жуық түрін қысқарту. 2. Ұлттық қордан қайта-қайта қомақты қаржы алмау үшін жиналған қаржыны тиімді басқару процесін жетілдіріп, квазимемлекеттік сектордың таза пайдасын 100% бюджетке беру. 3. Ұлттық компаниялардың, әсіресе Самұрық-Қазына қорындағы тендерлерді – бірыңғай мемлекеттік сатып алу жүйесіне көшіріп, 01.03.2024 ЭҚАБЖ МО (7.23.0 нұсқасы) мемлекеттік сатып алу заңының қолданылу аясына ауыстыру қажет. Сонда ғана 100 пайыз ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз ете аламыз» – деп қорытындыланған.


Айта кетейік, депутаттық сауалға М.Жайымбетов пен М.Ергешбаевтан бөлек Е.Жаңбыршин, Ә.Жұбанов, С.Мұсабаев, Ұ.Сәдібеков, Е.Әбіл сынды мәжілісмендер де қол қойған.


Бүгін қалың оқырманға Парламенттегі депутаттардың көтерген мәселелерін ұсындық. Сырдың әлеуметтік жағдайы, халқының хал-ахуалы мен тұрмыс-тіршілігі де Сенат пен Мәжілістегі жерлестердің үнемі назарында екенін де айта кетейік. Мәселен, аймақтың өзегі болып отырған Сырдария өзенінің, сонымен қатар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанының мәселесін де Парламент қабырғасында талай көтерді. Жерлес депутат Мұрат Әбенов те Қаратау қойнауындағы Сауысқандық шатқалында орналасқан петроглифтерді қорғау қажеттігін айтып, мәселе көтерді. Қалай айтсақ та, Парламенттегі жерлестеріміз туған өлкесінің тарихына дейін қамқор болуға тырысып бағуда.
 

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

Коллаж: Е.Даткеновтікі

 

 

Тағы да оқыңыз: