Kyzylorda-news.kz Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев "Тағзым” алаңында күрделі вегетациялық кезеңде өңірлерден көмекке келген төтенше жағдайлар саласының қызметкерлерімен кездесті. Оған ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов, Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеумбетов, ел ағасы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Нұрлыбай Ұлықбанұлы арнайы қатысты.
Кездесуде аймақ басшысы өңірлерден арнайы келіп, егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етуге қолдау көрсеткен төтеншеліктерге алғысын білдірді.
“Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді дана халқымыз. Егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету жұмыстарына барлық өңірден арнайы келіп, көмек қолын созғандарыңыз Сыр елі диқандарын қуантты.
Диқандар үшін ең маңыздысы – судың толық және мерзімінде жеткізілуі. Сол қажеттілікті дер кезінде қамтамасыз етіп, елдің ырысы мен берекесіне үлес қосқандарыңыз – үлкен еңбектің, елге деген адалдық пен шынайы жанашырлықтың айқын көрінісі деп білеміз.
Мемлекет басшысымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Бәріміз – бір елдің азаматымыз. Тарих тоғыстырған тағдырымыз бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қарашаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз» деген болатын.
Біздің мақсатымыз – Әділетті Қазақстанның адал азаматы болу. Тәуелсіз Қазақстанымыздың болашағын бірге жасау.
Еліміздің айбынын асырар ер-азаматтарымыз, сарбаздарымыз аман болсын!Елдігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!”,- деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Басқосуда Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Сейтқалиұлы сөз сөйледі. Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Нұрлыбай Ұлықбанұлы батасын берді.
Өңірлерден келген төтенше жағдайлар қызметкерлері ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Сонымен қатар, төтенше жағдайлар қызметінің арнайы техникасы мен құрал-жабдықтары таныстырылды. Мамандар олардың мүмкіндіктерін, төтенше жағдай кезінде қолдану тәсілдерін көрсетті. Құтқару жұмыстарында пайдаланылатын заманауи жабдықтардың артықшылықтары мен тиімділігі түсіндірілді.
Айта кетейік, Қызылорда - еліміздің күрішке сұранысының 90%-ын қамтамасыз ететін бірден-бір өңір.
Биыл 189 600 гектар ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, оның 80 900 гектарына күріш себілді.
Сырдария өзенінің суын тиімді пайдалануда кешенді шаралар атқарылуда.
Күріш мелиоративтік дақыл болғандықтан, су шығынын азайтудың тиімді жолы - лазерлік тегістеу. Биыл лазерлік тегістелген егіс көлемі 60 мың гектарға жетті. Бұл суармалы суды 20% үнемдеуге мүмкіндік береді.
Магистральді және шаруашылық аралық каналдар арқылы егіс алқаптары бекітілген кестеге сәйкес кезекпен суарылуда.
Су үнемдеу технологияларын пайдалану арқылы егілетін егіс көлемі былтырғыдан 3700 гектарға артып, 8100 гектарға жеткізілді.
Бұл жұмыстарға шаруашылық құрылымдарының, «Қазсушар» облыстық филиалының, елді мекендердің меншігіндегі 299 су насосы жұмылдырылды.
Президент тапсырмасына сәйкес су тапшылығы жағдайында Үкімет резервінен 53 жылжымалы дизельді насос алуға 1 млрд теңге бөлініп, алғашқы легі облысқа жеткізіліп, шаруалар игілігіне пайдалануда.
Қосымша насостарға қажеттілік туындағанда, Төтенше жағдайлар, Су ресурстары және ирригация министрліктерінің үйлестіруімен еліміздің барлық өңірінен 139 қызметкер, 25 насос қондырғысымен көмекке келді.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі