Kyzylorda-news.kz   Жаңақорған ауданы – аграрлы аймақ. Әсіресе, күрішті молынан  егетін аймаққа су молынан қажет. Алайда, енді тіршілік нәрін аз қажет ететін дақылдарды қолға алу, бүгінгі күннің талабы. Егін егудің де түрлі әдісі бар. Мәселен, көктемде берілген судың ылғалдылығын сақтау  әрі суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық бері. Өйткені, «Су – тіршілік нәрі» деген қағида соңғы уақытта өзінің бәсін биіктете түскенін көзбен көріп те жүрміз. Бірнеше жылдан бері аяқсудың жетіспеушілі өңірімізде қатты білінді. Соның салдары бірқатар жеке кәсіпкерлердің мал азығына қажетті шөп дайындауға, жеке иеліктердің ала жаздай бейнеттенген бақшасынан жиналатын өнімнің кемуіне әсерін тигізді. Енді міне, көктем келе қызу тірлік басталды. Бірақ дақылдың дәстүрлі түрлерінен суды аз қажет ететін дақыл түрлеріне ауыстырып, егісті әртараптандыру и маңызды. Біз осы бағыттағы жұмыстарды сараладық.

Соңғы 2-3 жылдың көлемінде Сырдария өзеніндегі су деңгейі төмендеп келе жатқаны белгілі. Облыстағы басқа аудандарға қарағанда Жаңақорған ауданы су тапшылығын бірінші болып сезінуде. Бұл жағдай диқандарға ауыр тиюде, сондықтан шаруашылық құрылымдары суды аз қажет ететін әртараптандыру бағытындағы дақылдарға басымдық беріп, бейімделіп келеді. Біздің ауданда да егінді әрта-раптандыруға көңіл бөлуінде. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев:

– Биыл аудан бойынша 36108 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Ауылшарушылығымен айналысатын 781 шаруашылық құрылымның 485-і егін егуге бейімделген, оның ішінде 200 шаруашылық күріш өсіруге маманданған. Ауданда соңғы үш жылда ауылшаруашылығы дақылдарын әртараптандыруға басымдық беріліп келеді. Өткен жылмен салыстырғанда әртараптандыру бағытында күздік бидай – 1618 гектарға, көкөніс, бақша, картоп – 64 гектарға, жүгері – 25 гектарға, жоңышқа – 500 гектарға артады, – деді сала басшысы.

Шынында, шаруақожалық басшы¬лары нарықты терең зерттеп, шығыны аз, пайдасы көп дақыл түрлеріне басымдық беретін кез келді. Бір ғана мысал, нарықта көкөніс, жеміс-жидек, бұршақ тұқымдас дақылдарға сұраныс жоғары бағаланады. Ал біздің ауданда шаруалар көкөніс өсіруге басымдық бермейді. Айталық, көршілес Өзбек елі көкөністен көл-көсір пайда тауып отыр. Қазіргі таңда Өзбекстан жыл сайын шамамен 20 миллион тонна көкөніс өнімін өткізеді. Міне, нағыз табыстың көзі осы.

Біздің елімізде де оңтайлы өзгерістер орын алып, егінді әртараптандыру қолға алынуда. Әйтсе де, соңғы уақыттары су деңгейі төмендеп келе жатқаны белгілі. Облыстағы басқа аудандарға қарағанда Жаңақорған ауданы су тапшылығын бірінші болып сезінуде. Бұл жағдай диқандарға ауыр тиюде, сондықтан шаруашылық құрылымдары суды аз қажет ететін әртараптандыру бағытындағы дақылдарға басымдық беріп, бейімделіп келеді. Бұл жөнінде ауылшаруашылығы бөлімінің бас аграномы Дәурен Абибуллаев жіті түсіндірді.

– Күріш егілетін Келінтөбе, Түгіскен, Қожакент, Қыркеңсе, Жаңарық ауылында егінді әртараптандыруға басымдық берілуде. Қаратау бөктерінде де инновациялық жобалар. Бесарық ауылдық округіне қарасты «Пазылбек Қажы» шаруа қожалығында «Акватерра гидрогелі» жаңа технологиясы іске қосылды. 500 гектарға мақсары, 100 гектарға жаздық бидай дақылдарын орналастыруға жұмыстар жасалуда, – деді ол.

Аграном мамандардың сөзінше, ауыспалы егістің жемісі бір жылда көрінбеуі мүмкін, бірақ бұл тәсілдің әсері өте көп деседі. Бастысы дәстүрлі бірізділіктен құтылуға жұмыс жасап, жақсы нәтиже беруге көшкен жөн. Бұл ойымызды қандөздік диқаншылар да құп көріп, өзге де өнімдерді өсіру тары өсіруден артық болмаса, кем емес екенін түсінді.

– Біз әуелі тары егуден бастағанбыз. Бұл өте пайдалы өсімдік, өнімі көп. Дегенмен егінді әртараптандыру деген өте дұрыс бағыт деп есептеймін. Бұл мемлекеттің де, шаруалардың да мүддесі. Осы тұрғыда мемлекеттің көмегі жоғары бағаланады. Бұндай жаңалықты баяғыдан-ақ енгізу керек еді. Біз биыл жоңышқа егуді қолға алып жатырмыз. Онымыз дұрыс болды деп ойлаймын», - дейді диқан Нұрберген Исабеков.

Қазір базарға барсаңыз, көкөніс-бақша өнімдері сыңсып тұр. Бірақ, сол өнімдерді өсіруде өңірдің бәсекелік қабілеті өте төмен. Сырттан тасимыз. Осы ретте, егісті әртараптандыру, көркейту-көгалдандыруда маңызы зор, жергілікті жеміс-жидек, жүзім, декоративті ағаштардың элиталық көшеттерін өндіріп-өсірумен айналысуға ибасымдық берілуі керек-ақ.  Елімізде алма және өзге де жеміс түрлері Алматы, Жамбыл, Түркістан об¬лыстарында өседі. Жері шұрайлы Жаңақорған ау¬данының мүмкіндігін неге пайдалана алмаймыз? Кезінде бізде алма мен жүзім өсірген арнайы шаруашылықтар болды.  Жаңақорғанның «Юбилейный» ауылында жай¬қала өскен жеміс алқабына көңіл сүйсінетін. Қазір бәрі құрдымға кеткен.

Әлбетте, бүгінде өңірімде жеміс-жидек өсіріп өзгелерге үлгі көрсетіп жүрген азаматтар бар. Мә¬селен, «7 KZ Сыр табиғаты» ЖШС басшысы Амантай Сарбасов аудан орталығынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының бойына шығатын тұста жайқалған жеміс ағаштары бар бақ өсіруде. Мұнда көшет өсіру питомнигі орналасқан. Серіктестік аталған істі бірнеше жылдан бері қолға алған еді. Былтырдан бастап жеміс-жидек көшет¬терін өндіруді жолға қойған. Десе де, бүгінде су тапшылығының әсерінен өткен жылы алма баққа су жетпей, шаруашылық иесі шығынға батқан.

– Рас, кейінгі жылдарда өңірде жеміс-жидек өсіруге көңіл бөліне бастады. Бұл – қуантарлық жағдай. Әрбір істің ауыртпалығы болатыны белгілі ғой. Көпшілік арасында жеміс-жидек біздің жерімізге өсе бермейді деген қасаң пікір қалыптасқан. Барлық өнімді сырттан тасымалдауға мәжбүрміз. Ал өзімізде қаншама жер кәдеге аспай жатыр. Мен мына талдарды суару мақсатында арнайы скважина қаздырдым. Бірақ,  Жаңақорған кентіндегі «МАИ» бекетінде орналасқан алма баққа су жеткізе алмай, өткен жылы қиын болды. Қанша мәрте  тиісті орындарға мән-жайды айттым, жауапты мамандарды тау жаққа апарып, түсіндірдім.  Оң шешімін таппады. Еңбектің бәрі далаға кетті. Таудан аққан суды пайдалану керек еді. Еш болмаса шұқырлар  мен карьерлерді суға толтырып алғанда, біраз халыққа тиімді болар еді. Мына «МАИ»  бекетіндегі құдықтағы судың деңгейі төмендемей, жер асты суының деңгейін ұстап тұрар еді. Таудан өзінен өзі ағып жатқан суды бөгеп тастаған. Өйткені, карьер қаздырып жатыр, тас алып жатыр. Оның барлығы жердің құрғауына алып келеді, жерді кептіріп жібереді. Жеріміздің жайы жылдан жылға құрып бара жатыр. Оған ешкім мән беріп жатқан жоқ. Егінді әртараптандыруға маңыз беру керек дейді. Біздің ауданда бір ғана ауылға күріш егіп, қалған өңірлерге жеміс ағаштарын ексе, соған  басымдық берсе, нәтижесін көретін еді. Өзім мына жылыжайдың қасынан алма бағын жасауды қолға алып жатырмын. Американың  тәжірбесін қолға алып, көшеттің арасын 1 метрден егуді қолға алып жатырмын. Менің көшеттерім басқа, шетелдің технологиясын қолданып отырмыз. Яғни, көшет биік емес, орташа аласа болғаны дұрыс. Сонда өнімді жақсы береді. Мысалы, еуропада осы көшеттерді егеді. Гектарына  120 тонна өнім алады. Мына, көршілес өзбек халқы сол тәсілді қолданып, гектарына 40-50 тонна өнім алып отыр. Егер бізде де осылай егіп бастаса, күріш егуге аса тәуелділік болмас еді. Артылған судың барлығы Аралға барар еді. Қайта – қайта жерді жыртып, егін егіп, жерді жаралай бергеннен, бақша өнімдеріне басымдық берсе суға да тиімді болар еді – дейді бағбан.

Әрине, бастаманы тиісті мақсатқа жеткізу және ол жолда табанды еңбек ету нәтиже әкеледі. Десе де, әртараптандыру мәселесінде жақсы ұстанымға қол жеткізу үшін әлі көп шаруа керек. Ғылым мен өндірістің үйлесімі нарықтық талаптарға сай іс-әрекет, ең бастысы, халықтың еңбекке деген құлшынысы әрі оны мемлекеттік қолдау, қысқасы, осының бәрі біздің бүгінгі қарекетіміздің бет-бейнесін ашып беріп отыр. Арғысы түсінікті болар.
Ал, «Orda» Агротехнология» ЖШС директоры Керімхан Егізбаевтың ойы орамды.

– Бұл үлкен мәселе. Біз бұл мәселені бүгін ғана көтеріп жатқанымыз жоқ. Біз осыдан 20-25 жыл бұрын бастаған едік. Негізі әртараптандыру дегенді алып тастау керек. Бізде суармалы егістіктің 99,9 пайызы күріш ауыспалы егістікте орналасқан. Күрішті неге еге беру керекпіз. Күріш ауыспалы егістікті ғылым түрде меңгеру деп айтылу керек. Яғни, ротация деген сөз бар. Дақылдарды кезектестіріп отыру дейді. Соған нақты шешім шығару керек, сонда барлығы қимылдамайды. Бұны бұзып отырған төменгі аудандар. Әсіресе, Тереңөзек, Қазалы, Жалағаш аудандары бұны тыңдамайды, 100 гектар жер болса, соның 70-80 пайызы күріш егеді. Олардың жерінде құнар жоқ. Ал, Жаңақорған ауданы 16 пайыз ғана егіп отыр, біздің ауданда күріш егістігін қысқартып отыр. Жаңақорған ауданы Қызылорда облысының 66-67 пайыз жоңышқасын егіп отыр. Басқа аудан неге екпейді. Жақында үлкен шараға барып келдім. Біз суды үнемдейтін технологияға мән беруіміз керек.

Дей тұрғанымен, жергілікті жердің табиғи ахуалын, топырақтың құнары мен құрамын жер иесі жақсы білуі керек. Мемлекет басшысының «Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақылды егу түрін шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптар шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн» деген талабы өзекті. Бәріміздің есімізде болатын бір нәрсе, табиғат – құдырет, оның бермесін тартып аламын деу қателік. Кешеге дейін кеңестік жүйеде Мичуриннің «Біз табиғаттан рақым күтіп отыра алмаймыз, оны одан алу біздің міндетіміз» деген ұранының түбі шикілікке ұрындырып, жер-ананы гүлдентіп емес, тоздырып жіберуге шақ қалғанын да мойындауға тиіспіз. Соңғы кезде қабылданып жатқан реформалар осы олқылықтың орнын толтырады деп сенеміз. Жергілікті жер жағдайында күріш өнімінен үзілді-кесілді бас тарту тиімсіз, өйткені ауыл шаруашылық жерлерін тұзданып кетуден сақтауда күріш егілуі керек, бірақ есепсіз, әркім өз білгенімен емес, ешкімге зиян тимейтіндей, агротехникалық ережелерді сақтай отырып көлемін шектеуге тура келеді. Ал су тапшылығы жыл өткен сайын күрделеніп келеді. Қазір күріштің көлемін азайта отырып, өнімділікті арттырудың жолын табу маңызды. Ол үшін күрішті суару нормасын анықтап отыратын құрылғыларды пайдалану керек. Мұндай автоматтандырылған құрылғылар тәулік бойы күріш арналарындағы су деңгейін реттеп және жіберілген немесе қайта шығарылған суды есептеп отырады. Сондай-ақ, күріштен мол өнім алуда заманауи технологияны қолдануды кешіктіре беруге болмайды. Ең қарапайымы, шауашылықтар жерді лазерлік тегістейтін «Маро» техникасы мен тыңайтқыштар себетін дрондарға қол жеткізуде жұмыс жасау маңызды, – дейді. 

Иа, біздің елде ғана емес, әлем су тапшылығын сезінуде. Ауыз судан бөлек, тіпті аяқ судың өзі ғаламдық проблемаға айналуда. Тығырықтан шығатын жол – суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беру, инновациялық технология мен ғылыми жетістіктерді қолдану. Соңғы уақыттары өңірімізде шаруашылықтардың көпшілігі суды аз қажет ететін технолгияларға басымдық беруде. Дихандар тек дәнді дақылды ғана емес, тіпті көкөніс пен жеміс-жидекті де заманауи бағытта өсіруде. Соның бірі жаңақорғандық «Пазылбек Қажы» шаруа қожалығы. Аталған бірлестік 2017 жылдан бері ауылшаруашылығы саласындағы әртараптандыруға көшкен. Соңғы жылдары жоғары нәтижеге жетуді көздеген шаруашылық Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесе жұмыс атқаруда. 

Суды үнемдеуді көздеген шаруашылық өткен жылы 80 гектар жерге ылғал сақтағыш жаңа технологиямен бидай егіп, жоғары өнім алды. Ал, биыл қожалық мақсарының «Иирказ» тұқымын 600 гектар жерге орналастырған. Оған қоса, 5 гектар жерге 1200 түп алма екті. Бақта голден делишес, семерянко, старкримсон секілді сұранысқа ие сорттар бар. Сондай-ақ, заманауи технологиямен жүзеге асқан бақта 500 түп өрік пен 1000 түп қараөрік өсіп тұр.

Аквтерра гелі өңірімізге енді енген технология. Бұның 1 фракциясы өз көлемінен 400 есе үлкейтуге қауқарлы. Бұл өз кезегінде біздің климат үшін өте қолайлы. Себебі егістікке қажетті суды осы технолгияны қолдану арқылы жаңбырмен де беруге болады. Заманауи технолгияны қолдану арқылы егінді құрғақшылықтан қорғауға мүмкіндік туып отыр. Ал 5 гектарға жеміс-жидектен жылына 15-20 тоннадай өнім алудамыз. Жергілікті өнімге облыс пен ауданан да сұраныс жоғары. Алдағы уақытта әртараптандыру бағытындағы жұмыстарды жаңа технологиялар бойынша жүзеге асырып, егістік көлемін арттыратын боламыз, - деді «Пазылбек Қажы» шаруа қожалығы төрағасының орынбасары Ғалымжан Орынбасаров.

Жалпы, ауыл шаруашылығы – еліміздегі ең маңызды саланың бірі. Сондықтан, аграрлық секторға қатысты мәселелерді Президенттің өзінің жіті бақылауына алып отыр. Өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласын дамыту және өндірілген өнім көлемін арттыру мақсатында қарқынды жұмыстар әсте бәсеңсіген емес. Бұл жұмыстар алдағы уақытта өз жемісін беріп, бүгінгіден де жоғары жетістіктерге қол жеткіземіз деп сенеміз. «Көктемнің әр күні жылға азық» демекші, кетпенін сайлап, егіс даласына бет алған диқандардың ісі берекелі болсын. Жерге еткен еңбек, жерде қалмайды.
 

Тағы да оқыңыз: