Kyzylorda-news.kz  Бүгінде ауыл халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мен мал шаруашылығының әлеуетін арттыруда дәстүрлі сала – қой шаруашылығын өркендетудің маңызы ерекше. Шопан ата түлігінің шаруашылыққа пайдалы тұсы – тез жетілгіштігі және өсімталдығы. Оның үстіне басқа түлікке қарағанда қой өсіруге шығын аз кетеді. Ал қой шаруашылығынан түсетін кірістің аз-көптігі оның тұқымына байланысты.

ІІІ Интернационал ауылының тұрғыны Бірлік Оралбаев ауылда ұсақ мал өсіруден кәсібін түлетіп отыр. Ол осыдан екі жыл бұрын қой шаруашылығын дамытуға деп қайтарымсыз грант ұтып қазақтың еділбай тұқымынан 32 бас қой алған. Қазақстанда жиырма шақты қой тұқымы бар болса, етті бағыттағы тұқымның кең таралғаны – осы еділбай қойы. Жас кәсіпкер осы саланы таңдарда ет өнімін де көбейтуді көздеген.

– Қойды байлықтың бастауы десек артық болмас. Жалпы мал шаруашылығында Шопан атаның түлігі берекелі келеді. Оны отбасымның ата кәсіптен танбай айналысуынан білемін. Қазір осы істі өзім де жалғастырып жатырмын. Қой – жесең тағам, ауырсаң шипа, кисең киім болатын жануар. Оның құны ешқашан жойылмайды. Сондықтан екі қолға бір күрек таппай жұмыс іздегендер ата кәсіпке бет бұрса болады. Тіпті білген адамға бейнетінен зейнеті танитын қой шаруашылығы кәсіптің төресі дер едім, – дейді Бірлік Мейрамбекұлы.

Қойды көбейтіп, шаруасын ширатамын дегенге расымен төрт түлік малы тез жетілгіш. Бағу-күту жағдайы келіссе болды. Кәсіпкердің өзі де қораңда 136 бас қойың болса оның сексен пайызғы жақыны төлдейді дейді.

– Еділбай қойы суыққа төзімді, әрі етті келеді. Жеке асханаларға, одан бөлек сұранысы бар жерлерге ет мақсатында өткіземіз. Көбейту үшін бордақылап, аналық қойды алып қалып отырамыз. Еділбай қойының төлі тоқты кезінде 30 келіге дейін тартады. Кейде одан да жоғары салмақ береді. Алдағы уақытта гисар тұқымын көбейту жоспарда бар. Олда біздің аймаққа төзімді, көп ауыра бермейді, – дейді ол.

Қазақстанда қазіргі кезде қой малы өнімдерінің ең пайдалысы – ет. Оны халықаралық деңгейге көтеру үшін қойды бағып-күті, өсіру, алған өнімді өңдеу технологияларын жақсарту маңыздык. Халықаралық деңгейде қой шаруашылығын озық технологиямен жүргізетін Англия, Аргентина, Аустралия, Еуропа елдері өз өнімдерін өте жоғары бағамен шығаруда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларының бірінде «Ауыл шаруашылығын дамытпай бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деген-ді. Біздің де мүмкіндіктеріміз зор. Ол үшін шаруа жүргізу мәдениетін меңгеріп, өтімді тауар деңгейін көтеруіміз керек шығар.

Ерсін ӘБЛӘКИЕВ

Тағы да оқыңыз: