Kyzylorda-news.kz. Әр қазақстандыққа мемлекеттен берілетін тегін 10 сотық жердің жыры өте өзекті тақырыпқа айналды. Бұл сауал қазір аудан тұрғындарын да көбірек мазалап жүр. Оның себебі де түсінікті, жылдан жылға жер кезегіне тіркелушілер саны артып, ал ие болғандар саны мандымай отыр. Жылына кем дегенде мыңға жуық тұрғын жер кезекке өтініш білдіреді екен. Бала-шағаның несібесіне әйтеуір бір алармыз деген үмітпен жүргендер көп. Біз бүгін осы тақырып төңірегінде тағы да талдап, жауапты мекемелермен байланысып, нақты жауап іздедік.

Нақты мәліметке сүйенсек, жер кезегін сарыла күтіп жүрген тұрғындардың алды 8 жылдан астам уақыт әкімдікке үмітпен қарап отыр. 2015 жылдың аяғында тіркелгендерге кезек келіп тұр дейді жауаптылар. Біз алдымен кент әкімдігінің есігін қақтық. Біздің қолымызға тиген мәліметтерге жүгінсек, 2022-2023 жыл аралығында жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер учаскелері туралы ақпаратта 2015 жылы кезектілік санында 546 адам деп көрсетілсе, алғандар саны 470-ке жеткен. Тек 76 тіркелуші ғана қалыпты. Олар толық қол жеткізсе, 2016 жылы тіркелгендерге кезек келеді. Оның да ауылы алыс емес деп есептейік.

Кент қызметкерлері мәліметті аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімі толықтырады деді. Ол мекемеге де жол түсті. 2015 жылдан бүгінге дейін аудан бойнша 8 мыңнан аса тұрғын кезекте тұр екен. Бұл өте көп, жыл басында қаншама тұрғын тағы тіркелген. Біз аудан әкімдігінің ресми сайтына жүгіндік. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға 2023 жылы 856 жеке тұлға тіркеліпті. Кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелері бойынша ҚР Жер Кодексінің талаптарына сәйкес 2023 жылы көлемі 8,76 гектар болатын 47 жер учаскесі «Ақпараттық есептеу орталығының» порталында электронды сауда-саттық (аукцион) арқылы 31 391 623,19 теңгеге сатылған деген мәлімет тұр. Жалпы жеке тұрғын үй құрылысы үшін Жаңақорған кенті және ауылдық округ әкімінің шешімдерімен жер учаскесін алған тұлғалармен жалға беру туралы 647, сатып алу арқылы 173 келісім-шарт жасалған екен. Бұл атқарылған жұмыстарға берілген нақты факт.

– Жер учаскесін алу үшін кезектілікке тіркелмегендігі анықталса ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің №301 бұйрығының 15-қосымшасына сәйкес «Жер учаскесін алу үшін кезекке қою» мемлекеттік қызметін көрсету қағидасы арқылы egov.kz порталына жеке электрондық цифрлық кілтіңіз арқылы кіресіз. «Жылжымайтын мүлік» батырмасын басып, «Жер қатынастары» тізілімін таңдап, «Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін (10 сотық жер) алуға кезекті қарау немесе кезекке тұру» бөлімшесіне өтесіз. Жаңақорған кенті немесе республиканың кезкелген аймағын таңдап өтініш білдіруге болады. Тағы айтамын, тіркелу тек электронды түрде, – деді бөлімнің жетекші маманы Ерболат Шайдаров.

Ал, кезегіңізді білгіңіз келсе электронды түрде көре аласыз. Иә, қазір құжаттың басым бөлігі электронды жүйеге көшті. Ол үшін тиісті мекеме немесе кент есігін сығалап жүрмейсіз. Бір сәт заңдылықты зерделеп көрейік. Жер кодексінің 50-бабына сәйкес, қазақстандық азаматқа жер тегін берілуі тиіс. Әрине, мақсаты мен мөлшері де бекітілген. Атап айтқанда, ауылдық жерлерде жеке қосалқы шаруашылықты жандандырғысы келгендер суарылмайтын жерлерден – 0,25 га және суармалы жерлерден 0,15 га ала алады. Бұл ретте үй және егістік алқаптары берілмейді. Дегенмен бұл жерде де шикілік жоқ емес. Бұл тақырыпта аудан заңгерлері мен блогерлер үлкен мәселе көтеріп жүр. Оған кейінірек тоқталармыз. Заң бойынша қазақстандықтардың құқығын талдап алайық. Одан кейін ақысыз ала алатын 0,10 га жер жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге беріледі. Көгалдандыру, саяжай құрылысы үшін 0,12 га алуға құқылысыз. Бұл – әр қазақстандықтың алуға толықтай құқығы бар жер телімі. Бір қарағанда, заң бойынша бекітіліп, осы мемлекеттің азаматтарына қамқорлық жасалып, ескерілгені қуанышты. Енді осы мүмкіндікті пайдаланып, қазақстандықтар бас-басына үй салып, шаруашылығын дөңгелетпей ме деп ойлап қалуыңыз заңды. Дегенмен барлық мәселе заңды құқығына басымдық беріп, жер алуға кезекке тұрғанда басталады. Басқа мақсаттарды емес, жеке тұрғын үй құрылысы мысалын қарастырып көрсек. 10 сотық жерге жайлы баспана салуға әбден болады. Әрі басында үйі бар-жоғына қарамастан, кез келген адам иелене алатыны заңда жазылған. Тіпті отбасыңызда бұрын-соңды 0,10 га жер алған адам болса да, сіз жеке тұлға ретінде өз теліміңізді талап ете аласыз.

Әлбетте, бір адамға бір рет қана беріледі. Ауданға қайта оралайық. Жер берілмей жатуының басты себебі жердің жоқтығы дейді құзырлы мекемелер. Әкімдік те, жерге жауапты бөлім де «Саяжай-1» мөлтекауданы инфрақұрылымын күтіп отырмыз дейді. Сол үшін құрылыс бөліміне телміріп отырған жайы бар.

Аудандық, сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне де бардық. Саяжайдың қашан ашылатыны жөнінде сауал тастадық. Бізге бас маман Шыңғыс Маханов жауап берді:

– 2021 жылы Жаңақорған кентіндегі 300 гектар жерді қамтитын Саяжай-1 учаскесінің егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленіп, 2022-2023 жылдар аралығында электр желісін жүргізу, су құбырын тарту, тас жол құрылысы және газ құбырын жүргізу үшін жоба сметалық құжаттары дайын тұр. Инфрақұрылымдарды жүргізу үшін жоба құны – 6 млрд 774 млн теңге. Атап айтқанда электр желісін жүргізуге – 2 млрд 261 млн 139,44 теңге, су құбырын тартуға – 1 млрд 772 млн 722,091 теңге, тас жол құрылысына – 865 млн 013,89 теңге жұмсалады. Газ құбырын жүргізу үшін 1 млрд 875 млн 218,616 теңге қаржы қажет. Аталған инфрақұрылымдардың құрылыс монтаж жұмыстары үшін 2023 жылы облыстық және республикалық бюджеттен қаржы сұратылып, қолдау таппады. Ағымдағы жылы құрылыс монтаж жұмыстары үшін облыстық және республикалық бюджеттен қаржысы қайта сұратылды. Инфрақұрылым жобаларға қажетті қаржы бөлінген жағдайда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп, 1600-ге жуық жер учаскесі ел игілігіне пайдалануға беріледі, – деді бас маман. 

Жер кезегінің жылжымау сыры инфрақұрылымның тиянақталмауында. Егер бұл іс жүзеге асса жобамен 2015, 2016, 2017 жылы кезекке тұрғандар толық қамтылады деген сөз. Мүмкіндік болса 2018 жылды да еңсеріп тастауы кәдік. Ендеше, биылғы жылдан үміт күтейік. Ең бастысы, жер кезегінің жылжуы қаржыға келіп тіреліп тұр. Іс түйінін жоғары орындардың шешімі тарқатады.

Тағы да оқыңыз: