Kyzylorda-news.kz Қазір елімізде шегіртке шабуылымен күрес шаралары қарқынды жүріп жатыр. Толығырақ Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтып берді. Бұл туралы kaz.inform.kz хабарлады.
– Қазір шегірткелер шабуылының соңғы кезеңі өтіп жатыр. Келесі жылы, әрине, мұндай көлемдегі шабуыл болмайды. Таңертең шегірткеге қатысты республикалық жедел штаб отырысын өткіздім. Біріншіден, Қызылорда облысында жалған ақпарат таратқандарға қарсы қатаң шаралар қолданамыз. Өйткені халық арасында дүрбелең туғызады. Бұл өңірде шегірткемен күрес жұмысы аяқталуға жақын. Егістікке ешқандай зиян келмеді. Түркістан және Жамбыл облысында да осы жағдай, - деді Серік Жұманғарин Мәжілісте өткен Үкімет сағатынан кейін.
Оның айтуынша, шегірткенің көбеюі 12 жыл сайын қайталанады. Сондай-ақ вице-премьер қазір қауіпті аймақтар ретінде Ақтөбе мен Қостанай облысы және Ресеймен шекараны айтып отыр. Себебі шегіртке Ақмола облысына өтіп кетуі мүмкін.
– Ауыл шаруашылығы министрі Ақтөбе облысына ұшып кетті, кейін Қостанай облысына барады. Біз ауқымды жұмысқа кірісіп жатырмыз. Ешқандай кері әсер болмайтынына 100% сенімдімін. Өйткені өткен жылғы тәжірибе бар. Дрондар сатып алдық, 3445 адамды даланы зерттеу жүргізуге шығардық, ресурс жеткілікті, - деп толықтырды Үкімет басшысының орынбасары.
Айта кетсек, әлеуметтік желіде Қызылорда облысы Арал ауданының елді мекендерінде шегіртке қаптап кеткені туралы видео тараған еді. Кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі түсінік берді.
Еске салсақ, биыл Қызылорда облысында шегірткелер жылдағыдан екі апта ерте оянды.
Фото: Нұрболат Нұржаубай