Kyzylorda-news.kz. Қала әкімі Серік Қожаниязовтың төрағалығымен өткен мәжілісте қалалық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Пахуатдин Шамұратов Қырым-Конго геморрагиялық қызбасына қарсы атқарылған шаралар мен мал тоғыту ванналарын қалпына келтіру барысы туралы баяндады.
– Ағымдағы жылдың 16 сәуір күні қала әкімінің орынбасары Айдос Кентуғаевтың төрағалығымен жиналыс өткізіліп, кент және ауылдық округ әкімдеріне жарамсыз мал тоғыту ванналарын қысқа мерзімде  қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге тапсырма берілген. Қызылорда облыстық ветеринария басқармасының 17.04.2024 ж. №03-6/367 хатына сәйкес кент  және ауылдық округтердің теңгеріміндегі типтік жобада салынған 9 тоғыту ванналарының Қызылөзек, Талсуат ауылдық округтеріндегі ванналары жарамды, қалған кент, ауылдық округтердегі ванналарға күрделі жөндеу жұмыстары қажет ететіндігі анықталған. Бөлім тарапынан кент және ауылдық округтерді аралап мониторинг жұмыстары жүргізілді. Зерделеу жұмыстарын жүргізу барысында 2013-2014  жылдары салынған тоғыту ванналарына бүгінгі күнге дейін бюджеттен күтіп ұстауға қаражат бөлінбеген, – деді жиында бөлім басшысы.
Сала басшысы кент және ауылдық округтер әкімдіктері мал  тоғыту ванналарына  өз деңгейлеріне сәйкес, демеушілердің көмегімен ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізгенін атап өтті. Алайда мал тоғыту ванналлары толық санитарлық нормаға сәйкес келмейді. Осыған орай кент және ауылдық округ әкімдіктерімен қалалық ветеринариялық станциясы бірлесіп кенеге қарсы мал тоғыту жұмыстарын 10 мамырдан 1 қазан аралығында жүргізеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ Қызылорда облыстық ветеринария басқармасының мәліметіне сәйкес эпидмаусымдарда мердігер «Дезинфекция» Ақтөбе облыстық бірлестігі» жеке медициналық мекемесі арқылы Ципэк 10 проценттік препараты арқылы кенеге қарсы тоғыту жұмыстары жүргізіледі.
Мәжілісте қалалық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Пахуатдин Шамұратов шаһар басшысы Серік Салауатұлына кент және ауылдық округтердің балансындағы мал тоғыту ванналарын  күтіп ұстау үшін жыл сайын бюджеттен қаражат қосуды және күтіп ұстауды қарастыру туралы ұсынысын білдірді. 

Тағы да оқыңыз: