Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданына қарасты Жетікөл ауылдық округі ең шағын ауылдар қатарындағы елді мекен. Ауылда 145 отбасы бар. Халық саны – 676. Оның экономикалық белсендісі – 291 адамды құрайды. Қазіргі кезде ауылда 1 тыл ардагері, 72 зейнеткер, 20 мүмкіндігі шектеулі жан, 13 «Алтын алқа» және 13 «Күміс алқа» иелері және 26 жас көпбалалы аналар бар.
Ауылдық округ әкімі Өмірбек Тоқпамбетовтың айтуынша өткен жылы жеке тұлғалардан 8 өтініш келіп түсіп, заң талаптарына сәйкес жауаптар берілген. Ауылдық округ әкімі аппаратында 2023 жылы 26 шешім, 177 өкім шығарылған.
– Ауыл бюджетінің кірістері 72090,6 мың теңге болып бекітілді. Ауыл бюджетінің өз кірістері 1550106 теңгені құрады. Атап айтқанда, табыс салығы 355449 теңге, мүлік салығы 60639 теңге, жер салығы 5944 теңге, көлік құралдары салығы 1042000 теңгеге орындалды. Салықтық емес түсімдер 83805 теңге.
Ауылдық округте көктемгі және күзгі уақытта санитарлық тазарту және көркейту-көгалдандыру айлығын өткізуге, яғни санитарлық жұмыстарға 837900 теңге, ал абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына 2513500 теңге қаралды. 250 дана терек көшеттері сатып алынып отырғызылды. Қалдықтарды полигонға тасымалдайтын мердігер мекеме "Маханов" ЖК-мен келісім-шарт жасалып, қалдықтар шығарылды. Сонымен қатар, ауыл ішіндегі арық-жаптарды, қора орындарын санитарлық тазалау жұмыстарын "Бауырлар" ЖК-і баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуда келісім шарт жасалып, жұмыстары толық көлемде аяқталды. Ауыл ішіндегі ағаштар, электр бағаналары әктеліп, темір шарбақтар сырланды.
Сондай-ақ, ауыл ішіндегі көше арықтары тазартылып, алдағы уақытта заман талабына сай балалар ойын алаңын қалаптастыру үшін ескі қора орны тазартылды. Алдағы уақытта сметалық құжаты демеушілер есебінен дайындау үшін жұмыстар жүргізілуде, – деді ауыл әкімі.
Елді мекеннің экономикалық дамуының негізгі саласы – ауыл шаруашылығы болып табылады. Ауылдық округі бойынша 878 ірі қара мал, 464 жылқы, 459 қой, 271 ешкі және 1241 құс тіркелген. Бір ветеринарлық пункте 2 маман қызмет көрсетеді. 2023 жылдың басынан бері мал басын көбейту мақсатында Әбдуәли Айтмұханбет "Сырдария-1"ЖШС арқылы 19,5 млн теңге, Қайрат Дәулетов "Қызылорда өңірлік тнвестициялық орталығы" микроқаржылық ұйымы" ЖШС арқылы 6 млн теңге, Айдос Айымбетов Қызылорда өңірлік тнвестициялық орталығы" микроқаржылық ұйымы" ЖШС арқылы 4 млн теңге несие алды. Кәсіпкерлер жылқы және мүйізді ірі қара малын көбейту мақсатында қаржыландырылған.
Жетікөл ауылдық округінде шаруа қожалықтары мен жеке секторлар ауыл шаруашылығы дақылдарын егумен айналысады. Жалпы егілген егіс көлемі мен түрі бойынша: бақша дақылдары 72 гектарға, жаңа жоңышқа 80 гектарға, ескі жоңышқа 136 гектарға және 110 гектарға күріш орналастырылған.
«Жетікөл жері» ЖШС 80 га жерге, ал «Нұрасыл-2023» ШҚ 30 га жерге күріш екті.
2023 жылы алғаш рет ауылда "Жетікөл Жастары" бригадасы құрылып, ауылға қарасты «Көктөбе» атауы бар жерден демеушілердің көмегімен ауыл шаруашылығы дақылдарын егуі үшін жер дайындалып, қоршаланып берілді. Бригада құрамындағы 8 жас диқан бақша дақылдарын егіп, өнімдерін алды. Бұл жұмыс биылғы жылы да жалғасып, осы күні егіс алқаптары егінге дайындалуда.
«Жетікөл жері» ЖШС жұмысын жандандыруда Украиндық инвесторлар белгіленген жерді тазартуға 75 млн. теңге, 500 гектар жерге қоршау жүргізуге 10 млн. теңге, канал тазарту мен 9 су тоспасын салуға 35 млн. теңге, егісті қалыптастыру үшін бидай, күріш, күнбағыс тұқымын сатып алуға 40 млн. теңге, тыңайтқыш алуға 12 млн. теңге, жұмысшылардың еңбек ақысына 25 млн. теңге қаржы салды. Сондай-ақ, күнбағыс дақылын бүркіп суару үшін 40 млн. теңгеге арнайы қондырғы сатып алды. Аудан әкімдігінің көмегімен «Жетікөл жері» ЖШС-не егілген егінді аяқсумен толық қамтамасыз ету үшін 2 дана дизель насос қондырғысы берілген.
Ауылдағы білім ошағы – №174 орта мектепте өткен оқу жылында 1-11 сыныптарда 124 оқушы білім алды. Оқу жылдың қорытындысымен 11 сыныпты 8 оқушы бітіріп, оның екеуі "Алтын белгі" алса, біреуі "Үздік аттестат" иегері атанды. Білім ұясында 1 мектепалды даярлық тобы және мектеп жанындағы шағын орталық жұмыс жасайды. Мектеп жанындағы жазғы демалыс лагерінде 50 оқушы және басқа қалалардағы демалыс лагерінде 15 оқушы демалған.
Денсаулық саласы бойынша: Жетікөл медициналық бекетінде бір медицина қызметкері ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді. Ауруханаларға жоспарлы түрде 81 науқас жатып, ем алған. 2023 жылы 12 бала дүниеге келіп, ана мен бала қобдишасы берілген. Жалпы қабылдауда 805 адам болған, оның ішінде ауырып келгендер – 240 адам. Үйге шақыртып қаралған науқастар – 89. Профилактикалық тексеруден 50-70 жас аралығындағы ер кісілер – 29, маммографиялық тексеруден 27 әйел өткен. Диспансерлік есепте 66 науқас тұрады.
Мәдениет саласы: 2023 жылдың 12 айында клуб ұжымының ұйымдастыруымен барлығы 44 мәдени іс-шара өткізіліп, 2631 көрермен қамтылған. Оның ішінде, балаларға арналған 6 іс-шара өткен. Клубта 4 үйірме жұмыс жасайды. Ауылдық клуб өнерпаздары әртүрлі деңгейдегі өткізілген 27 байқауға қатысып, 10 жүлделі орындарды иеленіп, 14 Алғыс хат, 2 жолдама алған. Жыл көлемінде ауқымды өткен іс-шараның бірі – Наурыз мерекесі. Жетікөл ауылдық клубының ұйымдастыруымен "Шуағын шашқан, Әз-Наурыз" атты концерттік бағдарлама болып өтті. Наурыз мерекесіне арналған игі іс-шара Жетікөл ауылының М.Әуезов көшесіндегі наурыз көжесімен жалғасты. М.Әуезов көшесінің тұрғындары ауыл тұрғындарына Наурыз мерекесіне орай алтыбақан құрып, ауыл бойынша қазақтың ұлттық ойындары гір көтеру, арқан тарту, келіншектер арасында самаурын қайнату, тапа нан жабу сияқты сайыстар ұйымдастырылып, қазақтың көкпар ойыны ойнатылды.
Ауылда қарттарға көрсетілетін қамқорлық пен құрмет ерекше дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. 1 қазан – Халықаралық Қарттар күні мерекесі қарсаңында аудандық тарихи-өлкетану музейінің бастамасымен Айдарлы және Жетікөл ауылының ардагерлері Түркістан қаласына сапар шекті. Қазыналы қарттардың қасиетті өлкеге саяхат жасауына аудандық мәслихат депутаты, «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының құрылтайшысы Анар Қалдыбаева тікелей демеушілік етті. Сапар барысында Айдарлы және Жетікөл ауылының 70-80 жасқа толған қазыналы қарттары Түркістан қаласының көрікті жерлерін аралап көрді. «Керуен сарай» кешенін аралаған олар ерекше көріністерге куә болды. Сонымен қатар ардагерлер Қожа Ахмет Яссауи және Арыстан баб кесенесіне барып, бабалар рухына тәу етті.
Халықаралық Қарттар күнінде «Қарттарым – асыл қазынам» атты салтанатты мерекелік концерттік бағдарлама өткізілді. Ауыл қарттарына арналған концерттік бағдарламада ауыл өнерпаздары әсем әндерімен шашу шашса, бишілер мың бұрала би биледі. Сонымен қатар ауыл қарттарына арналған мерекелік ақ дастархан жайылды. Аудандық мәслихат депутаты Анар Қалдыбаеваның демеушілігімен ауылдағы 70 жасқа толған ардагерлерге сый-құрмет көрсетілді.
Ауылдағы өзекті мәселелердің бірі – Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау. 2023 жылдың 12 айында жұмыспен қамту орталығы арқылы 31 адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде 11 адам әлеуметтік серіктестік арқылы «Жетікөл жері» ЖШС-де жұмысқа орналасса, 19 адам қоғамдық жұмысқа (3 адам сақшы сарбаз, 1 адам ветеринарияда, 1 адам су айдынында қауіпсіздікті қамтамасыз етуші, 1 адам газет таратушы, 13 адам санитарлық тазалық жұмыстарында), 1 адам жастар тәжірибесіне жолданды. Жұмыссыздық деңгейі осы кезеңде 5,5 пайызды құрады. Аталған мерзімде атаулы көмек 1 отбасына тағайындалды. Және де 1 отбасына әлеуметтік себет берілді.
Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдық жерлерде кәсіпкерлік саласын дамыту қолға алынды. Кәсіпкерлікті дамыту бағытында елді мекенде бірқатар жобалар іске асты. Жыл басынан бастап жаңадан тіркелген кәсіпкерлер саны – 11. Ауылдық округ бойынша жалпы тіркелген кәсіпкерлер саны – 53 адам.
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша екі адам Азамат Камалов жылқы басын көбейту және Қаршыға Рахменшеев мүйізді ірі қара мал басын көбейту мақсатында 1 380 000 теңге мемлекеттік қайтарымсыз грант алды. 21-35 жас аралығындағы жастарға арналған 2,5 пайызбен ауыл тұрғыны Айзат Қанибай жылқы басын көбейтуге 5 млн теңге несиемен қаржыландырылды.
Жыл бойы "Жетікөл Жері" ЖШС, «Көркем» ШҚ және «Алиакбар Ата Агро» ШҚ төрағалары ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға демеуші болып, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, өз көмектерін көрсетуде. Елді мекендегі ұялы байланыс антеннасы «Алиакбар Ата Агро» ШҚ-ның төрағасы М.Көзейбаевтың демеушілігімен құрылды. Бөлген қаржысы 3,5 млн теңге. Ауылда Kcell ұялы байланыс операторы жұмыс жасап тұр. Билайн, Теле2 ұялы байланыс операторларымен келіссіздер жүргізілгендіктен алдағы уақытта орнату жұмыстары жүргізілетін болады.
Өткен жылы елді мекендегі 2 тұрғын үй құрылысы аяқталып, мердігер компания «Орион LTD» ЖШС көмегімен көп балалы аналар О.Қозыбағарова мен А.Байтуғановаға берілді.
Ауылды толық электрмен жабдықтау жұмыс жобасына сәйкес «УниверсалСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 12 көшеге түңгі жарық шамдары орнатылды, трансформаторлар жаңаға ауыстырылды.
Облыстық маңызы бар Қызылорда-Айдарлы-Ботабай тас жолы күрделі жөндеуден өтіп, асфальтталды. Елді мекендегі П.Сахабаева көшесіне – мердігер «ӘлемҚызметGroup» ЖШС орташа жөндеу жұмыстары жүргізіп берді. «Жыңғылдыкөл» каналының 6 шақырым бөлігі механикалық тазалаудан өтті.
Биылғы жылы елді мекендегі "Жетікөл" көлінде балық өсіру шаруашылығы қолға алынатын болады. Сонымен қатар мал бордақылау алаңы іске қосылады деп күтілуде. К.Бимаханов көшесіне күрделі жөндеу жүргізіледі. Газдандыру бойынша сметалық құжат дайындау жоспарланған. Ауыл тұрғындарын ұйымдастыра отырып, ірі көлемде бақша дақылдары егіледі. Егістікке жоңышқа, күріш, күнбағыс, жүгері, жаздық бидай дақылдары орналасады.
Ауылда мал ұрлығының алдын алу және болдырмау мақсатында аудан әкімшілігінің қолдауымен елді мекен көшелеріне бейнекамера орнатылатын болады. Көркейту-көгалдандыруға байланысты қосымша жер учаскелері ашылып, көше бойындағы жаптар тазартылып, аяқ су мәселесі толық шешімін табады. Биылғы жылы тұрғындардың ұсынысы бойынша демеушілік есебінен қоғамдық монша салу жұмыстары жүргізілетін болады.