Kyzylorda-news.kz Бақдәулет Абатұлы «Бақдәулет-57» шаруа қожалағының түйекеші. Шаруашылықтағы 100 бас аналықтан 50 төл алып, мал басын аман сақтаған.
Ол Жалағашқа қарасты Аққұм ауылында дүниеге келген. Осындағы №38 орта мектептің 9-сыныбын бітірген соң қалаға оқуға аттанады. «Ақмешіт» колледжінің студенті атанып, «Мал дәрігері» мамандығын игереді.
– Әкемнің есімі – Абат, ал анам – Мейрамгүл. Жеті ағайындымыз. Көпбалалы үйде өстім. Ата-анамыз жасымыздан еңбекке баулып өсірді. Адал нан тауып жеуді үйретті. Міне, енді ауылдағы ірі шаруашылық – «Бақдәулет-57» қожалығында жұмыс істеймін. Бір жарым жылдан бері түйе бағып келемін, – дейді ол.
Көп сөзге жоқ, ұяңдау мінезді Бақдәулеттің қарамағында 100 бас түйе бар екен. Әрі ботасы мен тайлағы, інгені мен атаны аралас жайылатын түлікті бағуда түрлі қиындық кездесетін көрінеді.
– Жазда аса қиын емес. Ұзаққа жайылмайды. Ауыл маңындағы шаңдаққа иіріліп, сонда аунап жата береді. Ал қыста мүлде бөлек. Күнделікті түгендеп, алдын қайырмалап, бөлінгендерді қосып тұрмасаң өзіңе қиын. Қашыққа ұзап кетіп, екі-үш күн әуре-сарсаңға салатыны бар. Ең жаманы – атан, яғни, аталық түйелердің адамға қарап, айбат қылып шабатыны болады. Ең қауіптісі де осы. Түйенің еті де, шұбаты да адам баласына пайдалы екені бұрыннан белгілі. Ата-бабаларымыз осы түліктің шудасына дейін емге жаратты емес пе? – дейді ол.
Расымен, көшпелі қазақ ертеден киелі санаған төрт түліктің төресі бұл. Бар жақсыны бойына жиған жануардың біріншіден, етін қорек етсек, шұбаты мен шудасының денсаулыққа шипасы екібастан белгілі. Әсіресе, шуданы емдік мақсатқахалық жиі пайдаланған. Шыққан не сынған сүйектің бітуіне тез әсер етеді. Оның буын, құяң, бүйрек аурулары, радиация сәулелеріне қарсы қасиетін ғалымдар мойындап отыр. Жалпы түйе жүнінен істелген қай өнімнің де бағасы тым жоғары екені белгілі.
Содан шығар, ілгері заманда қазақ байлары үш мың басқа дейін түйе айдаған. Қазір де өсіретіндер бар. Әсіресе, кейінгі жылдары облыста өсім артты. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы берген мәліметке сүйенсек, қазір аймақта 64 мың басқа жуық түйе тіркелген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтқан еді. «…Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн» деген еді Мемлекет басшысы.
Ата-бабадан келе жатқан кәсіптің маңынан ұзамай, түйе баққан Бақдәулеттің бұл ісі өз қатарластарына үлгі.