Kyzylorda-news.kz Көктем келді дегенше далада тынымсыз тіршіліктің қызатыны белгілі. Соның ішінде ауылдық жерлердегі шаруашылықтар жылдағы әдетімен көктемгі егін науқанына қамданып, дайындыққа кіріседі. Сондай-ақ берілетін су көлеміне сай егін егу жоспарын жүргізеді. Осы орайда  бүгін Қармақшы ауданы әкімі Жандос Еркінбекұлының төрағалығымен аудандағы бірқатар бөлім басшыларының қатысуымен мәжіліс отырысы өтті. Мәжілісте көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды.

Жиында аудан басшысы Қармақшы аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Әсет Омаровқа көктемгі дала жұмыстарын қайта пысықтап, тұқым дайындау, минералды тыңайтқыштар мен жанар-жағармай қорын қалыптастыру, техникаларды әзірлеу сынды жұмыстарды қысқа мерзімде аяқтау керектігін тапсырды.

Соңғы жылдары Сырдария өзенінің арнасы күрт түсуінен, дария жағалауындағылардың алаңы басым. Аймақтың экономикасы мен экологиясының өзегіне айналған өзеннің қазіргі ахуалы кім-кімге де оңай тиіп жатқан жоқ. Осы орайда сала басшыларына су беру жоспарын нақтылап, шаруашылықтармен тығыз жұмыс жасап, су лимитін бөлу мәселесін қолға алуды тапсырды.

Аудан әкімі Жандос Еркінбек мәжілістің күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеп, жиынды қорытындылады.

Тағы да оқыңыз: