Қызылорда қаласында «Qosyl» Қалалық жастар ресурстық орталығы мен Qyz Jibek Group ұйымдастыруымен жас аспаздар сайысы өтті.

 Бұл шара қала әкімінің «Самғау» жастар сыйлығы аясында жүзеге асырылып, жас таланттарды қолдау және дамыту мақсатын көздеді.

Сайыс үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар тіркеліп, түйіндемелерін тапсырды. Екінші кезеңде олар теориялық сұрақтарға жауап берді, ал үшінші кезеңде аспаздық шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік алды. Сайысқа 29 аспаз тіркеліп, финалдық кезеңде 8 үміткер бақ сынасты. Қатысушылар арасында әуесқой және кәсіби аспаздар болды.

Сайыстың қазылар алқасын танымал блогер Рустам Маушев, Qyz Jibek Group бас аспазы Ибрагимов Фаррух, «Motor» және «ДНК арт» бардың бас аспазы Қани Досбол және «Бидай» мейрамханасының шеф повары Бакберген Әлиасқар құрады. Қазылар тағамдардың сапасын, дайындау барысындағы тазалықты, ұсыну және безендіру ерекшеліктерін бағалады.

Сайыс қорытындысында Ази Ақылбек жеңімпаз атанып, қала әкімінің «Самғау» сыйлығымен және 150 000 теңге ақшалай ұтыспен марапатталды. Жүлделі орындарға ие болған аспаздарға демеуші Ерлан Раимов тарапынан да ақшалай сыйлықтар табысталды: I орын - 100 000 теңге, II орын - 70 000 теңге, III орын - 30 000 теңге.

Бұл сайыс жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын тауып келеді. Шараның басты мақсаты – талантты жас аспаздарды анықтау, қолдау көрсету, кәсіби өсу және тәжірибе алмасуға арналған жас аспаздар бірлестігін құру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай шаралар арқылы жастардың шығармашылық әлеуеті артып, болашақта мықты аспаздар қатары көбейе түседі.

Қызылордада өткізілген бұл шара жас таланттардың кәсіби өсуіне үлкен мүмкіндік берді. Осындай бастамалар жастардың болашағына сеніммен қарауға, өздерінің кәсіби дағдыларын дамытуға үлкен септігін тигізеді. Жас аспаздар сайысы - бұл тек жарыс емес, сонымен қатар тәжірибе алмасу, жаңа білім мен дағдыларды меңгеру алаңы.

Осы шараның арқасында көптеген жас аспаздар өздерінің таланттарын көрсетіп, кәсіби шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алды. Бұл іс-шараның болашақта да өз жалғасын тауып, жаңа есімдерді ашып, кәсіби аспаздар қатарын толықтыра беретініне сенімдіміз.

Тағы да оқыңыз: