Kyzylorda-news.kz Жаңақорған аграрлы аудан десек, көктем келе қызу тірлік басталды. Бірақ дақылдың дәстүрлі түрлерінен суды аз қажет ететін дақыл түрлеріне ауыстырып, егісті әртараптандыру маңызды. Соңғы 2-3 жылдың көлемінде Сырдария өзеніндегі су деңгейі төмендеп келе жатқаны белгілі.
Облыстағы басқа аудандарға қарағанда Жаңақорған ауданы су тапшылығын бірінші болып сезінуде. Бұл жағдай диқандарға ауыр тиюде, сондықтан шаруашылық құрылымдары суды аз қажет ететін әртараптандыру бағытындағы дақылдарға басымдық беріп, бейімделіп келеді. Егін саласын әртараптандыру бағытында былтыр жаңақорғандық диқандар жақсы нәтиже көрсете білді. Биыл да осы бағытта жүйелі жұмыс жасауды жоспарлап, нақты межені айқындауда. Әсіресе, суды аз қажет ететін дақыл түріне басымдық беріп, өнім көлемін көбейтуді көздеп отыр.
Қазір дақылдарды әртараптандыру аса маңызды іс. Үкімет осыған айрықша көңіл бөлуде. Соның салдарынан биыл зығыр, рапс, күнбағыс, жасымық, ноқат, арпа, сұлы, қант және дәндік қызылша сияқты қажетті дақылдар алаңы 1 миллион гектарға ұлғаяды.
Агросектор мамандары бұл оңды іс болғанын айтады. Себебі, ауыл¬шаруашылығы сарапшыларының өзі кейінгі жылдары еліміздің дәнді-бұр¬шақты және майлы дақылдар өсіруге үлкен әлеуеті бар екенін айтып жүр. Негізі дәнді-бұршақты және майлы дақылдарды өндіруге тек Қазақстан емес, бүкіл дүниежүзі бет бұра бастады.
Өткен жылмен салыстырғанда майлы дақылдарды өсіру 28 пайызға артқан. Оның ішінде рапс – 54 пайызға өскен. Биыл 300 мың гектарға жасымық дәні себіліп, былтырғы деңгеймен салыстырғанда 2,8 есеге артық көрсеткішке қол жеткіздік. Нәтижесінде, дүниежүзі бойынша жасымық өсіруші бес ірі мемлекеттің қатарына ендік.
Сондай-ақ, ҚР Үкіметінің агроөнеркәсіп кешені туралы кеңес отырысында Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есе ұлғайту жөнінде тапсырма берді. Кеңес отырысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірде атқарылған жұмыстарды баяндады.
– Өңірде әртараптандыру бағытында биылдың өзінде күріш алқаптарын 5 100 гектарға қыс¬қартып, мал азығы болатын дақылдар мен көкөніс, бақша егісі көлемін көбейту жоспарлануда. 2028 жылға қарай күріш көлемі 72 мың 200 гектарға дейін оңтайландырылады. Су үнемдеу технологиясымен егілетін мал азығы және жүгері, көкөніс, бақша дақылдарының көлемі 47 мың 300 гектарға ұлғаяды. Күріштің егіс көлемі азайғанмен, агротехнологияларды қатаң сақтау, минералды тыңайтқыштарды өз деңгейінде пайдалану, тұқым сапасын жақсарту, жаңа сорттарды өндіріске енгізу арқылы өнімділігін 20-25 пайызға дейін арттыруға толық мүмкіндік бар. Осының есебінен жыл сайын 450-460 мың тонна күріш өндіру көзделуде. Бұл еліміздің күрішке қажеттілігін толық қамтамасыз етеді және экспорттық әлеует сақталады. Егісті әртараптандыру, агротехнологияларды жақсарту шаралары жеңілдетілген несиелендіру, субсидиялау секілді мемлекеттік қаржылай қолдауды қажет етеді. Дайын жобаларымыз бар, – деді аймақ басшысы.
Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының болжамды егіс көлемдері 187,0 мың гектарға жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы құрылымдары биылғы жылдың егісі үшін өткен жылдың күз айларында 3,7 мың гектар күздік бидай егуді және 50,6 мың гектар сүдігер айдауды қамтамасыз етті. Биылғы жылдың егісіне облыс бойынша 938 тонна жаздық бидай, 736 тонна күздік бидай, 49 тонна арпа, 11 тонна тары, 65 тонна дәндік жүгері, 5 тонна күнбағыс, 105 тонна мақсары, 14 тонна соя, 21,8 тонна сүрлемдік жүгері және 298 тонна жоңышқа тұқымы құйылды. Облыс бойынша күріштің 21 304 тонна күріш тұқымы құйылды. Облыстық ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқарма басшысы осылай мәлімдеді.
Біздің ауданда да егінді әрта¬раптандыруға көңіл бөлуінде. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев:
– Биыл аудан бойынша 36108 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Ауылшарушылығымен айналысатын 781 шаруашылық құрылымның 485-і егін егуге бейімделген, оның ішінде 200 шаруашылық күріш өсіруге маманданған. Ауданда соңғы үш жылда ауылшаруашылығы дақылдарын әртараптандыруға басымдық беріліп келеді. Өткен жылмен салыстырғанда әртараптандыру бағытында күздік бидай – 1618 гектарға, көкөніс, бақша, картоп – 64 гектарға, жүгері – 25 гектарға, жоңышқа – 500 гектарға артады, – деді сала басшысы.
Шынында, шаруақожалық басшы¬лары нарықты терең зерттеп, шығыны аз, пайдасы көп дақыл түрлеріне басымдық беретін кез келді. Бір ғана мысал, нарықта көкөніс, жеміс-жидек, бұршақ тұқымдас дақылдарға сұраныс жоғары бағаланады. Ал біздің ауданда шаруалар көкөніс өсіруге басымдық бермейді. Айталық, көршілес Өзбек елі көкөністен көл-көсір пайда тауып отыр. Қазіргі таңда Өзбекстан жыл сайын шамамен 20 миллион тонна көкөніс өнімін өткізеді. Міне, нағыз табыстың көзі осы.
Біздің елімізде де оңтайлы өзгерістер орын алып, егінді әртараптандыру қолға алынуда. Әйтсе де, соңғы уақыттары су деңгейі төмендеп келе жатқаны белгілі. Облыстағы басқа аудандарға қарағанда Жаңақорған ауданы су тапшылығын бірінші болып сезінуде. Бұл жағдай диқандарға ауыр тиюде, сондықтан шаруашылық құрылымдары суды аз қажет ететін әртараптандыру бағытындағы дақылдарға басымдық беріп, бейімделіп келеді. Бұл жөнінде ауылшаруашылығы бөлімінің бас аграномы Дәурен Абибуллаев жіті түсіндірді.
– Күріш егілетін Келінтөбе, Түгіскен, Қожакент, Қыркеңсе, Жаңарық ауылында егінді әртараптандыруға басымдық берілуде. Қаратау бөктерінде де инновациялық жобалар. Бесарық ауылдық округіне қарасты «Пазылбек Қажы» шаруа қожалығында «Акватерра гидрогелі» жаңа технологиясы іске қосылды. 500 гектарға мақсары, 100 гектарға жаздық бидай дақылдарын орналастыруға жұмыстар жасалуда, – деді ол.
Аграном мамандардың сөзінше, ауыспалы егістің жемісі бір жылда көрінбеуі мүмкін, бірақ бұл тәсілдің әсері өте көп деседі. Бастысы дәстүрлі бірізділіктен құтылуға жұмыс жасап, жақсы нәтиже беруге көшкен жөн. Бұл ойымызды қандөздік диқаншылар да құп көріп, өзге де өнімдерді өсіру тары өсіруден артық болмаса, кем емес екенін түсінді.
– Біз әуелі тары егуден бастағанбыз. Бұл өте пайдалы өсімдік, өнімі көп. Дегенмен егінді әртараптандыру деген өте дұрыс бағыт деп есептеймін. Бұл мемлекеттің де, шаруалардың да мүддесі. Осы тұрғыда мемлекеттің көмегі жоғары бағаланады. Бұндай жаңалықты баяғыдан-ақ енгізу керек еді. Біз биыл жоңышқа егуді қолға алып жатырмыз. Онымыз дұрыс болды деп ойлаймын», - дейді диқан Нұрберген Исабеков.
Осы мақсатта Ы.Жахаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары арнайы семинарлар өткізуде. Ондағы мақсат – күріштен басқа дақылдардың тиімділігі, кететін шығыны мен түсетін пайдасын салыстырмалы түрде көрсетіп және егіске қажетті тұқымдардың жай-күйін нақтылап, шаруашылықтарды сапалы тұқыммен қамтамасыз ету барысында бірлесіп жұмыстар жасау еді. Бұл жөнінде ауылшаруашылығы бөлімінің бас аграномы Дәурен Абибуллаев жіті түсіндірді.
– Ағымдағы жылы Қаратау бөктерінде бос жатқан жерлерді игеру мақсатында ылғал сақтағыш технологияны пайдалана отырып, Бесарық ауылдық округіне қарасты «Пазылбек Қажы» шаруа қожалығында «Акватерра гидрогелі» жаңа технологиясы іске қосылады. 500 гектарға мақсары, 100 гектарға жаздық бидай дақылдарын орналастыруға жұмыстар жасалуда. Қазіргі таңда толығымен жер айдалып, Орал қаласынан 15 тонна мақсары тұқымы сатып алынып, наурыз айының аяғына егу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда, – деді.
Пазылбек Қажы» шаруа қожалығы былтырғы жылы 80 гектарға күздік бидай дақылын осы аталған жаңа технологиямен егіп, межеленген жоғары өнім алғаны есімізде. Биылғы дала еңбеккерлерінің егіс көлемі – 36 мың 108 гектар. Оның ішінде барлық дәнді дақылдар – 12 840 гектар болса, негізгі дақыл күріш – 7300 гектар, көкөніс, бақша, картоп – 3050, майлы дақылдар – 2037, мал азығы – 18 181 гектарды құрайды. Егіс көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 768 гектарға артық.
– Әртараптандыру бағытында өткен жылмен салыстырғанда барлығы 2 207 гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Оның ішінде, күздік бидай – 1618 гектарға, көкөніс, бақша, картоп – 64 гектарға, жүгері – 25 гектарға, жоңышқа – 500 гектарға артпақ. Сонымен қатар, тау беткейіндегі Жайылма ауылдық округіндегі шаруашылық құрылымдары биыл су тапшылығын ескеріп, көкөніс, бақша дақылдарының көлемін сақтау бағытында шахталық керіздер (катлабан) қазу жұмыстарын жүзеге асыруда, – деді бас аграном.
Жалпы облыста өндірістік негізде егілетін және экспорттық әлеуетке ие дақыл негізінен күріш болып табылады. Сонымен қатар, экспортқа бағытталған майлы дақылдар мен бұршақ тұқымдас, (бобовые) және ішкі нарықты молықтыру мақсатында картоп, көкөніс, бақша дақылдары мен жемістердің де мүмкіндіктері өте жоғары. Дегенмен, аймақтағы инженерлік жүйеге келтірілген суармалы жерлер, тұқым шаруашылығы, машина-трактор паркі, өңдеу кәсіпорындары түгелдей күріш дақылына бейімделген. Ауыл шаруашылығы құрылымдары тарапынан қызығушылық өз дәрежесінде болмағандықтан, күріштен басқа тиімділігі жоғары, көрші елдерде сұраныстарға ие бұршақ тұқымдас және майлы дақылдар мен жүгері, картоп, көкөніс, бақша дақылдарының өндірістік негіздегі егіс көлемдері артпай отыр дейді ауылшаруашылық саласының маманы Пірмұхаммед Сыздыков.
Оның айтуынша, облыс әкімдігімен бекітілген облыстың Агрокартасында кейбір дақылдардың егіс көлемдерін көбейту қарастырылған. Яғни, күріш егісін тұрақтандыра отырып, облыста суды аз тұтынатын, өнімділігі мен сату бағасы жоғары, сұранысқа ие және облыстың климаттық жағдайында тұрақты өнім беретін дақылдар егісін ұлғайту өзекті мәселеге айналды. Мәселен, дақылдардың 1 гектарға жұмсалатын өндірістік шығындар нормалары мен рентабельдігіне тоқталсақ.
– Алдымен күрішті зерделесек, қазіргі уақытта облыстағы шаруашылық құрылымдары 1 гектар күрішті өсіріп, жинауға орташа есеппен 350-400 мың теңге аралығында шығын жұмсайды. Осыдан орташа гектарынан 55 центнерден өнім жинап, жиналған күріш салысының келісін 80-100 теңгеден сатқанда шаруашылықтың таза пайдасы шамамен әр килограмнан 100 теңгені, гектарынан 550 мың теңгені құрайды. Рентабельділігі 28 процент шамасында және жылма-жыл тауарлық-материалдық құндылықтар мен жанар-жағармайдың қымбаттауынан өнімнің өзіндік құны өсіп, рентабельділігі төмендеуде, – деді П.Сыздықов.
Оның сөзінше, күріш көп пайда әкелмейді екен, ал қалған өнімді төмендегіше таразылады. Мәселен, дәндік жүгеріні 1 гектарға өсіріп, жинауға орташа есеппен 196,6 мың теңге жұмсалады. Оның орташа гектарынан 40 центнерден өнім жинап, жиналған жүгері дәнінің келісін 90 теңгеден сатқанда шаруашылықтың таза пайдасы шамамен гектарына 360 мың теңгені құрайды. Рентабельділігі – 83,1 процент.
Ал дәндік жүгеріні тамшылатып суару үшін 1 гектарға өсіріп, жинауға орташа есеппен 1 млн теңге жұмсалады. Одан орташа гектарынан 120 центнерден өнім жинап, жиналған жүгері дәнінің келісін 90 теңгеден пұлдағанда, шаруашылықтың таза пайдасы шамамен гектарына 540 мың теңгені құрайды екен.
Сол секілді картопты алайық. Тамшылатып суару әдісімен 1 гектарға өсіріп, жинауға орташа есеппен 1 млн теңге жұмсалады. Оның орташа гектарынан 200 центнерден өнім жинап, жиналған картоптың келісін сапасына қарай орташа 100 теңгеден сатқанда шаруашылықтың таза пайдасы шамамен гектарына 2 млн теңгені құрайды. Рентабельділігі 100 пайыз. Осылай жалғаса береді.
«Көктемнің әр күні жылға азық» демекші, кетпенін сайлап, егіс даласына бет алған диқандардың ісі берекелі болсын. Жерге еткен еңбек, жерде қалмайды.
Жалпы, ауыл шаруашылығы – еліміздегі ең маңызды саланың бірі. Сондықтан, аграрлық секторға қатысты мәселелерді Президентіміз өзінің жіті бақылауына алып отыр. Өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласын дамыту және өндірілген өнім көлемін арттыру мақсатында қарқынды жұмыстар әсте бәсеңсіген емес. Бұл жұмыстар алдағы уақытта өз жемісін беріп, бүгінгіден де жоғары жетістіктерге қол жеткіземіз деп сенеміз.