Kyzylorda-news.kz  Жүйеге енгізілген ақпаратқа сүйеніп, тапсырманы жылдам әрі оңай орындайтын жасанды интеллектінің зияны туралы айтпаған, жазбаған адам жоқ. Кері әсерімен қатар пайдасын көріп жатқанымызды негізге алсақ, айтарымыз көп. Мәселен, сырбойылық 16 жастағы жас өнертапқыш QazaqGPT жобасы арқылы жасанды интеллектіні қазақша сөйлетті. Бұйрық берсең, сурет салады, дыбыстама жасайды. Бағдарламаға 300 мыңнан астам сөз бен 220 миллиардқа жуық ақпар енгізген. Бүгінде қолданушылар саны артуда. Бұл да бір белес. Алайда Асылжан Абдуллаев бұнымен тоқтамады. Ол «KazHydroTech» жобасын қолға алуда. Бұл жоба аймақтағы су ресурстарын басқару мен ауыл шаруашылығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

– Жыл сайын су жетіспеушілігі Орта Азияда геосаяси және геоэкологиялық мәселелерді туындатады. Барлығы судың тапшылығына әкелетін үлкен нонсенс. Проблеманы шешу мақсатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында жаңа AI жасауға кірістік. ЖИ орнатылған датчиктер судың мөлшері мен құрамына қарай мониторинг жүргізу арқылы 92% суды үнемдейді, – деді Асылжан Абдуллаев.

Жобада Израиль тәжірибесінен алынған тамшылатып суару әдісі қолданылады. Бұл тәсіл өсімдіктерді қажетті ылғалмен қамтамасыз ету арқылы суды пайдалануды оңтайландырады. Жасанды интеллект қосылған сенсорлар топырақ пен атмосфера жағдайын бақылайды, арнайы орнатылған параметрлерге сүйеніп жиналған деректер арқылы тиімді суару уақыты мен көлемі туралы шешім қабылдайды. Сонымен қатар технология тұрғысынан «KazHydroTech» жобасы ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы мен қоршаған ортаны қорғауда маңызды қадам.

Тағы да оқыңыз: