Kyzylorda-news.kz Былтыр Жалағаш ауданында «Байқоңыр ӘКК» ҰҚ» АҚ арқылы мал шаруашылығы, өндіріс, қызмет көрсету, өсімдік бағытындағы 179,7 млн теңгені құрайтын 22 жоба қаржыландырылған. Нәтижесінде 33 жаңа жұмыс орны құрылған. АӨК арқылы 3 жоба 47,5 млн теңгеге қаржыландырылған. Мұнан бөлек кәсіпкерлер арқылы 132,2 млн теңгені құрайтын 19 жоба жұмысын бастаған. Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Талғат Дүйсекеев осылай деді.
Тарқатып айтсақ, өңдеу саласы бойынша үміткерлердің 7 жобасы 50,3 млн теңге қаржылай қолдау тапқан. Асыл тұқымды мал шаруашылығына келсек, 3 жобаға 38,6 млн теңге бөлінген. Қызмет көрсету бойынша 6 жоба 43,6 млн теңге қаржылай қолдау тапса, егін саласында 6 жобаға 47,2 млн теңге бағытталған.
Иә, «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты белгілі, ауылдық елді мекендерде кәсіпкерлік саласын дамыту арқылы елдің әлеуетін көтеру. Бірақ кейде алмақтың да салмағын ұмытып кететініміз тағы бар, мемлекеттен қаншама млн теңге қаржылай қолдау күтеміз, оны және аламыз да, ал салық төлемдерін тапсырарда өзіміз енжарлық танытамыз. Шындығында, осындай қолдаудың барлығы сол салық түсімдерінен қалыптасатынын естен шығармаған да дұрыс шығар.
Былтыр аталған жоба аясында несие алған жалағаштық 22 кәсіпкердің 17-сі міндетті салықтық төлемдер төлесе, 4 кәсіпкер нольдік есептілік тапсырған. Ал 1 кәсіпкерден мүлдем салықтық төлем түспеген. Кәсіп иесі құжат бойынша шалғайдағы Аққыр ауылынан екен. Бірақ «Аскар Тобе» СПК иесі Амангелді Азаматты жергілікті халық та, тіпті ауыл әкімі де танымайтын болып шықты. Бұл мәселені алдағы уақытта жауаптылар құзырлы органдармен біріксе де реттер. Бірақ «Алдағы уақытта дәл осындай мәселе орын алмас үшін қайтпек керек?» деген сауалдың түйінін тарқатайық. Келесіде әр ауылдан ұсынылған жобалардың авторын ауыл әкімінен сұрап, сол ауылда тұратынын немесе тұрмайтынын анықтап алған дұрыс сияқты. Болмаса әлгіндей мәселенің алдын алмай салдарымен күресу жалғаса беретіні сөзсіз. Сонда ғана мемлекеттен салаға бөлген қаражат мақсатсыз жұмсалмайды. Бұған қатысты аудан әкімі Ардақ Әбдіғаппарұлының да айтары осы.
– Мемлекеттің саланы дамытуға бөлінген әрбір тиыны мақсатты жұмсалуы керек, сондай-ақ қаржылай қолдауға ие болғаннан кейін кәсіпкерлер де салықтан жалтармауы керек. Әлгі азаматтың кім екенін, не себепті салық есебін тапсырмағанын анықтаңыздар. Жобаның мақсаты белгілі, ауылдағы ағайынның тұрмысын түзеуде кәсіпкерлік саласын дамыту бәрінен маңызды. Себебі бұл тек елді мекенде кәсіпкерліктің дамуына ғана серпін беруге жасалып отқан жоқ, бір жағынан елдегі жұмыссыздықты тұсауда да аталған жобаның маңызы жоғары, – деді Ардақ Ибраимов.
«Ауыл аманаты»: 49 жобаның құжаты дайын
Биыл жоба аясында ауданда 318,3 млн теңгені құрайтын 49 жобаның құжаты дайын тұр. Тіпті жобаның тиімділігін арттыру және несие алушылардың құжат жинақтау мерзімін үнемдеу мақсатында «Ауыл Аманаты» цифрлық патформасы құрылған. Бүгінге дейін 139,7 млн теңгені құрайтын 27 жоба цифрлық патформаға енгізілген. Олардың қатарында өңдеу саласында 33,3 млн теңгені құрайтын 7 жоба, асыл тұқымды мал бағытында 41,1 млн теңгенің 8 жобасы және басқа да бағыттар бойынша 65,3 млн теңгені құрайтын 12 жоба бар.
Тарқатып айтсақ, оның ішінде 42,7 млны теңгені құрайтын 7 жоба Жалағаш кентіне тиесілі. Қалғаны ауылдық елді мекендер еншісінде. Аталған жобамен кәсіп бастағысы келетіндер қатарында Мақпалкөл мен Бұқарбай батыр ауылының халқы көш бастап тұр. Мәселен, Темірбек Жүргенов ауылынан 5 адам құжат дайындаса, батыр атындағы ауылда 4 жоба әзірленген. Мұнан бөлек Еңбек пен Жаңаталаптан 2 жобадан дайын болса, қалған ауылдардан тек 1 жобадан ұсынылған.
11 жоба мақұлданған
Оның ішінде 85,8 млн теңгені құрайтын 15 жоба комиссияда қаралған. Нәтижесінде 60 млн теңгенің 11 жобасы мақұлданған. Оның ішінде өңдеу бағыты бойынша 3, асыл тұқымды мал бағытында 3, басқа да бағыттар бойынша 5 жоба бар. Қаржылай қолдауға лайық деп танылған жобалармен 11 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде.
Бөлім басшысы бұдан бөлек ауданда 115,1 млн теңгені құрайтын 19 жобаның құжаттары жинақталып жатқанын жеткізді. Оның ішінде Жалағаш кентінен 6, Темірбек Жүргеновтен 2, Есет батырдан 2, Таңнан 2, Жаңаталаптан 2 жоба бар. қалғаны Еңбек, Ақсу, Бұқарбай батыр, Мырзабай ахун және Аққыр ауылдарына тиесілі.
Жалпы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қатысты аймақ басшысының арнайы тапсырмасы да бар. Мәжілісте оның ауданда орындалу барысы да пысықталды. Мәселен, ауданда 8 айда 3011 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 285 кәсіпкерлік субъектісіне азайған. Оның ішінде нақты жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 95,5 пайызды құрайды. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстарғанда бұл көрсеткіш те 133-ке азайған.
Жасұлан Дүйсекеев соңғы 8 айда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің төмендегенін жасырмады. Бұл өз кезегінде осы сала бойынша жұмыспен қамтылған адамдар санының қысқаруына және өндірілген өнім көлемінің азаюына сеп болып отыр. Мәселені реттеуге қатысты бұған дейін Ардақ Әбдіғаппарұлы арнайы тапсырма берген. Нәтижесінде қыркүйекте 73 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Осы мәжілісте де аудан әкімі жауапты азаматтарға салаға әлі де серпін беру мақсатында нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ оның нәтижесі сұралатынын да қаперге салды.
Шалғай ауылда шаруа шираған
Мұнан кейін Аққыр ауылы әкімінің 9 айлық жұмысы сараланды. Жаңабек Матаевтың сөзінше, жергілікті жұрт мемлекеттің бағдарламалармен кәсіп бастауда. Мәселен, шалғайдағы елді мекенде «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін 6 ауыл тұрғыны оқып, оның 4-еуі қайтарымсыз грант алған. Қазіргі таңда олар өз жұмысын бастап кетті. Мұнан бөлек «Аграрлық несие корпорациясы»АҚ арқылы 2 жоба қаржыландырылған. Оның бірі жалпы құны 35,6 млн теңгеге жылқы шаруашылығын дамытса, енді бірі 1,4 млн теңгеге ірі қара өсіруді қолға алған.
Жаңабек Матаев «Ауыл аманаты» бойынша 1 ауыл тұрғыны асыл тұқымды МІҚ өсіруге құжат өткізгенін айтады. Жоба құны – 6 млн теңге. Сонымен қатар тағы бір азамат арнайы техника алу үшін құжат дайындауда. Сондай-ақ ол ауылда жұмыссыздықты тұсауда нақты жобалар жүзеге асып жатқанын да жасырмады. Мәселен, Мемлекет басшысының 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасына орай Аққырда 9 жаңа жұмыс орны ашылған. Биыл жұмыссыз ретінде 36 тұрғын тіркелсе, оның 11-і тұрақты жұмысқа орналасып, 25-і қоғамдық жұмысқа тартылған.
Салада серпін бар
Иә, сыртынан қараған адамға шалғай ауылда кәсіппен айналысу тиімсіз сияқты. Бірақ бел буған адам оның жемісін көреді. Жалпы бізді Аққырда аталған саланың даму қарқыны қуантады. Мәселен, осыған дейін 90 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның барлығы 100 пайыз нақты жұмыс жасап тұр. Демек ауылда аталған салада серпін бар, бір жағынан жергілікті жұрт кәсіппен айналысудың пайдасын жете түсінген. Болмаса аядай ауылда мұндай қарқын қалыптаспас еді.
Аққырдың мал шаруашылығын дамытуда өзіндік орны барын жергілікті жұрт жақсы біледі. Қуантарлығы, сол із әлі бар, қазір де ауылда аталған сала алға басып, ауылда мал басында өсім қалыптасуда. Мәселен, бүгінде 2460 мүйізді ірі қара, 3432 уақ мал, 1026 жылқы және 109 түйе тіркелген. Осыған дейін кәсіп ашуға мемлекеттен қолдау алғандардың қатарында да мал шаруашылығын дамытуға бел буғандар қаншама. Демек алдағы уақытта да ауылда мал басында өсім қалыптаспақ.
Енді аққырлықтар егін саласына да ерекше көңіл бөліп отыр. 24809 гектар жердің 17994 гектары – ауыл шаруашылығы жерлері. Осыған дейін бақша салып, қыстық азығын қамдайтын Аққырдағы ағайын соңғы жылдары су тапшылығынан бақшалық жерін азайтқан. Биыл жер ашылып, тіпті күріш те егіп отыр. Оның үстіне әлі де аяқсу жеткізу үшін бірнеше шақырым канал қазу жоспарда бар. Жоба құны 500 млн теңгеге жуықтайды. Келер жылы бұл жоба жүзеге асса, ауылдың екінші тынысы ашылатындай.
Оқушылары озат орта мектеп
Жаңабек Матаев ауылда білім саласының дамуына үлкен қолдау барын және оның жемісін де жоққа шығармады. Салаға ерекше тоқталған ауыл әкімі алдағы уақытта да бұл бағытта нәтижелі жұмыстар болатынын жеткізді. Елді мекендегі №188 орта мектеп 1985 жылы пайдалануға берілген. 464 орындық білім нсынанына 2020 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Қазіргі таңда 157 оқушы білім алуда. Ондағы мұғалімдердің 96,8 пайызы – жоғары білімді маман. Былтыр 9 оқушы мектеп бітіріп, барлығы ҰБТ қатысқан. Нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай. Бүгінде түлектер 100 пайыз мемлекеттік грантпен оқу орындарында білім алуда. Жалпы ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасына қатысты алшақтықты болдырмауда аққырлық ұстаздардың қалай жұмыс жасап жатқанын осыдан-ақ аңғаруға болады.
Ауыл әкімі Аққырда бірнеше жобаның дайындалып жатқанын да жасырмады. Мәселен, 100 орындық ауылдық клуб құрылысын салуға 3 жыл бұрын жоба-сметалық құжаттар әзірленген. Тіпті 2022 жылы мемлекеттік сараптамадан өткен. Жоба құны 333 млн 700 мың теңгені құрайды. Қазіргі таңда қаржыландыруға ұсынылған, қолдау тапса, ауылда мәсдеиет үй бой көтермек.
Елді мекенде 1 спорт зал және 1 спорт алаңы тұрғындарға қызмет көрсетеді. Биыл №14 спорт мектебінің ауыр атлетика филиалы ашылған. Қазіргі таңда онда 60 бала ауыр атлетика бойынша спортпен шұғылдануда. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры арқылы 175 млн теңгені құрайтын спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұл нысан желтоқсанда ел игілігіне беріледі.
Жалпы ауылда мұнан өзге де тындырымды тірлік көп. Ауыз су жүйесі мен электр желілері 2019 жылы қайта жаңғыртылған. Аяқсумен қамтуда облыстық бюджеттен 15 млн 600 мың теңге қаралып, жоба-сметалық құжат әзірленіп, қаржыландырылуға ұсынылған. А.Ахетұлы көшесіне 31,5 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Былтыр ауылдың ішкі жолдарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында 5 көшеге жоба-сметалық құжаттар әзірленген. Келер жылы Н.Таспенов және Аққыр көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде.
Мұнан кейін Аққұм мен Қаракеткен ауылдық округтерінде атқарылған жұ-мыстар төңірегінде ауыл әкімдері баяндады. Ардақ Әбдіғаппарұлы осыған дейінгі жұмыстарға тоқмейілсімей, шаруаны әлі де ширату қажеттігін қаперге салды.
– Біз қаншама жобаны дайындаймыз, мақсат белгілі, елді мекендердің әлеуетін арттыру, ондағы халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Сондықтан қай ауылда болсын жүзеге асып жатқан жұмыстардың жемісін халық көруі тиіс. Ол үшін әрбір жоба өміршеңдігі маңызды. Сондықтан сапаға мән беруді барлығыңызға қатаң ескертемін, – деді аудан әкімі.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ