Kyzylorda-news.kz Қазақстан бойынша күріш өндірісінің негізгі үлесі тиесілі Қызылорда облысы ежелден диқандардың маңдай терімен танылған өңір. Сыр бойының берекелі даласында өсірілген ақ маржан – ел ырысы, халық несібесі. Ала жаздай атыз жағалап, аптап ыстықта бел жазбай еңбек еткен шаруалардың қажырлы еңбегі қандай құрметке де лайық.
Осындай ауыр да абыройлы жолды ширек ғасырға жуық уақыт бұрын таңдаған жандардың бірі – Сырдария ауданына қарасты Шаған ауылының тұрғыны, тәжірибелі диқан Кенжетай Омаров. Ол облыс орталығынан шамамен 60 шақырым қашықта орналасқан, егіншілікпен аты шыққан берекелі ауылда дүниеге келіп, осында өсіп-өнді. Ауылдағы №37 орта мектепті тәмамдаған соң туған жерден алыстамай, ірі шаруашылық саналатын «Шаған-Жер» серіктестігіне жұмысқа орналасты. Содан бері ширек ғасырдан астам уақытын дала еңбегіне арнап келеді.
Күріш шаруашылығы – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, аса үлкен жауапкершілік пен тиянақтылықты талап ететін сала. Егіс науқаны көктемнен басталып, күзге дейін бір сәтке де тыным таппайды. Әсіресе су режимін дұрыс сақтау, атызды уақытылы бастырып, қайта құрғату – мол өнім алудың басты кепілі.
– Күріш егудің өзіне тән қиындығы аз емес. Әр кезеңнің өз талабы бар. Шаруашылықта бірнеше сорт егіледі. Соның ішінде «Маршал», «Лидер», «Янтарь» сорттары тұрақты түрде өсіріледі. «Маршал» ауруға төзімділігімен ерекшеленсе, «Лидер» нәзік болғанымен, дәмдік сапасы жоғары. Халық сұранысына ие болған соң бұл сорттарды жыл сайын егеміз, – дейді тәжірибелі диқан.
«Шаған-Жер» серіктестігі – кезінде Кеңес одағы тұсында рекордтық өнім жинап, «күріш фабрикасы» атанған алпауыт шаруашылықтардың бірі. Бүгінде бес мыңға жуық тұрғыны бар ауыл халқының едәуір бөлігі осы серіктестікте еңбек етіп, күнкөрісін қамтып отыр. Аграрлық аймақ саналатын өңір үшін мұндай шаруашылықтардың ел экономикасына қосып отырған үлесі зор.
Соңғы жылдары Сыр өңірінде су тапшылығы сезілгенімен, шағандық диқандар тығырықтан шығудың жолын тауып келеді. Ұтымды жоспарлау мен тәжірибеге сүйенген еңбектің арқасында биылғы егін көлемі де жылдағыдан кем болмайды деген сенім бар. Қазіргі таңда күріш жинау науқаны қызу жүріп, әрбір дәнді ысырапсыз жинау басты мақсатқа айналған.
Шаруашылықта егіншілікпен айналысып, жоғары көрсеткішке қол жеткізіп жүрген озаттар аз емес. Солардың қатарында Кенжетай Омаров та бірнеше мәрте үздік күрішші атанып, әріптестері арасында абыройға ие болған. Биыл да ол өткен жылдардағы рекордтық нәтижесін қайталауға ниетті.
– Жақсы өнім алудың тағы бір маңызды шарты – техниканың жарақтылығы. Соңғы жылдары серіктестік басшылығы заманауи техникаларды сатып алып, егістікті тегістеу, себу және жинау жұмыстарын толық механикаландыруға күш салды. Бұл біздің жұмысымызды жеңілдетіп қана қоймай, өнім сапасын арттыруға мүмкіндік берді, – дейді диқан.
Осындай еңбек адамдарының маңдай тері мен табандылығының арқасында Сырдария даласында ақ күріштің даңқы артып, ел қамбасы толығып келеді. Озат күрішші Кенжетай Омаровтың еңбегі – ауыл шаруашылығына адалдықтың, туған жерге деген жанашырлықтың жарқын көрінісі.
