Kyzylorda-news.kz Әне-міне дегенше, ел етек-жеңін жинап, дала жұмыстары демін басып, табысты таразалайтын шаққа таяды. Ендігі кезекте бүгінгі таңға дейін ауданның егін саласы бойынша, оның ішінде тары өсіру жолға қойылып, жылдан-жылға көлемі артып келеді.

Аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас агрономы Дәурен Абибуллаевпен байланысып, мән-жайды бағамдадық.

– Биылғы жылы егіннің жайы жаман емес. Оның ішінде тары 276 гектарға егілді. Оның ішінде Көктөбе ауылы – 90 гектар, Қандөз ауылы – 80 гектар, Қаратөбе ауылында – 60 гектарға тары егілді. Жалпы, Қандөз ауылындағы агроаймақтың көлемі 60 гектар. Былтырғы жылы 35 гектар жерге жоңышқа егілген болатын, бұл және жердің тозуына байланысты. Қаратөбедегі арнайы аймақ 47 гектарды қамтиды. 10 гектар бақша дақылын 2 адам баптап-қарауда, – дейді сала басшысы.

Алғашқы кездері Қандөз ауылдық округінде агро-индустриялық аймақ құрылады дегенге сенген адамдар аз болды. Судың іргесінде тұрса да, аяқ су шықпайды. Бұл мәселе аудандық бюджеттен қаржы бөліп, арнайы мотор орнатумен шешілді.

– Бізде агроаймақтың көлемі 60 гектарды құрайды. Тұрғындар 40 гек¬тарына тары дақылын орналастырып, 5 гектарына қарбыз екті. Онымен қоса 200 гектар жерді тағы да агроаймаққа алған болатын. Оның 80 гектар жерін үкімет есебінен қоршап алдық. Онда тары өсіруге басымдық беріліп, 30 адам маусымдық жұмысқа тартылды. Биыл 80 гектар жерге тары егуде. Ауыл тұрғындары үйіргелік жерге еккен қияр, қызанақ, картоп, сәбізді агро-индустриялық аймаққа баратын сумен суарып отыр. Агроаймақ ауылдағы ағайынды еңбекке ұйыстырды, – дейді Қандөз ауылдық округінің әкімі Кеңес Оразбеков.

Жаңақорған – аграрлық аудан. Халқы егін егуге бейімделген. Тек нақты бағыт-бағдар көрсетсе, еңбек майданында шыңдалуға дайын. Қандөздегі ағайынның айтуынша, жердің құнарына қарай гектарына бірнеше қап тары алуға болады. Суы қанық, жері тың болса, гектарына 80-90 қап өнім жиясыз. Айта кетсек, бүгінде «Қандөздің» сөгі мен талқаны біздің аймақ қана емес, өзге өңірлерде де сатылып жүр.

– Жерге дәнді қалай септің, сол күннен бастап 90 күн уақыт өту керек. Үш айдан соң ғана тарыға орақ салуға болады. Қол орақпен ору керек, өйткені, піскен тары өзге дақылдай емес, қауызынан төгілуге дайын тұрады. Ала жаз бойы алты рет суарып, құстан қорып, әбден қырманға бастырғанша бейнеті көп қой. Бірақ, осы тарының сөгі мен талқаны адамға ерекше күш-қуат береді. Дәрумен көп мұнда. Бала күннен әке-шешемізге көмектесіп, тары ектік. Сол кәсіпті біз де жалғастырып келеміз. Бүгінде ауылдағы ағайынға ауылдық округ әкімі Кеңес Оразбеков қолдау көмек көрсетіп келеді. Биыл жетінші жыл игілігін көргелі отырмыз. Өз басым, биыл агроаймақтан 5 гектар жер алып, тары ектім. Оған қосымша қауын, қарбыз, қартоп, сәбіз бар. Бәрі бала-шағаның несібесі үшін. Бізге жерден несібемізді айыруға мүмкіндік жасап отырған аудан басшыларына алғыс білдіремін. Жыл сайын дәстүрден жаңылмай тары егіп, несібемізді алып жатырмыз,– дейді Қандөз ауылының тұрғыны Ержан Асанов.

Халқымыз тарыны – «жауынгер дақыл» деп атайды. «Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша» деп бекер айтпаған. Сөктің тағамдық қасиеті мен түрлі ауруларға пайдасын білген. Ұзақ аурудан әлсіреген кісіні ашыған көжемен көтерген. Тары көже әрі сусын, әрі тамақ болады. Бозада ашытады. Қуырылған бидайдан, арпадан жүгеріден ұнтақтап дайындалады. Ерте кезде талқан дайындаудың екі тәсілі болған. Бірі – қол диірменге тарту, екіншісі – келіге түю. Екі тәсілмен дайындағанда талқанның майдаланбай қалып қоятын түйіршіктері болады, оны «талқанның сағы» дейді. Талқанның сағын бөліп алу үшін жайпақ табаққа салып екшейді. Сонда сағы талқанның бетіне бөлініп шығады да, ұнтағы астында қалады. Бетіндегі сақты алып тастай отырып, талқанның ұнтағын бөліп алады. Талқан аса дәмді әрі құнарлы тамақ. Оны майға, кілегейге, қаймаққа араластырып жеуге де, шайға салуға да болады. Талқан салған шай қою болады әрі тез суиды. Оны жентке қосады. Талқаннан әзірленетін тамақты «сарталқан» немесе «майталқан» деп атайды. Сарталқан дайындағанда талқанды қойдың құйрық майына немесе жылқының майына араластырып, баяу жанған отқа қойып қуырады.

Диқанның сөзінің жаны бар, расында тарының денсаулыққа пайдасын ғалымдар әлдеқашан дәлелде¬ген. «Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша» деген сөз бар. Осы мақсатта, жерден ризық-несібесін табуға ниетті адамдарға арнайы аймақтан жер беріліп, су жеткізілді. Бұл мүмкіндікті ұтымды пайдаланған қандөздіктер дақыл түрлерін егіп, одан мол өнім алу жолында еңбектенуде.

Фото: egemen.kz

Тағы да оқыңыз: