Kyzylorda-news.kz Жаңақорған жұртшылығы бүгінде жылыжай шаруашылығына бейімделе бастады. Жыл он екі ай жұмыс істеп, екі маусымда өнім алатын кәсіпкерлерге де мемлекеттен көрсетілетін қолдаулар көп.
Бүгінгі «Ауыл аманаты» айдарындағы біздің кейіпкеріміз Айымбетов Наурызбек те дәл осылай өткен жылы мемлекеттен қолдау тауып, жеңілдетілген несие арқылы жылыжай кәсібін бастаған.
Наурызбек бұл кәсіп түрін бала кезінен ата-анасына көріп үйренген. Бүгінде өз ауласынан жылыжай соғып, отбасылық бизнеске айналдырған. Осыдан бір жыл бұрын «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайызбен 4 млн.теңге несие алып, шағын кәсібін ілгерілетуге мүмкіндік алған.
Өзім жылыжайдың ісін қияр егумен бастадым. Осы кәсіптің көзін тапқан шаруалармен жиі кездесіп, пікірлестім, ой бөлістім. Жалпы осы сала жақын болды. Себебі кішкене кезімізден ата-анаммен есік алдында егін ектік. Ойлана келе осы жылыжайды бастап кеттім. Жеңілдетілген несие алып, жылыжайымды үлкейте түстім, – деді Наурызбек Жұмабайұлы.
Ең алдымен қияр егумен бастаған Наурызбек жылыжайын кеңейткен соң қызанақ егуді де бастаған. Бүгінде алғашқы өнімнен 9 тонна қияр, 7 тонна қызанақ алып отыр. Бұл өнімдерді кенттегі шағын дүкендер мен ірі сауда орталықтарына сатуда. Наурызбектің айтуынша, алдағы уақытта осындай мемлекеттік бағдарлама арқылы қолдау болса егістік жер алып, жылыжай ісін кеңейтпекші.
Фото: saq.kz