Kyzylorda-news.kz Төрт түлік мал қазақтың тұрмыс-салтымен бірге келе жатқан байлығы әрі күнкөрісі. Малдың жайын жасаған атамыз қазақ дала кезіп, көшіп-қонып жүрген. Оның ішінде қой шаруашылығы қоңыр түтінді қазақ үшін жайлысы болып саналған. Бүгінде Қармақшы ауданында 68 мыңнан аса қой-ешкі болса, оның 5033-і шаруашылықтар бағымында.
Күзгі мезгілі жиын-терімнің науқаны біткенде жыл сайын озаттар анықталады. Диқан қауыммен қатар барша еңбек үздіктерінің марапатында мал шаруашылығы саласының да ерен ерлері мерекеде қошеметке құрметке ие болады. Олардың қатарында қой басын 100 пайыз аман сақтап, 554 аналықтан 460 бас қозы алған қармақшылық Марал Бертаев та бар.
Шопан өткен жылы жыл көлемінде 2 тоннаға жуық ет өндіріп, үзеңгілес әріптестерінен озық шығып отыр. Ол мал шаруашылығымен 2006 жылдан бері тұрақты түрде айналысады. Оған дейін атакәсіптің тізгінін оның ата-анасы ұстаған. Жарты ғасырдан астам уақыт қой өсіру – Бертаевтар отбасының кәнігі. Әр нәрсенің өз бабы болатыны секілді, қой басын көбейтіп, оның өнімін игілікке жаратуды қолға алған кәсіп иесі малдың жайын жақсы біледі. Бала кезінен көріп өскен ісі болғасын оған бұл шаруаны дөңгелетіп әкету қиындық келтірмеген.
– Мал шаруашылығы қай қазаққа да жат емес. Аталарымыз жазира далада көшіп-қонып жүріп, жанның да, малдың да жағдайын жасаған. Оның үстіне жолдасым үнемі қолдап, демеп отырады. Бейнетін де бірге көтерісуде. Қой малы жуас келеді. Сүтінен ірімшік қайнатуға болса, жүнін де тоқымаға пайдалануға таптырмас дүние. Еті боса да жесеңіз азық. Қазір медициналық тұрғыда қойдың еті дәтке қуат, денге шипа. Қайсысын да кәдеге жарата білгенге малда пайда жетерлік. Ата-анам өмірден өткенше осы малдан қол үзген емес. Олардан кейін малға иелік етіп, өзім жалғастырудамын. 17 жылдан бері шаруашылықты қолымнан келгенше дамытып келемін, – дейді Марал Бертаев.
Кәсіпкер бүгінде мал басын көбейтіп қана қоймай, асылдандыруды да қолға алған. Сол арқылы бірқатар жетістікке де жеткен. Ол қой шаруашылығымен бірге мүйізді ірі қара бағумен де шұғылданады. Малдың төлін асылдандырып отыруды маңызды санайтын азаматтың бұл жөнінде өз айтары бар екен.
– Осы кезде шаруашылықта түліктің үш түрін, атап айтқанда жылқы, сиыр, қой малын игеріп отырмын. Асылдандыруда бастапқыда Ақтөбе облысынан жартылай қылшықты Еділбай қошқарын алатын едім. 2 жыл бұрын Жаңақорғаннан гисарь тұқымдас қошқарын әкеп салуды бастадым. Сондай-ақ сиырды асылдандыруда да Оралдан ақбас тұқымды бұқалар әкеліп, оның төлін көріп жатырмыз. Мемлекеттен бірер жыл бұрын субсидия берілетін. Қазір ештеңе алмаймыз. Сонда да болса атакәсіпті тіршілік қып, әрекетімізді жасаудамыз. Қойдың аналық басы 500-дің үстіне шықты. Одан өнім алып, керек кезінде сатып қыстайғы жем-шөбімізді дайындаймыз. Малды дұрыстап күтіп-баптасаңыз ғана ол өнім береді. Аң-құстан да абай болу керек. Қыстауымыз Жосалы ауылдық округі жолы трассасындағы Сортөбе деген жерде болса, жаз жайлауым – Байқоңыр маңындағы Шилібай, Бөдене атты бұлақтың басы. Сонда малды төлдетеміз. Қырықтық та осында жүргізіледі. Күн суытқанда қыстауға қарай көшеміз, – дейді өткен жылдың «Үздік шопан» номинациясының иегері шопан атаның таяғын қастерлеп ұстайтынын білдіріп.
Марал Бертаевтың шаңырағының шырайын келтіріп отырған жан жары Гүлжайна Аяпова жолдасының өмірде де, еңбекте де қолдаушысы, қай істе де адал көмекшісі. Екеуі бақытты отбасында 1 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсіріп отыр. Ерлі-зайыптылар аудан-қаладағы бар қызықтан қалып қойдық демейді, олар үшін мал шаруашылығын өркендету – басты мақсаттары. «Кәсібімізді әрі қарай да дамытып, мал санын арттыруға жұмыс жасай береміз. Себебі бар береке – еңбекте» дейді олар жоғары көңіл-күйде.