Kyzylorda-news.kz.  Еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартатын бірден бір сала ол – ауыл шаруашылығы. Бүгінде өз кәсібін дөңгелетемін деген жандарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Сондай көмектің бірі – мал шаруашылығын субсидиялау.

Естеріңізде болса, өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі іргелі фермерлер қауымдастығымен бірлесе отырып, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарауды тапсырған болатын. Атап айтсақ, шағын және орта шаруашылықтарды субсидиялаудың ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз ету, рәсімдерді жеңілдету және автоматтандыру, субсидия алушылар үшін қарсы міндеттемелерді енгізу, сонымен бірге мемлекеттің өнеркәсіптік саясатымен өзара байланыстыру жөнінде нақты міндеттер қойды.

Осыған сәйкес арнайы топ құрылып, өз жұмысын бастап, нақты өзгерістер енгізілді. Субсидиялау қағидаларындағы өзгерістер биыл 1 қаңтардан бастап күшіне енді.

Жаңа ереже қолданысқа енгенде....

Заңды күшіне енген жаңа ереже бойынша мал шаруашылығында асылтұқымды мал сатып алу кезінде шошқа шаруашылығын қоспағанда, барлық қолданыстағы субсидиялау нормативтері өзгеріссіз қалды. Шошқаның аналығы үшін өтемақы нормативі бұрынғы 140 мың теңгенің орнына 1 басқа 100 мың теңгеге дейін төмендеді. 

Сонымен қатар селекциялық-асылдандыру жұмысы шеңберінде де субсидиялау іс жүзінде өзгеріссіз қалды. Бұл орайда фермерлерге көбірек дербестік берілетін болады. Сондай-ақ, импортталған ірі қара малдың аналық басын сатып алу бағыты алынып тасталды. Ал тауарға тән субсидияларды бұрынғыдай жалпы сипаттағы трансферттер есебінен қалдыру ұсынылды. Күркетауық еті мен суда жүзетін құсты субсидиялау жойылды, өйткені олар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жатпайды.

Ауыл шаруашылығы  министрлігінің түсіндіруінше, жұмыртқа шаруашылығына  төленетін 3 теңге нормативімен тағамдық жұмыртқа өндірісін субсидиялау да алынып тасталды. Сондай-ақ асыл тұқымды малды импорттау кезінде екінші деңгейдегі банктегі қаржы институтының арнайы шотына субсидиялар аудару жөніндегі норма жойылды. Бұқашықтар мен қойларды бордақылауға және ет комбинаттарына тапсыру бойынша субсидиялау нормативтері бұрынғысынша өзгеріссіз. Бұл ретте, малды өзінің бордақылау алаңдарына ауыстыратын шаруашылықтар үшін орын ауыстыру нормасы жойылды.

Шаруалар үшін маңызды болып саналатын жем-шөпті субсидиялау нормативтері мен субсидиялар алу критерийлері төтенше жағдай немесе ауа райының қалыптан тыс жағдайлары туындаған кезде ғылыми ұйымдардың ұсынымдары негізінде әкімдіктердің қаулысымен бекітілді.
Төрт түліктің төресі − жылқыға төленетін субсидияның мардымсыздығы мен жем-шөп субсидиясының қысқаруы шыны керек, шаруалар үшін оңтайлы өзгеріс болмады. Бұл туралы жыл басында Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Қазыбек Иса қозғаған болатын. Асыл тұқымды малдың үлесін арттыру, мал шаруашылығы өнімін ұлғайту мақсатында берілетін  субсидияның  жылқы түлігіне келгенде аз төленетінін,  бұл мәселені қайта қарау керегін баса айтқан.

− Жылқыға субсидия беру мәселесін Үкімет қайта қарауы тиіс. Бұған дейін ауыл шаруашылығында құс тұқымдарына дейін, тіпті шошқаға да  субсидия болды, ал жылқыға мардымды субсидия болған жоқ. өткен жылы  жылқы шаруашылығына бар болғаны 52,9 млн теңге бөлінсе, шошқа шаруашылығына  2,1 млрд теңге бөлінген, яғни, 40 еседей көп. 
Биылдан бастап күшіне енген өзгерістерге сәйкес, енді субсидиялау төтенше жағдай жарияланған немесе гидрометеорологиялық қызмет растаған өңірде мал азығын дайындауға теріс әсер еткен ауа райының қалыптан тыс жағдайлары басталған кезде ғана беріледі, − деді депутат.

Жайылым мен шабындық жердің тапшылығын айтпағанда, солтүстіктегі ағайындардың түліктері онсыз да тұралап тұр. Ал жем-шөп субсидиясының берілмеуі бұл мал басының азаюына әкеліп соқтыратыны сөзсіз. Қазірдің өзінде фермерлер қолындағы малын сатуға шығарып жатыр. Оңтүстікке жататын біздің өңірде де бұл мәселе жоқ емес.

Субсидия алудағы күрделі мәселе

Бүгінде аймаққа мемлекет тарапынан жыл сайын аграрлық саланы қолдауға қомақты қаржылар бөлінді. Есепті кезеңде ауыл шаруашылығында 220,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім көрсеткіші 3,7%-ға артқан. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция көлемі 19,7%-ға, тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестиция 14,3%-ға артып отыр. 

Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласына 18,2 млрд теңге, биыл  24,9 млрд теңге бөлінуде. Атап айтқанда, егін шаруашылығы үшін 4,7 млрд теңге, мал шаруашылығына 4,7 млрд теңге, инвестициялық субсиялауға 1,6 млрд теңге, сыйақы мөлшерлемесін (лизинг) субсидиялауға 2,5 млрд теңге  қаржы қаралып отыр. 

     − Ауыл шаруашылығы министрлігі өткен жылдан бастап gosagro.kz бірыңғай мемлекеттік ақпараттық субсидиялау жүйесін қосты. Оның функционалы фермерлердің өтінімдерін онлайн тапсыруға және оларды мемлекеттік органдардың қарауына ғана негізделген. Қазіргі таңда  аталған жүйе арқылы субсидия төлеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, мал шаруашылығы саласын субсидиялау бойынша 20 қаңтардан бастап құжаттарды қабылдау басталды. Бүгінде 139 млн теңге тауар өндірушілерге төленді. Ал егін шаруашылығын субсидиялау жұмыстарына   құжаттар 1 сәуірден бастап қабылданады. Сонымен қатар қазір сыйақы мөлшерлемесін (лизинг) субсидиялау жұмыстары жалғасын табуда. Ол бойынша 442 млн теңге қаржы игеріліп отыр. 
Инвестициялық субсидиялау бойынша 1 ақпаннан бастап өтінім қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Қаражат аудару жұмыстары наурыз айынан басталады. Жыл соңына дейін қаржыны толық игеретін боламыз, − дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқарма басшысының орынбасары Айнұр Тлеулеева.

Десе де биыл аймақтағы шаруалар субсидиядан қағылып отырмыз деп дабыл қағуда. Себебі, осы уақытқа дейін тауарөндірушілердің жеке меншігінде жер болмауына байланысты фермерлер орман қоры арқылы алынған жер учаскесі бойынша өтінім беріп субсидия алып келген. Енді мұндай өтінімдер қабылданбайды. Өйткені өтінімде кадастрлық нөмір көрсетілуі тиіс. Ал орман шаруашылығына арналған участкелерде ондай нөмір жоқ. Нәпақасын малдан тауып отырған шаруалар үшін бұл күрделі мәселе болып тұр. 

− Жайылымдық жердің жетіспеуінен біраз фермер орман қоры жерін жалға алып, мал жайылымы ретінде пайдаланып келді. Тіпті осы жерге сеніп несие алып, мал ұстап отыр. Алайда биыл облыс көлемінде 25-30 шаруа қожалығы иесі бұқа алуға және селекцияға өтінім беру кезінде жер кадастрлық нөмірін көрсету талабының  әсерінен субсидия ала алмауда, − дейді «Қазақстан фермерлер қауымдастығының» облыстық филиалының төрағасы Болат Бөгетов.

Шаруалардың шаруасын шатқаяқтатып тұрған енді бір мәселе − олардың кезінде алған субсидиясын қайтаруы, селекциялық субсидияға қатыса алмауы. Иә, расымен кейбір қожалықтар ақша қайтару жұмыстарын бастап кетіпті. Басты себеп мал басының сақталмауы екен. 

 −  Субсидия тәртібі бойынша өтінім 1 маусымда қабылданады. Алайда қаржының жоқтығына байланысты шаруаның өтініші резервке қойылады. Ақша 6-7 айдан кейін кешігіп түседі. Тексеріс кезінде фермерлерге мал басы субсидия берілген күннен бастап бір жыл сақталу керек делінген. Бірақ бұл өтінім берген күннен ба әлде ақша түскен күннен бастап сақтау керек пе нақты еш жерде көрсетілмеген. Шыны керек, малда өлім-жітім болады. Соның салдарынан шаруалардың алды алған қаржысын қайтаруда.  Сондай ақ қазір өңірдегі шаруалар селекциялық субсидияға да қатыса алмауда. Мал басын арттырып, асылдандыру жолында арнайы меже бар. Өңірдегі құрғақшылық, ауа райының қолайсыздығы мал басын көбейтуге мүмкіндік бермейді. Межені орындамаған соң субсидия жоқ. Осындай жағдайларға байланысты щаруалар қазір мал басын көбейтуге емес, азайтуға тырысып жатыр,− дейді Болат Әлдебайұлы. 

Шаруаларға оңтайлы жағдай жасау,  мал шаруашылығын дамыту − еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің нығаюына, жұртшылықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына және әлемнің өркениетті елдері қатарына қосылуына басты кепіл болмақ. Сондықтан ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес.

Фото: Егемен Қазақстан

 

 

 

 

 

 

Тағы да оқыңыз: