Kyzylorda-news.kz Бүгін облыс әкімдігінде «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру барысы талқыланған республикалық семинар өтті.
Семинарға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, еліміздің барлық өңірлерінен облыс әкімінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы басқармалары мен әлеуметтік корпорациялар басшылары, ауыл әкімдері, бизнес өкілдері арнайы қатысты.
Басты мақсат – Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауыл аманаты» бағдарламасын Қызылорда облысында іске асыру тәжірибесін республиканың өзге өңірлеріне кеңінен тарату.
Басқосуды аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жүргізіп, өңірде атқарылған жұмыстарды атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен бастау алған «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру бойынша Қызылорда облысында ұйымдастырылған алғашқы республикалық семинарға қош келдіңіздер!
Ауылдарды дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі.
Бүгінде облыстың 447 мың тұрғыны немесе халықтың 53 пайызы ауылда тұрады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы, «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты», «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламалары сәтті жүзеге асуда.
«Ауыл аманаты» бойынша өткен жылы өңірімізде 3 млрд. теңгеге 406 жоба жүзеге асып, 713 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл 4 млрд. 600 млн. теңгеге 575 жоба жоспарланған. Бүгінге дейін 2 млрд. 500 млн. теңге бөлініп, 1 млрд. теңгеге 150 жоба қаржыландырылды.
Ауылдық аймақтардың жағдайын жақсартуда агробизнес өкілдері ауқымды жұмыс атқаруда. Бұл бағытта «Абай-Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің нәтижелі жұмыстарын ерекше атап өту қажет. Қазіргі таңда серіктестіктің оң тәжірибесін кеңінен таратып, облыстың барлық ауылдарында жаңа өндіріс, сауда нысандарын ашу бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде», – деді Н.Нәлібаев.
Семинардың алғысөзінде Тамара Дүйсенова ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін, әл-ауқатын жақсарту бағытында жүзеге асырылып келетін «Ауыл аманаты» бағдарламасының ел дамуындағы маңызы зор екенін айтып, бірқатар мәселелерге тоқталды.
Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысында бағдарламаны іске асыру барысы туралы облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов, «Батыс сүт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшысы Сергей Каверин, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және өткізу туралы «Дәулет Бекет» серіктестігінің директоры Сыдық Дәулет, Шығыс Қазақстан облысында экотуризмді дамыту туралы жеке кәсіпкер Наталья Свахина баяндама жасады.
Қызылорда облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асырудағы оң тәжірибе туралы облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев айтты. Ал бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жайында «Абай Дәулет» серіктестігінің директоры Мұрат Сарсенбаев сөз сөйледі.
Сонымен қатар, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, «Алға БАМ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің директоры Сабыржан Досжанов, Түркістан облысының жеке кәсіпкері Амантай Андасов өз ойларын ортаға салды.
Республикалық семинар аясында бірқатар тақырыптық-панельдік сессия отырыстары ұйымдастырылуда. Отырыстарда «Ауыл аманаты» жобасы аясында кооперацияны дамыту, өнімдерді қайта өңдеу және өткізу, ауылдарда бизнесті өркендету, ауыл әкімдері мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның рөлі жан-жақты талқыланып, қатысушылар өзара тәжірибе алмасуда.
Айта кетейік, жоба аясында аймақтағы арнайы әлеуметтік көмек алушылар саны 65 адамға қысқарды. Ауыл халқының табысы 20% ұлғайды, шағын кәсіпкерлік саны 275-ке артты, 33 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды, өңдеу саласы бойынша 22 кәсіпорын, көлемі 1,2 гектар 34 жылыжай өндірісі ашылды, 1 175 бас асылтұқымды мал сатып алынды.
Тұрғындардың 65 түрлі азық-түлік тауарын тұтыну көрсеткіштеріне қарасақ, облыстың 10 түрлі өніммен (күріш, тұз, сиыр сүті, қызанақ, қияр, қауын, қарбыз, асқабақ, жүгері, нан) 100% қамтамасыз етуге, экспортқа шығаруға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, тұтынушылар 10 түрлі өніммен (картоп, сиыр еті, сәбіз, балық, пияз, бұрыш, қызылша, қой еті, қырыққабат, жылқы еті) 73-21% пайыз аралығында, 17 түрлі өніммен ішінара қамтамасыз етілуде (4,2-0,1%). Қалған 28 түрлі өнім, оның ішінде негізгі үш өнім, яғни, қарақұмық, қант, күнбағыс майы облыста өндірілмейді. Дегенмен, «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру нәтижесінде азық-түлікпен қамтамасыз ету деңгейінің өсімі байқалуда.
Мысалы, құс шаруашылығы бағытында екі кооператив құрылып, 4 500 бас құс бағатын 6 типтік құс фермасы (птичник) жұмыс жасауда. Бүгінгі күнге кооперативтер 90 тоннадан астам құс етін өндірді. Құс етімен қамтамасыз ету көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 4,9 %-ға өсті. Томат пастасы мен консервіленген өнімдерді шығаратын кооператив құрылып, қамтамасыз ету көрсеткіші 4,7 %-ға, балық шаруашылығы бағытында 20-ға жуық жоба іске асырылып, қамтамасыз ету деңгейі 7,4 %-ға артты, қой және жылқы етімен қамтамасыз ету деңгейі тиісінше 7,7 % және 10,7 % ұлғайды.
Сыр еліне жұмыс сапары аясында Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мен салалық министрліктер өкілдері ұжымдармен кездесіп, «Бесарық» ауылына барады деп жоспарлануда.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі