Kyzylorda-news.kz  Қазір Сырдың бойындағы елді мекендерде далалық жұмыс қызулы. Көктем кіріп, жер жіпсігеннен диқандар қауымы білек түріп жер ризығын дайындаудың қамында жүр. Күн райы өзгермесе сәуірдің соңы мен мамырдың бас кезінде жерге дән себу басталады. Жалпы шыбық шаншысаң мәуелі ағаш болатын Сыр аймағы дән сепкенге аса қолайлы өңір екені баршаға мәлім. Соның ішінде Қармақшы ауданына қарасты Дүр Оңғар ауылының егіс көлемі ауқымды.

Ерте көктемнен ақ егіс бастаған дүроңғарлықтар 300 гектар жерге бидай, 650 гектарға жоңышқа, 50 гектарға судандық шөбін еккен. Биылғы дала жұмысындағы жаңалықты «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас агрономы Төлеу Ералиев осылай бастады. Жылда мол өнімге қол жеткізетін шаруашылықтың осы жылы қарқыны өзгеше. 

– Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге шаруашылық биыл ерте кірісті. Дәнді дақылдарды жерге орналастырып, енді күріш егуге жұмыс бастап жатырмыз. Биыл 3000 гектар жерге Сыр салысын орналастыру жоспарда бар. Қазір 500 гектар жер жыртылып, дайын тұр. Тыңайтқыштарымызды да жеткілікті әкеліп жатырмыз. Жерді лазерлік тегістеу үшін Ресейден 5 техника алдырттық. Сонымен қатар қосымша 5 ХТЗ техникасын жаңаладық. Ендігі судың келгенін күтіп отырмыз. Биыл тағы су тапшылығы болады деген болжам айтылуда. Бір жаңалығымыз тамшылату әдісімен бақша дақылдарын өсіруді қолға алып жатырмыз. Одан бөлек ауылдың кіре берісіне 5 гектар алма бағымыз бар. Тамшылату әдісі арқылы оның 80 пайызы шығып тұр. Биыл шықпай қалған жемістің орнын толтыру үшін 2300 түп алма ағашы отырғызылды, – дейді серіктестіктің бас агроном Төлеу Ералиев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы өнім көлемін алдағы 5 жылда 2 есеге арттыру жөнінде тапсырма берген-ді. Осы орайда облысымызда 187 мың гектар жерге дақылдар егілетін болса, оның ішінде күріш көлемі 83,9 мың гектарға егу жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемі 6,4 мың гектарға, күріш 5 мың гектарға азайтылған. Оның орнына суды аз қажетететін дақылдар егісін көбейтіп отыр. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет отырысының биылғы жылдың көктемгі дала жұмысына дайындық мәселесі қаралаған жиында егінге әзірлік барысын баяндады.

– Сырдария өзеніндегі су шаруашылығы жағдайы күрделі болғандықтан, су лимиті әлі белгіленбеген. Мемлекетаралық Су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының 86-шы отырысында вегетация кезеңіне су лимиті белгіленгеннен кейін егіс көлемі қайта нақтыланатын болады. Бөлінген лимитке сәйкес күріш егісі әлі де қысқаруы мүмкін. Өңірде көктемгі егін егі жұмыстары наурыз айының бірінші онкүндігінде басталса, мамырда аяқталады. Күріш сәуір айының үшінші онкүндігінде себіле бастайды. Ерте егілетін дақылдар – жаңа жоңышқа, жаздық бидай, арпа, мақсары, қант құмайы жерге орналастырылуда, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Күріш мелиоративтік дақыл болғандықтан, атыздарда су үнемдеудің бірден-бір жолы – лазерлік тегістеу. Биыл күріш алқаптарының 70 пайызы лазермен тегістелмек. Бұл суды 20 пайызға дейін үнемдеуге және өнімділікті 30 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы елімізде су тапшылығының алдын алуда күріштік көлемін азайту керек деген пікір жиі айтылуда. Бұл тұрғыда суды үнемдеу де маңызды. Дегенмен мамандар күрішсіз аймағымыздың экологиялық ахуалы нашарлап, топырақ тұзданып жарамсыз болатынын айтады. Себебі Сыр топырағының қатты тұздануын күріш егу арқылы шаймаса, аса тұзды топырақта басқа дақылдардан өнім алу мүмкіндігі өте төмен болады. Сондай-ақ топырақтың үздіксіз тұздану салдарынан ауыспалы егіс жүйесі де айналымнан шығып қалмақ.

 

Тағы да оқыңыз: