Kyzylorda-news.kz Жаңақорған ауданы мал шаруашылығы саласы бойынша үздіктер қатарынан көрінді. Қазақтың дархан даласында шаруашылықтың қай саласы болсын берекелі дамыған. Егістікпен қатар көшпенділіктің көркі болған мал шаруашылығының өркен жайған өңірі – Жаңақорған жері десек болады. Қазақстанның әр өңірінде шаруашылықтың белгілі бір бөлігі өркен жайған, төрт түлік малы берекелі егістігі қаншанда жомарттығын аямаған.
Жаңақорғандық ағайынның мал шаруашылығының көкжиегін көркейтіп, атакәсіпті кеңейткені көрінеді. Ауылдағы ағайын ежелден айналысып келе жатқан мал шаруашылығы жыл сайын жанданып келеді. Күн сайын мал азығын даярлап, қиындығы мен қияметі көп жұмысты тындырып, кәсіп көзіне айналдырғалы көп болды. Соның қайтарымы жыл сайын төрт түлік төлдеп, бүгінде облыста мал басынан үздік аудан атансақ, аймақтағы жалпы есептің үштен бірін біздің аудан құрайды. Қыста қыстауда, жазда жайлауда жүретін шопандардың да еңбегі елеусіз емес. Жылда озат атанып келеді.
«Жалпы ауданда мүйізді ірі қараның саны 80 мыңға жуықтады, қой 350 мыңға, жылқы 26 мыңға, ал, құс саны 22 мыңнан асты. Бұл облыс көлемінде үлкен көрсеткіш. Нақты цифр жыл соңында анықталады. Одан бөлек, төрт түлік азығын дайындаудан да алда келеміз. Былтыр Түркістан облысына экспорт жасасақ, биыл Сыр өңірінің өзге аудандарына тасымалдадық. Баға да қолжетімді, әсіресе, шөптің құны былтырғымен салыстырғанда екі есе төмен түсті. Осы жағдайлардың жүгінен, шаруалардың берекелі кәсібінен үздіктер көшінен түспей келеміз», – деді ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев.
Бізде бұл кәсіптен тек мал басын көбейтіп қана қоймай, ет бағытында да жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Соның бірі Қыркеңседегі «Бекарыс – Агрофуд» ЖШС.
«Қазір егін науқаны аяқталды, ерте көктеммен ала жаздай төккен тердің жемісін жеп, нәпақаны тауып отырмыз. Енді қыс бойы малдың қоңын келтіріп, төрт түлікті түгендеп, төлдетіп, көктемде жайылымға немесе тауға жөнелтеміз. Мал басын асылдандырумен қатар ет бағытында шаруаны ширатып, өзге өңірлерге экспорттаймыз. Әсіресе, қыста сұраныс көп болады. Ең бастысы, берекелі кәсіптің адал нанын жеп отырған жайымыз бар», – деді қожалық төрағасы Серік Мырзабаев.
Міне, мал бағытындағы ата кәсібіміз осылай жалғасып келеді. Сұраныс та өте жоғары, өйткені, тау мен Сырдың бойынан нәр алған жануардың қоңын өздеріңіз бағамдай беріңіздер. Тек субсидия деген ұғымды ырыққа көндіріп, пайдасын далаға жібергеніміз рас. Осыны тыю керек немесе жеке қалтаға емес, жалпы қоғамға пайдасы тиетіндей ету аса маңызды.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытуды одан сайын күшейтуге басымдық берудегі қаржыландырудың бұл бір түрі. Бұл жүйе тоқтап немесе кеміген емес. Тек мемлекеттік қолдау тәсілінің мүлтіксіз орындалуын, яғни бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын аса ыждағаттылықпен қадағалауды талап етеді. Осы ретте аудан әкімі әрбір кәсіп иесіне талап қойып келеді. Субсидияны алуға көмектесіп, есесіне халыққа нарықтан арзан өнім беруді міндеттеді. Әсіресе, ет бағасы ырыққа бағынбай тұр. Басқа ауданмен салыстырған баға бірдей шығар, бірақ, аграрлы ауданда тұрып, еттің бұлай шарықтауы ұят жағдай.
Иә, әр істің қайтарымы болады. Мемлекеттен алғанды мемлекетке емес, қара халыққа қайтару парыз. Жалғыз жолы бағаны базардан төмен пұлдау. Мүмкін болса әлеуметтік дүкендерге демеу болу керек. Бірақ, біз субсидияны алуын аламыз, бірақ қайтарымы жоқ. Бір сөзбен айтқанда, кіріс бар, шығыс жоқ. Оны уақыттың еншісіне қалдырайық. Бұл тақырып әлі талай таразыдан өткізіледі. Біз бүгін биылғы жылдағы субсидияға байланысты жаңалықты жүйелеп алайық.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қаражаттың бөлінуіне қатысты субсидиялаудың барлық бағыты өзгеріссіз қалады. Ал, аграрлық-өнеркәсіптік кешенді субсидиялау жүйесінде аздаған өзгеріс бар. Өсімдік шаруашылығынан бастайық. Бұл саладағы бағыттар мен нормативтер сақталды. Қант қызылшасын өсіруге одан сайын дем беру субсидиялау нормативі тоннасына 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін ұлғайтылады. Бұл ретте сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және әкімшілендіруді оңайлату үшін аударым өтінімдерінің күші жойылады. Ауыл шаруашылығы дақылдарын, минералды тыңайтқыштарды, пестицидтерді субсидиялау бағыттары мен нормативтері бойынша әкімдіктердің қаулыларын келісу рәсімі министрлікке субсидиялаудың ұсынылатын көлемін электрондық форматта беру рәсімімен ауыстырылады. Сондай-ақ тұқымдардың қозға-лысын бақылаудың ақпараттық жүйесі енгізіледі.
Енді біз күткен мал шаруашылығы. Бұл бағытта асыл тұқымды мал басын сатып алу кезінде шошқа шаруашылығын қоспағанда, барлық қолданыстағы субсидиялау нормативі тағы да өзгеріссіз қалады. Селекциялық – асыл тұқымдық жұмыс саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жоғары болуына байланысты бұқалар мен қошқарларды жалға беруді субсидиялау жойылады.
Ал тауар-спецификалық субсидиялар өзгеріссіз қалады. Бірақ күшін жоятын бөліктері бар. Айталық, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жатпайтындықтан, күркетауық еті мен суда жүзетін құстарға субсидия берілмейді. Сондай-ақ меншікті аналық басы жоқ кооперативтерге дистрибьюторлық орталықтар көрсеткен қолдан ұрықтандыру жөніндегі қызметтер субсидияланбайды және асыл тұқымды мал импорты кезінде екінші деңгейлі банктегі қаржы институтының арнайы шотына субсидиялар аудару мүмкін болмайды.
Жұмыртқа шаруашылығы бойынша норматив бір жұмыртқа үшін 3 теңге болып қалады. Бұл ретте 1-санаттағы жұмыртқаларды сатудың шекті бағалары әкімдіктермен жасалған меморандумдар негізінде белгіленеді. Бұқашықтар мен тоқтыларды бордақылауға және ет комбинаттарына тапсыру бойынша субсидиялау нормативтері өзгеріссіз қалады. Алайда малды өздерінің бордақылау алаңдарына көшіретін шаруашылықтар үшін орын ауыстыру нормасы жойылады. Жем-шөп бойынша субсидияларды алудың нормативтері мен критерийлері ғылыми ұйымдардың ұсынымдары негізінде әкімдіктердің қаулысымен бекітіледі.
Инвестициялық субсидиялау. Бұл субсидиялаудың барлық түрі мен бағыты жүйеленген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын субсидиялау облыстық құрылыс және сәулет басқармаларының қызметкерлерін салынған объектілерді қарау жөніндегі мамандар тобына қосу туралы міндетті талаппен сақталады. Еріген суларды жинауға арналған жасанды су айдындарын салу үшін вагондардың құнын субсидиялау жойылады. Жайылымдарды суландыру үшін ұңғымалар мен құдықтар қазу кезінде бұрғылау жөніндегі материалдар мен қызметтердің құны ғана субсидияланатын болды. Бұл ретте жабдықтың құнын субсидиялау жойылады. Өйткені оның нарықтық құны өндіруші елге байланысты ондаған есе өзгеріп тұрады.
Міне, осы күнге дейін аталған жүйеге қатысты мәселелер барынша ескеріліп, субсидиялаудың осындай жаңа қағидалары енгізілді. Түйінін айтқанда, бұл өзгерістердің негізгі мақсаты мемлекеттік қолдаудың тиімділігі мен нәтижелігін арттыру, қарсы міндеттемелердің орындалуына бақылауды күшейту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша жою және цифрландыру есебінен субсидиялар алу рәсімін оңайлату болып тұр. Бұл тиісті мекемелердің құзырындағы шаруа. Бастысы, субсидияны өнімді өркендету үшін жұмсай білсек болғаны.